Accessibility links

«Нұр-Мүбәрәк» университетіндегі дау-дамай басылды


Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының өкілдері «Нұр-Мүбәрәк» ислам университетінде туған дау басылды деп Азаттық радиосына хабарлап отыр.

«Исламтану» бөлімінде оқитын университет шәкірттері оқу тәмәмдәу туралы куәліктің жарамсыз болу қаупі бар деп дабыл қаққан еді. Бұл мәселені шешуге тікелей араласуға мәжбүр болған Қазақстанның бас муфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі, университет дипломына код беру туралы өтініш хатын жақын күндері Қазақстанның білім жән ғылым министріне жолдамақ.

«Нұр-Мүбәрәк» ислам мәдени университеті Мысыр үкіметі мен Қазақстанға ортақ білім беру мекемесі. Осы оқу орнының проректоры Шамсиддин Керімнің айтуынша, қазір университетте 260-қа тақау шәкірт білім алады. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының діни уағыз, оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі Әбдімүтәлі Дәуренбек Қазақстандағы бұл университеттің мәртебесі Египет мемлекетіндегі әлемге аты мәшһүр «Әл-Азһар» университетімен пара-пар.

Сондықтан, «Нұр-Мүбәрәк» университетін қаржыландыру тегіс Мысыр үкіметі арқылы іске асады деп отыр. Жуырда, ислам дініне баулып, ислам ілімін үйрететін білім беру мекемесінде шәкірттер мен оқу проректоры арасында дау шыққан. Мысырға жол жүргелі отырған студенттер оқу проректоры Шамсиддин Керімді, жолдың қамына жиналған қаражатты жөнсіз жұмсады деп айыптаса, кейбірі оқу тәмәмдәу дипломы қауқарсыз деп шағымданған. Бұл мәселені баспасөз бетіне жариялаған Қазақстан мұсылмандар одағының президенті Мұрат Телібеков былай дейді:

- Олар бұл мәселе толық шешілді деп жатыр. Оларға ың шыңсыз тыныш басылғаны керек.

«Нұр-Мүбәрәк» ислам мәдени университетінің проректоры Шәмсиддин Керім, діни басқарма өкілдерінің студенттердің шағымын ескеріп, арыз негізінде тексеру комиссиясын құрып, жыл соңына шейін жіберілген келеңсіз мәселелерді қалыпқа келтіру мүмкіндігі берілгенін айтып отыр:

- Мен шәкірттердің ешбіріне зияндық жасағаным жоқ. Исламда рақымшылдық, кешірімділік деген бар. Бәрі оқып жатыр. Діни басқарманың діни уағыз, оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі Әбдімүтәлі Дәуренбек оқу тәмәмәдайтын шәкірттердің диплом мәртебесіне қатысты уайымдары ескеріліп, осы орайда білім және ғылым министрінің атына арнайы хат әзірленіп жатқанын сөз етті:

- Проректорға оқу жоспарын әзірлеу мәселесі тапсырылды. Ұстаздар жұмылдыру сияқты іс-шаралармен шұғылданбақ. Туындаған келеңсіздіктер биылғы оқу маусымы аяқталғанша шешіледі.

«Нұр-Мүбәрәк» университеттінің 2 курс шәкірті, Әли университетте мұндай даудың болғанын растап отыр. Әйткенмен, бас мүфтимен болған кездесуден соң, шәкірттер берілген уәделердің орындалуын күтіп жатқандарын айтады:

- Қазір дау-дамай басылды. Тыныш. Ешкім-ешкімге тиіп жатқаны жоқ.

Жуырда Египеттің сыртқы істер министрінің орынбасары Ибраһим Айзацаттың Қазақстанға келіп кеткені жайлы діни басқарма өкілдерінен белгілі болып отыр. Жолы Алматы арқылы түскен мәртебелі мейман Қырғызстанда да «Нұр-Мүбәрәк» секілді ислам университетін ашу мәселесі пысықталатынын Қазақстандық пірадарларға айтқан екен.
XS
SM
MD
LG