Accessibility links

Парламент депутаты өзіне өзі мерт еткен студенттің өліміне кінәлілерді анықтауды сұрайды

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ

Мәжілісі депутаты Серік Әбдірахманов Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік университеттің студенті Айнұр Әзімжанованың өзіне қол жұмсап, мерт болуына факультет деканының қатысы болуы мүмкін екені туралы мәлімдеме жасады.

Наурыздың 16-ы күні парламент мәжілісінің депутаты Серік Әбдірахманов президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атына хат жолдады. Депутат хатында Алматы қаласындағы Абай атындағы мемлекеттік университеттің халықаралық туризм факультетінің екінші курс студенті болған Айнұр Әзімжанованың ақпанның 9-ы күні өзіне қол жұмсап, өмірмен қоштасқанын айтады. Депутаттың айтуынша, студенттің соңына қалдырған қоштасу хатында мұндай іске баруын денсаулығына байланысты кідіріп, тапсыра алмай қалған емтихандарын тапсыру үшін сұраған жолдамасына аталған факультеттің деканы Еркін Тазабекованың 20 мың теңге пара сұрап бірнеше айлар бойы сарсылтқаны жазылыпты.

Депутат Серік Әбдірахманов Айнұр Әзімжанованы ата-анасы ақылы оқуға түсіргенін айтады. Алматы облысы Райымбек ауданына қарасты Кеген ауылында тұратын марқұмның анасы Жаңыл Нұрбекова қызының 2003 жылы аталған университеттің халықаралық туризм факультетіне өз балы бойынша ақылы бөлімге оқуға түскенін, сөйтіп, 750 доллар төлейтін болып, келісім-шартқа отырғандарын айтады.

- Қызым оқып жүрген. Көктемгі сессиясында емтиханнан қарызы болған. Соған декан сегіз айдан бері тапсыруға жолдама бермеген, 20 мың теңге пара сұраған дейді.

Жаңыл Нұрбекова қызы Айнұрдың жездесін деканға ертіп барып сөйлеспек болғандарын, алайда, деканның "қыздың өзін шақыр" деп күйеу баласымен сөйлесуге ықлассыз болғанын айтады. Марқұмның анасы аталған оқиға бойынша университет ректорына шағым жазған.

- Ал, декан Тазабековаға барып жолыққанымда, ол жөндеп сөйлескісі келмеді, - дейді ол.

Халықаралық туризм факультетінің деканы Еркін Тазабекова бұл айыптауларды жоққы шығарып отыр.

- Cөз болып отырған қыз бойынша бізде барлық құжаттар бар. Ол жазғы, қысқы сессияны тапсырған жоқ. Біз оның тапсыруы үшін жолдама жазып бердік. Ол деканатқа оқытушылардың жалған қолы қойылған жолдама тапсырды. Өзі барлық оқытушының қолын қойған. Мен оған ата-анаңды шақырт дедім. Болғаны осы. Одан кейін мен оны көрген жоқпын. Сосын олар келіп, оның асылып қалғанын айтты, - дейді декан Еркін Тазабекова ханым.

Ол 20 мың пара жөніндегі жайтты да жалған деп отыр.

- Мен сөйлескенде қасымда куәгерлер болды. Оның үстіне мен бұған дейін оны оқудан шығарғаным жоқ қой, - дейді Еркін Тазабекова ханым.
XS
SM
MD
LG