Accessibility links

Жоғарғы сот Қазақстан аумағында тағы жеті діни ұйымның қызметіне тыйым салды


Қазақстан Жоғарғы сотының шешімімен тағы да жеті діни ұйым террористік деп танылып, Қазақстан аумағында олардың қызметіне тыйым салынды. Олар - «Асбат әл-Аңсар», «Мұсылман бауырлар», «Боз гурд», «Орталық Азия можахедтерінің жааматы», «Лашкар-и Тайба» және «Кувейттің әлеуметтік реформалар қоғамы».

Сөйтіп, бүгінгі таңда Қазақстанда қызметіне ресми түрде тыйым салынған діни ұйымдардың ұзын саны 11-ге жетті.

Өткен жылы қарашада Қазақстан бас прокуратурасының өтінішімен Жоғарғы сот «Әл-Қаида», «Шығыс Түркістанның ислам партиясы», «Күрдтердің халық партиясы» және «Өзбекстанның ислам қозғалысы» сияқты ұйымдарды "террористік ұйымдар" деп танып, ел аумағында олардың қызметтеріне тыйым салған болатын. Бас прокуратураның баспасөз хатшысы Сәулебек Жәмкенұлының айтуынша, осылардың қатарына енді тағы жеті ұйым қосылды.

Наурыздың 15-і күні кешке жабық есік жағдайында өткізілген Жоғарғы соттың шешімін жариялаған сот төрешісі Бақытжан Жақыповтың айтуынша, алдын ала жүргізілген зерттеу нәтижесінде аталмыш ұйымдардың жарғысында көрсетілген қызметтері Қазақстанның конституциялық заңдары мен халықаралық шарттарына қайшы келетіндігі анықталған.

- Елде 3700 діни бірлестік бар. Олардың 1700 исламияға жатады. Оның 1100-і ресми тіркелген болса, алты жүзінің қандай іспен шұғылданып жатқанынан ресми орындар бейхабар. Көпшілгінің негізгі мақсаты - жастарды қатарына көптеп тарту болып отыр, - дейді Қазақстан қажылары қауымдастығының төрағасы Марат Сәрсенбаев.

Қазақстандағы адам құқы жөніндегі бюроның директоры Евгений Жовтис жоғарыда аталған жеті діни ұйымның қызметіне тыйым салуға жеткілікті негіз жоқ деп санайды. Ол президенттік сайлау қарсаңында терроризм мен экстремизмге қарсы күрес және ұлттық қауіпсіздікті қорғау желеуімен азаматтардың еркіндігі мен саяси құқықтарын шектеу күшейіп келеді деген пікірде.

Ал, Қазақстан қажылары қауымдастығының төрағасы Марат Сәрсенбаев конституцияның 5-ші бабына өзгеріс енгізіп, діни ұйымдарды құрушылар қатары Қазақстандағыдай он адам емес, Түркіменстандағыдай 500 адамға жетуін, не болмаса Әзербайжан республикасындағыдай ислам және православ секілді екі діни ұйымды ғана қалдыру қажет деп отыр.

Қазақстан бас прокуратурасының баспасөз хатшысы Сәулебек Жәмкенұлы бұған дейін аталған ұйымдардың барлығына Ресей, АҚШ, Түркия, Өзбекстан, Пәкстан мемлекеттерінде террористік ұйымдар ретінде тыйым салынғанын айтады.
XS
SM
MD
LG