Accessibility links

Шетелде оқығысы келетін жастар үшін Алматыда білім жәрмеңкесі өтіп жатыр

  • Ғазиз МЕДЕТ

Мемлекет күшімен шетелге тегін оқуға жіберілетін жастар саны биыл 3 мыңға жетпек. Қазақстанның білім және ғылым министрлігінің мәліметі бойынша, «Болашақ» бағдарламасы арқылы сырт елдің жоғарғы оқу орындарына баратын үміткерлер тізімін жасақтау жоспары сәуір айының басында бекітіледі.

Шетелде тегін бала оқытудың тағы бір жолын бүгін Алматыда осымен алтыншы мәрте шетелдің халықаралық білім беру мекемелері ұсынып отыр. Екі күн жұмыс істейтін «шетелде білім алу» деп аталатын халықаралық білім жәрмеңкесіне қатысушылар, жастар үшін грант негізінде, яғни тегін жолмен шетелде білім алу әдістерінің жай-жапсарын насихаттап жатыр.

Шетелдің жоғарғы оқу орындарында білім алуға бел буған талапты жастарға қойылар шарттар әртүрлі. Талапкерлердің қаперіне сала кетейік, алдымен Қазақстан азаматы болуыңыз керек, лаж болса, баратын елдің тілінде емін-еркін сөйлегеніңіз абзал. Шетелде білім алуға үгіттейтіндердің айтуынша, көбіне-көп ағылшын тіліне жетік болғаныңыз ескеріледі. Студент Тұрсынбек Ерназаров Европа мен АҚШ-тың білім беру орындарына барып оқуды қалайтын жастар саны көбейіп барады, дейді. Ал, оның себебін ол былай түсіндіреді:

- АҚШ – тың білім беру жүйесі нашар деп ешкім айта алмайды. Экономикасы мықты елде оқыған жақсы. Оның сыртында Америкада оқығанның көмегі келешекте бәрі бір болады.

Мұнай-газ саласына қажетті мамандар қазір Ұлыбританияның жоғарғы оқу орындарына түсуге жанталасады. Техника саласына көңілі ауған білікті жастар халықаралық магистратураны меңгеру үшін: еңбек кітапшасы, тіл меңгеру дәрежесін айғақтайтын «TOEFL» «IELTS»-тің анықтама хатын, жоғарғы оқу орнын тәмәдәу туралы куәлігін, төлқұжаттың көшірмесін, резюменің 2 данасын әзірлеуі керек:

- Құжаттар толық жиналған соң, қазақ-британ техникалық университетіне хабарласады. Біз ол құжаттарды Ұлыбританияға жібереміз. Қазіргі күні мұнай саласын меңгергісі келетін 20 шақты адам өз арызын өткізді. Қазақ ұлттық университетінің екінші курс студенті Әмірхан Темірбаев физика ғылымын қаузасам дейді. Ол бұл ілімнің бүге-шігесін Италиядан оқып, үйренуді армандайды:

- Италияда ядролық физика соңғы жылдары жылдам дамып кетті. Қазақстан уран қоры жағынан әлемде үшінші орында. Италиядан үйренері көп. Ал, біз қолымыздағы дүниені ұқсата алмай отырмыз.

Жоғарғы оқу орындарын тәмәмдаған жастарға келер болсақ, құжат әзірлеуден тыс тағы бір шарт қойылады. Ол, жұмыс істеу қабілетіңізді айқындайтын кәсіби біліктілік. Яғни, кемі үш жылға жуық мамандығыңыз бойынша жұмыс істеуіңіз керек. Бірақ, бұл талапты ескерсек, атажұртқа көшіп келген оралман жастардың білімін шыңдау мүмкіндігін шектейді екен. Бұл жайлы Тұрар Рысқұлов атындағы экономикалық университеттің студенті Айбол Дутанұлы былай дейді.

- Кемі үш жыл жұмыс істеуің керек деген шартты бізге орындау қиын. Ішімізде Қытайда он жыл жұмыс істеген тәжірибелі мамандар бар. Қазақстан азаматтығын ресми түрде енді алып жатқандарға да қиын болды.

Оралман жастардың мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасымен барып оқитын жастар тізіміне іліну мүмкіндігі жайлы тағы бір студент Оңдасын Әбдірахман былайша ой қорытады:

- Біздің арамызда ағылшын тілін білетіндер бар. «Болашаққа» ілінейік десек, Қазақстан «школдарын» бітірмегендер бармайды дейді.

Қазір қазақ жастары қауқарына қарай, төрткүл дүниенің жер-жерінде білім алып жатыр. Озық технологияларды меңгергісі келетіндер әсте, АҚШ, Батыс Европа, Қытай, Жапон елдерінде білімін жетілдіреді. Ал, өнер жолын қуған жастар үшін машық болар оқу түрлері өте аз. Дегенмен, бишілер үшін Үнді еліне барып оқу мүмкіндігі туып отыр. Ол жайлы, Қазақстандағы Үнді елшілігінің мәдени орталығының қызметкері Нұргүл Дайрабаева былай дейді.

- Қазақстан азаматтары ғана біздің бағдарламамен барып, оқи алады. Дәріс ағылшын тілінде жүреді. Ол елде халықаралық қатынастар, менеджмент, экономика негізі терең оқиды. Оның сыртында үндінің би өнеріне қызғатын жастар саны көп. Үндістанда оқып жатқан студенттер саны 105-ке жетті.

Шетелде білім алудың әдіс-амалдарын толық білгісі келетін жастарға құлаққағыс, Алматыдағы «Достық үйінде» өткізіліп жатқан жәрмеңке наурыздың 19-күні, соңғы күн істейді.
XS
SM
MD
LG