Accessibility links

Астанада дүниеге келетін әрбір сәби үшін ағаш отырғызылады

  • Айнагүл САҒДИ

Астана қаласының әкімі Өмірзақ Шүкеевтің шешімімен наурыздың 22-сінен бастап дүниеге келген әрбір сәбиге арналып көшет отырғызылмақшы. Әрбір отырғызылатын ағашқа ата-аналарының рұқсатымен баланың аты-жөні жазылған тақтайша ілінетін болады. Бұл бастаманы жас босанғалы отырған ата-аналардың дені құптап отыр.

Қалалық «Зеленстрой» коммуналдық кәсіпорнының мәліметіне қарағанда, бүгінде алғашқы туатын 20 сәбиге арналып отырғызылатын талдардың орындары дайын, оған қарағай ағашын отырғызу жоспарлануда.

Наурыздың 22-сі жер-дүниенің жаңарып, күн мен түннің теңелетін күні таңертең ертемен тұрып қолдарына кетпен-күректерін алып, тал егетін дәстүр болған. Осы дәстүрді жалғастыру мақсатында астана қаласының әкімі Өмірзақ Шүкеев Наурыздан бастап туған әрбір нәресте үшін ағаш отырғызу туралы шешім қабылдады.

Әр талға нәрестенің аты-жөні жазылып, сол отырғызылған ағашты баланың отбасы баптап-күтетін болады. Жас босанғалы отырған ата-аналардың дені бұл бастаманы құптап отыр. Астананың Гүлнұр есімді тұрғыны 1-ші нәрестесін күтіп отыр екен. Ол:

- Баламның атына ағаш егілетін болса, оның дұрыс өсуіне қамқор боламыз, барынша баптап-күтуге тырысамыз. Бір ағаш болсын, мың ағаш болсын олар өсіп өз жемісін беруі керек. Оны егіп, бірнеше жыл өткеннен кейін балама көрсетіп «Мына ағаш сенің ағашың, бұл да сенімен бірге туылды, бірге өсті» деп түсіндіріп, айтып отырамын, - дейді.

Айнагүл есімді ана дүниеге ұл бала келгенін қалайды екен. Ол егілетін ағашты өз баламыздай күтеміз дейді.

- Оны отбасымызбен өсіріп, бала сияқты күтіп, тәрбиелеп өсіреміз.

Ал дүниеге бірінші сәбиін әкелгелі отырған Сәуле баласының атына ағаш егілгенін қаламайтынын айтты. Ол ырымға сенгіш болғандықтан, ағаштың өсіп-өнуі баланың өсуіне әсер етеді деп есептейді.

- Ол шараға әрине қол ұшын берген дұрыс. Бірақ қазақ ырымшыл болғандықтан мен кесіп ештеңе айта алмаймын. «Ырым қырын кетеді», - дейді ғой, десе де мен қол бере алмайтын сияқтымын.

Ал Гүлжауһар есімді жас ана:

- Бала мен ағаштың өсуі бірдей, дұрыс мәпелеп, күтпесең ағаш та қисық өседі, сол себептен оған отырғызылған күннен бастап мән беру керек, - дейді.

«Зеленстрой» мемлекеттік коммуналдық мекемесі директорының 1-ші орынбасары Ерлан Нұралыұлы наурыздың 22-сі күні дүниеге келетін алғашқы 20 нәресте үшін отырғызылатын ағаш орындарының дайын тұрғандығын айтады. Ерлан Нұралыұлының айтуынша, алғашқы бетте қарағай ағашын отырғызу жоспарлануда.

- Осы жолы ескі мешіттің шарбағының ішіне 20 ағаш егіледі. Ол ағаштар наурыздың 22-сі күні дүниеге келген нәрестелерге арналады. Қазір ағаш егілетін орындар дайындалу үстінде.
XS
SM
MD
LG