Accessibility links

Мәжіліс депутаттары «Эйр Астанаға» балама әуе компаниясы болғанын қалайды


Қазақстанда «Эйр Астана» әуе компаниясына балама әуе компаниялары болу керектігін айтып парламент депутаттары үкіметке талап қойып отыр. Олар «Эйр Астана» әуе компаниясының қызмет көрсету деңгейі халықаралық талаптарға сай келмейді дейді.

Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Зейнолла Алшымбаев Қазақстандағы жалғыз әуе компания «Эйр Астананың» қызмет көрсетуі көңілден шықпайтынын айтып, Үкімет басшысы Даниял Ахметовтің атына арнайы хат жолдады.

- Ақпанның 24-күні екі депутат мен және Шардабаев мырза екеуміз қызмет сапарымен ұшатын болғанбыз. Біздің түс қайта ұшатын ұшағымыз түнгі сағат 4-ке дейін кейінге қалдырды. Ауа-райы өте жақсы болды. Оған ешқандай кедергі жоқ. Ал әуежайдың терминалында қаншама адам қиындық көріп отыр. Артынан біздің білгеніміз біз ұшуға тиісті ұшақ Алматыға ұшып кеткен, - дейді депутат Зейнолла Алшымбаев.

Оның көтеріп отырған мәселесін мәжіліс депутаты Амалбек Тшанов та қолдайды.

- "Эйр Астананың" қазіргі жасап отырған шаруаларының барлығы ешбір заңға симайды. Билет алайын десең, тек қымбат бағадағы бизнес класқа ғана бар дейді. Ал ұшаққа мінсеңіз, ішінің барлығы бос, - дейді Амалбек Тшанов.

Ал депутат Тоқтар Әубәкіров болса, Қазақстандағы ұлттық деңгейдегі жалғыз әуе компаниясын шетелдіктердің қолына беріп қою дұрыс емес деп санайды. Ол сонымен қатар таяуда ғана құрылыс жұмысы аяқталып, ресми түрде тұсауы кесілген Астана халықаралық әуежайын да «Эйр Астананың» қарамағына беріп қоюын қуаттамайды.

Осылайша мәжіліс депутаттары келесі отырыстарында көлік және коммуникация министрін шақырып, «Эйр Астана» әуе компаниясының мәселесін қарауды қолға алып отыр. Олардың ойынша, Қазақстанда баламалы әуе компаниялары жұмыс істеу керек. «Бәсеке болған жағдайда ғана ұшақ фирмалары тұтынушыға адал қызмет көрсетеді» дейді мәжіліс депутаттары.

Өткен жылдың басында «Эйр Қазақстан» әуе компаниясы бәсекеге шыдай алмады деп, банкроттық жағдайда жабылған болатын. Екінші шақырылымдағы мәжіліс депутаттары бұл мәселенің анық-қанығына жету үшін арнайы комиссия құрған еді. Сол комиссияның құрамында болған бұрынғы депутат Төлен Тоқтасыновтан комиссияның жұмысы немен аяқталғаны жөнінде сұраған едік.

- Ол комиссияны Жазбек Әбдиев басқарған болатын. Ешқандай нәтижесі болған жоқ. Себебі, комиссия көлік және коммуникация министрлігінің шешімін дұрыс деп шешті. Сондықтан комиссия мүшелері оған қол қойды. Бірақ депутат Серікбай Әлібаев екеуміз оған қол қойған жоқпыз, - деді Төлен Тоқтасынов.

Төлен Тоқтасыновтың пікірінше, «Эйр Астана» әуе компаниясына бәсеке тудырмай отырған Қазақстан президентінің өзі.

- Жасыратын ештеңе жоқ, елбасының тапсырмасымен жасалып жатыр. Оның ешқандай экономикаға не болмаса Астананың өрлеуіне қатысы жоқ, - дейді экс-депутат Төлен Тоқтасынов.

Ал көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз хатшысы Қайырбек Сәдуақасовтың айтуынша, бүгінгі таңда ешбір әуе компаниялары бәсекеге шыдай алмай отыр.

- "Эйр Қазақстан" ол өзі құлдырады. Жаңа ұшақ сатып алатын күйі болмайтын болса, қазіргі бәсекеге шыдамайды ғой. Бізге қандай ұшақ болмасын әйтеуір уақытында жеткізсе болды емес пе?! - дейді Қайырбек Сәдуақасов.

Бірақ мәжіліс депутаты Владимир Бобровтың сөзіне қарағанда, өткен жылы банкротқа ұшырады деп танылған «Эйр Қазақстанның» қайта жандануына мүмкіндігі бар екен. Оның айтуынша, «Эйр Қазақстанның» қазірде бірнеше жеке ұшақтары бос тұр. Сонымен қатар олардың ұшқыштары да қазір жұмыссыз отырғанға ұқсайды.

Ал жоғарыдағы мәжіліс депутаттарының ұшаққа билет жоқ дегеніне байланысты, «Эйр Астананың» кассасына хабарласқанымызда төмендегідей жауап алдық:

- Алматыға билет бар ма екен?

- Бар.

- Бағасы қанша тұрады?

- Эконом-класқа 20328 теңге тұрады.

Тағы бір айта кететін жайт, «Эйр Астана» әуе компаниясының бас мекемесі Алматыға қоныс аударған екен. Аталған компанияның Астанадағы өкілінің айтуынша, билет бағасының қымбаттауына олар жауап бермейді. «Эйр Астана» жабық акционерлік қоғамының 51 пайыз акция пакеті Қазақстан үкіметінің иелегінде, ал қалған 49 акциясына британдық BAE systems компаниясы иелік етеді.
XS
SM
MD
LG