Accessibility links

Бас прокуратура «Хизб ут-Тахрир» ұйымын экстремистік деп тануды сұрайды

  • Ескендір ЕРТАЙ

Қазақстанда тағы да бір халықаралық діни ұйымның қызметі тоқтатылуы мүмкін. Бас прокурор Рашид Түсіпбеков Астана қалалық сотына «Хизб ут Тахрир» ұйымын экстремистік құрылым деп танып, оның қызметіне Қазақстан аумағында тыйым салу жөнінде өтініш түсірді.

Қазақстанда «Экстремизмге қарсы іс-әрекеттер туралы» заңның күшіне енуіне орай бас прокурор Рашид Түсіпбеков Астана қалалық сотына халықаралық «Хизб-ут-Тахрир» діни ұйымын экстремистік деп танып Қазақстан аумағында оның қызметіне тиым салу жөнінде өтініш білдірді. Бас прокуратураның баспасөз хатшысы Сәулебек Жәмкенұлының айтуынша, аталған құрылымның іс-әрекеті Қазақстан аумағында алғаш рет 1998 жылы тіркелген.

Астана орталық мешітінің найб имамы Махмұд Әнуардың айтуынша, совет өкіметінің бұғауынан құтылған Қазақстандағы діни кеңістікті егемендіктің алғашқы жылдары миссионерлер тиімді пайдаланды. «Хизб ут-Тахрир» діни ағымы Еуропада пайда болды деп отыр. Бас прокуратураның баспасөз хатшысы Сәулебек Жәмкенұлы «Хизб ут-Тахрирдің» тарихы жөнінде екі болжамды келтірді. Оның бірінде 1953 жылы Сирияда шейх Тахиитдин Набхони құрған, екіншісі Иерусалимде құрылған делінеді.

Дінтанушы Мұртаза Бұлұтай болса, шетелден еніп жатқан діни ағымдардың өз мақсаттарын жүзеге асыру үшін көбіне кәмелетке жетпеген жастарды қатарына тартатындығын айтып отыр. «Қағанат» ғылыми орталығының басшысы дінтанушы Бейбіт Сапаралы: «Бұрын аймақтарда көрініс берген Ислам қағанатын құру идеясына құлақ түрушілер қатары көбейе түсіп, соңғы кезде «Хизб ут-Тахрирді» қолдаушылар ашық әрекеттерге бара бастады», - дейді. Бас прокуратураның баспасөз хатшысы Сәулебек Жәмкенұлының айтуынша «Хизб ут-Тахрир» діни ұйымының қазіргі әс-әрекеті - Қазақстанның конституциялық құрылымын өзгертуге бағытталып отыр.

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметіне қарағанда, ақпан айының өзінде ғана Көкшетау қаласында «Хизб ут-Тахрир» ұйымының 6 мүшесі бес жылға бас бостандықтарынан айрылған. Олардың үшеуі қылмысын шартты түрде өтейтін болса, кәмелетке толмаған бірі әкімшілік жазаға тартылған.

Сотталғандар негізінен кәмелетке толмаған жастар арасында үгіт жүргізіп, аталынған ұйымның қатарына тартпақ болған.
XS
SM
MD
LG