Accessibility links

«Қазақстан студенттері альянсы» республикалық қозғалысы құрылмақ


Сейсенбі күні Қазақстан астанасының жоғары оқу орнында оқитын бір топ студент жастар «Қазақстан студенттері альянсы» деп аталтын республикалық қозғалыс құратындықтары жөнінде мәлімдеді.

Жастардың пікірлерінше, студенттер өздерінің күштерін білім беру сапасын көтеруге, студенттер жатаханаларының жағдайын жақсартуға және жоғары оқу орнындағы парақорлықпен күресуге жұмсамақ. Алайда Қазақстандағы Отаншыл жастар ұйымының өкілдері мұны биліктің президент сайлауы алдындағы дайындығы деп отыр. Ал қатардағы студенттер болса «құрылып жатқан қозғалыстар, ұйымдар тарапынан ешқандай көмек көріп отырған жоқпыз» дейді.

«Қазақстан студенттері альянсы» республикалық қозғалысын құрушы бастамашыл топтың өкілі, Еуразиялық ұлттық университеттің студенті Ақсәуле Әлжанова қазіргі таңда жоғару оқу орнының ректорлары студенттер күшін тек өздерінің жеке мақсаттарына жұмсап отырғандығын айтады.

- Бұл альянс студенттердің нақты өмірдегі, қоғамдағы, студенттерінің проблемаларымен айналысады. Ректорлар үлкен мінберлерден өзара достастығы, келісім шарты, бірігіп жұмыс істеу турасында айтса, студенттердің нақты мәселелерімен, нақты проблемаларымен айналысатын ұйымдар аз, - дейді Ақсәуле Әлжанова.

«Қазақстан студенттерінің альянсы» республикалық қозғалысын құрушылар басты бағдарымыз - жоғары оқу орындарындағы жемқорлықпен күресу, білім деңгейін көтеру және студенттер тұратын жатаханалардың жағдайын жақсарту дейді. Олар осы бағытта Қазақстанның барлық аймақтарындағы студенттерді бірігуге шақырып отыр.

Негізінен бұл қозғалысты ұйымдастыруға бастама болып отырған Қазақстанның жастар конгресі екен. Ал Қазақстанның Отаншыл жастар ұйымы жастар конгресінің іс-әрекеттеріне сенімсіздікпен қарайды. Мысалы, Отаншыл жастар ұйымы төрағасының орынбасары Азамат Жетпібаевтың айтуынша, жастар саясатына бөлінген қаражаттың өзін Қазақстанның жастар конгресі тиімді пайдаланып отырған жоқ.

- Жастар конгресі арқылы жастар саясатын жүзеге асыруға бөлінген қаражат нақты қажетті салаларға жұмсалмағанын айтамыз. Өйткені олар жастарға бөлінген қаржыны КВН-дарға, «Астана аруы» секілді мәдени шараларға ғана жұмсап келді, - дейді Азамат Жетпібаев.

Отаншыл жастар ұйымының өкілі Азамат Жетпібаевтың айтуынша, «Қазақстанның студенттер альянсының» қозғалысы алдағы президент сайлауына дайындық болмақ. Азамат Жетпибаев болса, алдағы Президент сайлауында өздері жетекшілік етіп отырған Отаншыл жастар ұйымының Қазақстанның демократиялық күштерінің құрған «Әділетті Қазақстан үшін!» деп аталтын қозғалысқа кіріп, жұмыс істейтіндігін айтады.

«Қазақстан студенттерінің альянсы» деп аталатын қозғалыстың құрылып жатқанына байланысты Азаттық радиосы Астана студенттеріне микрофон ұсынған еді:

- Медициналық академияның 2-курс студентімін. Бүгінде қозғалыс, ұйымдар көптеп ашылып жатыр. Бірақ солардың бірі же жастар өмірімен араласып, жұмыс істеп жүрген жоқ деп ойлаймын. Мәселен біз тұрып жатқан жатаханада жағдай жоқ.

- Мен шынымды айтсам не деп айтарымды білмей тұрмын.

- Ондай ұйымдарға сенбеймін.
XS
SM
MD
LG