Accessibility links

Баспасөзге шолу. 19 наурыз 2005 жыл

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Апта соңында жарық көрген басылымдарда “Ақ жол” партиясының екіге айырылуына қандай себептердің мұрындық болғандығына байланысты сараптамалық мақалалар жарық көріпті. Кейбір тәуелсіз басылымдардың хабарлауынша, партия басындағы бөліну ауылдағы бөлімшелерде де жүріп жатқан көрінеді.

“Жас қазақ” басылымында жарық көрген Төлен Тілеубай мен Еренғайып Қуатайұлының сараптама мақалаларында “Ақ жол” партиясының екіге айырылуы өткен аптаның ең үлкен жаңалығы ретінде бағаланып, қарапайым халықтың екіге айырылған партияның қайсысы нағыз, ал қайсысы жалған екендігін ажырата алмай қалғандығы айтылыпты.

“Ақ жол” партиясының тең төрағасы Болат Әбіловтың айтуынша, осыдан біраз уақыт бұрын партияның бір игі шарасын Астанада өткізуге талпыныс жасалғанда, билік тарапынан рұқсат берілмей қойған. Сол себептен де Болат Әбілов “Ақ жол” партиясының Әлихан Бәйменов бастаған тобының Астанада емін-еркін құрылтай өткізуі биліктің ықпалымен жасалып отыр деген қорытынды жасапты.

Ал, “Ақ жол” партиясының белсенді мүшелерінің бірі Жасарал Қуанышәлиннің есебінше Астанада құрылтай өткізу үшін кемінде 40 миллион теңге қажет екен. Газет тілшісінің айтуынша, “Ақ жол” партиясының тең төрағалары Әлихан Бәйменовтың мұндай қыруар ақшаны қайдан тапқанын білмей таң қалып отырған көрінеді.

Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, партия басындағы бөліну ауылдағы бөлімшелерде де жалғасын тауыпты. Апта барысында партия қатарында орын алған оқиғаларды сараптай келе мақала авторы адамдар “Ақ жолға” тек идея үшін ғана емес, тамыр-таныстық жолмен де мүше болған деген қорытынды жасапты.

“Жас қазақ үні” атты басылымда жарық көрген Абдолла Дастановтың мақаласында қазіргі кезде тәуелсіз басылымдардың Әлихан Бәйменовты сынап жатқандығы сөз болып, бұл айыптаулардың қисыны келмейді деген тұжырым жасалыныпты.

Мақала авторының айтуынша, бүгін Әлихан Бәйменовты “билікке қайта барғысы келеді” дейтін пікірді айтып, әйтпесе айтқызып жүрген Алтынбек Сәрсенбайұлы, Ораз Жандосов “Ақ жолдың” тең төрағалары бола жүріп, Астана жаққа бірер мәрте барып келген адамдар.

Қазақстан Президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев “Литер” және “Айқын” басылымдарына берген сұхбатында президент әкімшілігінің “Ақ жол” партиясының жікке бөлінуіне айрықша ықылас аудармағандығын тілге тиек етіпті.

Сондай-ақ ол жікке бөлінудің сөзсіз болатынын өткен жылдың сәуір айында журналист Асхат Шәріпжановқа берген сұхбатында сөз қылғандығын хабарлапты. Ермұхамет Ертісбаевтың пікірінше, Әлихан Бәйменов таяу қалған президенттік сайлауда Назарбаевты жеңудің мүмкін еместігін түсінгендіктен, өткір және ұзақмерзімдік тактика ұстанып отыр.

“Қысқасын айтқанда Әлихан Бәйменов, стратегиялық жағынан өте сауатты, өз әріптестеріне қарағанда тактикалық жағынан мықты болып шықты” дейді Қазақстан президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев “Литер” және “Айқын” басылымдарына берген сұхбатында.

“Республика” басылымында жарық көрген Мұхаметжан Әділовтың мақаласында “Ақ жол” партиясының кезектен тыс өткен V құрылтайынан кейін, Әлихан Бәйменов және Людмила Жулановамен Назарбаевтың маңындағы саяси технологтардың жақсы жұмыс жасағандығы анық аңғарылып қалды деген қорытынды жасалыныпты.

Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, Қазақстандағы оппозицияны тұншықтара алмаған билік ендігі уақытта жалған оппозиция жасау арқылы Қазақстанда демократияның бар екендігін көрсетуге тырысып отыр. Мақала авторы осылайша билік таразының бір жағына өз позициясын қорғайтын “Отан”, “Аграрлық” және “Азаматтық”, ал екінші жағына өзінің ықпалымен құрылған Владислав Косарев бастаған “Қазақстан халықтық коммунистік” және Әлихан Бәйменов бастаған “Ақ жол” партиясын шығарып, өз ұпайын түгендеп алмақшы деп есептейді.

Газет тілшісінің сараптамасына сүйенетін болсақ, алдағы уақытта Алтынбек Сәрсенбайұлы, Ораз Жандосов, Болат Әбіловтерге жаңа саяси бірлестік құруға билік тарапынан түрлі кедергілер жасалады. Сондай-ақ мақала авторы алдағы уақытта Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз мұрагері ретінде Әлихан Бәйменовтың таңдауы мүмкін деген болжам жасапты.

“Ақ жол” партиясы тең төрағаларының бірі Людмила Жуланова “Central Asia Monitor” басылымына берген сұхбатында Болат Әбілов, Ораз Жандосов, Алтынбек Сәрсенбайұлының өткізілген құрылтайды заңсыз деп мәлімдеулерінің қисынсыз екендігін хабарлапты. Людмила Жуланованың айтуынша, партия құрылтайына барлық аймақтан делегаттар қатысқан.

Сондай-ақ “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Людмила Жуланова газет тілшісіне берген сұхбатында Болат Әбілов, Алтынбек Сәрсенбайұлы, Ораз Жандосовтың Алматыда өткізген республикалық конференциясын заңсыз деп танитындығын мәлімдепті.

“Жас Алаш” басылымының сенбі күнгі санында жарияланған жаңадан құрылған “Әділетті Қазақстан” демократиялық жалпыхалықтық сайлауалды қозғалысының құрылуын қолдаған үндеуде “Ақ жол” Қазақстанның демократиялық партиясының Ақтөбеде өткен облыстық және қалалық конференциялары партияның жарғы баптарын бұза отырып, кеңес өткізбестен аппарат қызметкерлерінің сыртынан ұйымдастырылғандығы хабарланыпты.

Сондай-ақ аталмыш үндеуді жазушылар Астанада Әлихан Бәйменов бастаған топтың өткізген құрылтайын заңсыз деп танитындықтарын білдіріпті.
XS
SM
MD
LG