Accessibility links

Өзбек астанасында жылжымайтын мүлік базарының сәні келмей тұр

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Өзбекстан астанасында екі жарым миллион адам тұрады. Орта Азиядағы үлкен қалалардың бірі Тәшкентте мүлік бизнесі алға баспай тұр. Қозғалмайтын мүлік секторы жұмысын алға жылжыту мақсатында өзбек өкіметі азаматтарға ипотека, яғни мүлік сатып алуға несие ақша беру жөнінде шешім шығарған еді.

25 миллион халқы бар Өзбекстан - мұнай, табиғи газ, мақта және басқа да минералдық табиғи қазба байлықтарына ие ел. Алайда ел өкіметінің солақай саясаты кесірінен шетелдік инвестициялар бұл мемлекеттен алыстап кеткен. Демек, кезінде осы елде өз кеңселерін ашқан ірі компаниялар қоныс аударып кетті.

Батыс компанияларының біразы Қазақстанның коммерциялық астанасы Алматыға барып қоныс тепкен. Осының нәтижесі ретінде Ташкенде жылжымайтын мүлік бизнесі баяулап қалды. Оның себебі, жоғарыда айтқанымыздай, шетелдік компаниялар көрші мемлекеттерге көшіп кеткендіктен, өзбек астанасында кеңсе үшін, тұрғын үй ретінде жалға ғимарат іздеп жүрген шетелдіктер саны қатты азайып кеткен. Халықаралық қаржы қоры, Еуропалық қайта құру және даму банкі өкілдерінің айтуынша, ТМД аймағында, жан басына шаққанда, шетелдік инвестицияға ең аз ие болған ел - осы Өзбекстан.

Ақпан айының соңында Өзбекстан өкіметі қозғалмайтын мүлік сатып алушыларға несие беру жөнінде қарар қабылдаған болатын. Ташкент мемлекеттік экономикалық университетінің профессоры Иброхим Хакимов бұл қарар жөнінде өз ойын Азаттық радиосына былай білдірген болатын:

“Ипотека жөніндегі өкімет шешімі уақытылы қабылданып отыр. Себебі, экономиканың бір саласына несие беру, әдетте тұтас экономиканың жандануына әкеледі. Өзбек экономикасы үшін инвестиция берудің де осындай әсері болар. Бұл- ынталандыру ретінде әсер етпек. Себебі, халықтың жылжымайтын мүліктерді сатып алуға деген ынтасы зор. Алайда олардың сатып алу қабілеті сол ынталарынан төмен жатыр”.

Дегенмен, елдің сол несие алуға деген әзірлігі туралы айта қою қиын. Себебі, айлық кешіктіріліп қолға тиеді. Төлемақы тәртібі - төмен. Сондай-ақ жұмыссыздық пен инфляция да бір жағынан құрсауына алған. Осындай жағдайда үй сатып алушылар несиелерін өтеп шыға ала ма? Сатып алушылардың қайтарып жатқан проценттері, қарқынды инфляция жағдайында, банк үшін пайда әкеле ала ма?

Замин атты жеке банк төрағасы орынбасары Туйгун Абдуллаевтің айтуынша, көршілес Қазақстан, Ресей сияқты елдерде несие алған тұрғындар оны дер кезінде өтей алмаған. Сондықтан да, дейді Абдуллаев, Замин банкі несиені 15 жылға бес пайыздық өсіммен беріп отыр. Осы банк қызметкерінің айтуынша, ақпан айында өкімет тарапынан қабылданған қарар ипотека әлеміне тым аз мөлшерде әсер етуі мүмкін.

Мемлекеттік ұйымдар, оның ішінде мемлекеттік меншіктегі банкілер де бар, ипотека саясатын түсіндіріп, оны одан әрі өрістету бағытында бірлесе жұмыс атқаруда. Алайда бұл сектор жұмысын жүргізу Өзбекстан үшін оңайға түспейді, дейді Азаттық радиосының тілшісі Гүлноза Сайдазимова.

Тіпті азаматтар үй сатып алу үшін қарызға батуға болады, деп тәуекелге барған күнде де, несие туралы саясатты жергілікті немесе мемлекеттік ресми өкілдердің қалам ұшымен бір түртуі арқылы-ақ жоққа шығармасына олардың сенімдері шамалы болып отыр.
XS
SM
MD
LG