Accessibility links

Cтуденттер теміржолмен жол жүруге өздеріне жеңілдік сұрап отыр

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Наурыздың 15-і күні Алматыда студенттердің бастамашыл тобы “Студент каникулда 50 пайыз жеңілдікпен жолға шық” шарасын бастағандары жөнінде хабарлама таратты.

Аталған шараны Қазақстанның 37 жоғары және 14 орта кәсіптік оқу орындарының 5 мыңнан астам студенті қолдап отырғандығын айтқан студенттер “Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясаты туралы” заңының 6-бабының 5-тармақшасына сәйкес, мемлекеттік тапсырыспен білім алып жатқан студенттердің қысқы және жазғы каникул кезінде теміржол және қалааралық автомобиль көліктерінде жеңілдікпен жүруге құқылы екендігін алға тартады. Бұл заң нормасы 2005 жылдың 1-қаңтарынан бастап күшіне енсе де, Қазақстан үкіметі қажетті қаулыны қабылдамай отыр.

Бұған наразы студенттер қала ішіндегі қоғамдық көліктерде де студенттердің құқығы бұзылып келе жатқандығын, көптеген студенттер қысқы каникулда ауылдарына бара алмай отырғанын айтады.

Жалпы Қазақстан көлемінде басталған “Студент каникулда 50 пайыз жеңілдікпен жолға шық” шарасының мақсатын студент Нұржұма Ботайұлы түсіндірді:

- Ақпанның 18-інде республика президентінің халыққа жолдауынан кейін, республикалық бюджетті қайта қарап жатқандығын ескере отырып, біз осы жеңілдікке қажетті қаражатты бөледі деп сенеміз. Күндізгі бөлімде оқитын студенттерге қарастырылған жеңілдік жазғы және қысқы демалыс уақыттарында ауылдарына баруға және қайту кезінде жүзеге асырылуы керек деп есептейміз.

Студенттердің бастамашыл тобының бір мүшесі Біржан Бейсенбек Қазақстан ТМД елдері ішінде бірінші болып Ұлттық қор құрғанын еске салады:

- Ол қорда 5,5 миллиард доллардан астам қаржы бар. Елбасымыздың айтуынша, бұл қаржы болашаққа бөлінген. Болашақ біз - жастар. Сондықтан студенттердің демалыс уақыттарында 50 пайыздық жеңілдік берілуіне мүмкіндік жетеді.

Студенттердің бастамашыл тобы өз құқықтарының бұзылуына және заңдардың орындалмауына байланысты студенттердің жағдайын жақсартуға, каникул кезінде жол жүрудің барлық түріне 50 пайыздық жеңілдік көлемін белгілеуді талап етіп, президент Нұрсұлтан Назарбаевқа, прьемер-министр Даниал Ахметовке және парламент депуттарына үндеу жариялады.

Осы орайда біздер студент жастарға да сөз кезегін ұсынып көрген едік. Орал өңірінен келген Азамат қысқы каникулда ауылға бара алмапты.

- Қысқы демалыста ауылға бара алған жоқпын. Қаражаттың аздығынан жазғы демалыста бір-ақ барайын дедім. Оралға дейін поезбен 3 күн жүресің, ары-бері жолыма 7 мың теңге ақша кетеді. Студенттерге темір жолда жеңілдік қарастырылғанын білмейді екенмін.

Келесі өз пікірін білдірген жастар күнделікті қоғамдық көлікте құқықтарының бұзылып жататындығын айтты.

- 30 теңге жол ақысының жартысы 15 теңге. Ал автобуста бізден 15 теңгенің орнына 20 теңге алады. Сағат кешкі 10-нан кейін жол ақыны толық төлеңдер дейді. Төлемей қойсаң соңғы аялдамаға дейін апарып тастайды. Не жеткізбей түсіріп тастайды.

- Мен екі жылдан бері студентпін. Жол жүргенде ешқандай құқығым бұзылмайды. Жүргізушілерге қояр кінәм жоқ.

- Қысты күндері оқу орындарының аялдамасына автобустар тоқтамай өте шығады. Мініп болмай жатып, жүріп кетеді. Мұның бәрі заң бұзушылық.

Жастардың осы пікіріне орай, Алматы қалалық көлік департаментіне қоңырау шалғанымызбен, бұл мәселеге жауап беретін адам табылмады. Департамент бастығы Мәулен Шапанбаев орында жоқ болып шықты. Ал “Жоламан” жекеменшік автобекетінің қызметкері: “Көлікте жастар да заң бұзады. Біз жеке болғаннан соң олардан кешкі 8-ден кейін толық ақысын төлеуді талап етеміз. Жексенбі күні сабаққа бармайды. Осы мәселеде көбіне керісіп қала береміз” дейді.

Алматы көшелеріндегі автобус жүргізушісімен тілдескенімізде: “ Заң шеңберінде халыққа қызмет көрсетеміз. Студенттер өз жеңілдіктерін пайдаланады, Олардың неге көңілдері толмай жүргендерін білмеймін” дейді.

Ал, cтуденттердің бастамашыл тобы Үкіметтен 2005 жылғы ақпан-қаңтар айларында демалыс кезінде ауылдарына барып қайтқан және жеңілдікті пайдалана алмаған жастарға жол ақысы қаржысын қайтаруын сұрап отыр.

Олар осыған байланысты студенттерден теміржол және автомабиль көлігімен ауылына барып келген жол жүру билеттерін жинау үшін штаб құрып, жиналған билеттерді “Жастар саясаты туралы” заң бойынша жол жүруге берілетін жеңілдік ретінде қаражаттың бөлігін қайтару үшін биліктің атқарушы орындарына жібереміз дейді.
XS
SM
MD
LG