Accessibility links

Парақорлық Қазақстанның білім беру саласындағы өзекті проблемаға айналып отыр

  • Ғазиз МЕДЕТ

«Қазақстан ұлттық тұтынушылар» лигасының төрайымы Светлана Савченконың дерегі бойынша, білім беру сапасына көңілі толмай жүрген отандық студенттер көп. Бірақ олар заң орындарына шағымданудан тайсалады. Өйткені, студенттер оқуын одан әрі жалғастыру мүмкіндігінен айрылудан қорқады дейді ол.

Алматыдағы мемлекеттік әрі жекеменшік жоғарғы оқу орындарының бірқатар студенттері білім мекемелерінде парақорлықтың әлі де тиылмай отырғандығын айтып отыр. Бірақ, Азаттық радиосына сұхбат берушілер өз аты-жөндерін толық атамауды өтінді. Мәселен, өзі оқитын білім ошағында сынақ пен емтихан тапсырудың қалыптасқан құны жайлы келешек мұнай құбырын салу маманы Ерлан былай дейді:

- Мәселен, тапсыратын пәннің оңай, қиыны бар. Қиыны қымбат тұрады. Сынақтан өту үшін ең кемі 500 теңге беруің керек. Өзге «мықты» деген институттарда біздікінен екі есе көп ақша бересің. Параны қыздар да, ұлдар да береді. Ең бастысы, ақшаң болуы керек.

«Қазақстан ұлттық тұтынушылар» лигасының төрайымы Светлана Савченко жоғары білім беру орындарының білім сапасына көңілі толмайтын студенттердің көптігін айтады. Ақшасын төлеп оқитындардың білімге зәру тұтынушы ретінде құқықтарын қорғауды талап ететіндіктерін де сөз етеді. Дегенмен, сөзден іске көшкенде жәбір көрдік дегендер өздері ат тонын ала қашады деп отыр:

- Бізге хабарласқандардың байланыс телефондары жоқ. Олар сотқа шағымдануға қорқады. Өйткені, әрі қарай алаңсыз оқуы керек. Ал, арыз-шағым АГУ-да Қазақ ұлттық педагогика университеті) оқитындардан жиі түседі.

Ұстаздық етуді қалап алған Ернат мұғалімдерді пара алуға мәжбүрлейтін жалқау студенттердің өзі кінәлі деп есептейді. Ал, сабағын мұқият оқитындарға төнер қауіп жоқтығын айтады:

- Пара беретіндер - сабақ оқымайтындары ғой. Біліп тұрсаң, мұғалім қалай жақсы баға қоймауы тиіс.

Жатақханада бала-шағасымен тұратын студент - Әділ, парақорлықты бастаған алдымен ұстаздар деп кесіп айтады:

- Беретіндер көп. Кемі 500 теңгеден басталады. Біліп тұрсаң да, ақша бер деп кейбірі сұрайды.

Жоғары оқу орындарында парақорлықты тыюдың жаңа амалы, әрі студенттің білімін әділ бағалаудың жолы – емтиханды компьтерлік тестілеу арқылы өткізу. Мұхаметжан Тынышпаев атындағы көлік және коммуникация академиясының проректоры Шолпан Жаманбалаева осы әдіс іске асқалы бері, пара беру мүмкіндігі тоқтады дейді:

- Пара беру проблемасы барлық жоғарғы оқу орындарында бар. Бір жерде өршіп тұруы мүмкін. Әр жерде әр қалай. Ал, оны тоқтату жолын біз компьютерлік тест арқылы шешпекшіміз. Оқушы білімін сынайтын адам емес, техника болмақ.

Мұндай әдістің озат студенттерге берер көмегін осы білім мекемесінің студенті Бота да растап отыр. Бұл әдіс студенттің де мұғалімнің де емтиханға әзірлену уақытын үнемдейді дейді. Оның сыртында өзіңе жақпай қалған ұстаздармен кездесу қажетін шектейтіндігін айтады.

- Тест деген жақсы. Мұғалім алдында отырып, сасқалақтамайсың. Тапсырда, жүре бер. Ыңғайлы.

Ал, Әль-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Дәурен мұндай тесттерге сенбейді. Тест жауаптарының қорытындысына сәулет және құрылыс академиясының студенті Ержан да күмәнмен қарайтындығын айтады.

- Біздің академияда, компьютерді жетік білетін орыс студенттерімен бірге, қазақ балалары да бар. Олар компьютерден айла асырудың небір жолдарын біледі. Олар емтиханға дайындалмай-ақ, жақсы баға алатын болады.

Азаттық радиосына сұхбат берушілер жоғарғы оқу орындарында парақорлықты тыюдың жалғыз жолы - ұстаздардың айлық жалақысын көбейту деп есептейді.

Бірақ, бұл іс-шара оқу жарнасын көбейту арқылы іске аспау керектігін айтады. Ал, Қазақстан жастар одағының ресми дерегі бойынша, Қазақстандағы жоғарғы оқу орындарында оқитын студенттердің саны 2004-2005 жылғы оқу маусымында 774 мың адамға жеткен.
XS
SM
MD
LG