Accessibility links

Алматы-Шымкент күре жолында жол апатынан 7 адам көз жұмды

  • Досан БАЙМОЛДА

Жұмадан сенбіге қараған түні Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы аумағында Алматы-Шымкент бағытындағы даңғыл жолдың бойында «Сетра» маркалы жолаушылар автобусы «КамаЗ» автокөлігімен соқтығысқан салдарынан 7 адам қаза болып, 30 адам жараланған.

Бұл туралы «Азаттық» радиосына хабарлаған Қазақстанның төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінің баспасөз хатшысы Қайрат Тарбаевтың айтуынша жол апаты оқиғасы түнгі сағат екілер шамасында Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданындағы «Бозарық» айналма жолынан 5 шақырым қашықтықта орын алған. Бішкектен Қызылордаға қарай кетіп бара жатқан, ішінде 37 жолаушысы бар «Сетра» абтобусы белгісіз жағдайда «Камаз» автокөлігімен соқтығысқан.

Оқиға болған жерге барып тексеру жұмыстарын жүргізген Сайрам аудандық ішкі істер басқармасының кезекші офицері, майор Нұрлан Убаевтың айтуынша 1953 жылы туған, Қызылорда қаласында тұрақты тұратын автобус жүргізушісі Жданов Виктор Михайлович жол апатына кіналы болмақ.

Өйткені «Сетра» абтобусы не себептен екені белгісіз алдында кетіп бара жатқан «КамаЗ» автокөлігін өзі барып артынан соққан. Сол жерде 7 адам қаза болып ал жаралы 30 адам Шымкент қалалық нөмірі екнші ауруханаға жеткізіліпті.

Оның айтуынша автобуста Қазақстан азаматтарынан басқа Қырғыз азаматтары да болған. Қаза болған жетеудің бесеуі Қазақстан азаматтары болса ал қалған екеуі Қырғыз азаматтары көрінеді. Сайрам аудандық ішкі істер басқармасының бастығы полковник Мәлік Оразалиевтің айтуынша автобустағы жолаушылардың көбі Бішкектегі арзан қытай базарына барып сауда жасап қайтқан қызылордалықтар екен.

Ал автобус өзінің алдында кетіп бара жатқан, үстіне темір трубалар тиеген алып «Камаздың» артынан қалайша кіріп кеткені сәл түсініксіздеу дейді ол. Бірнеше болжам бар, не автобус қатты жылдамдықпен келіп ақырын жүріп бара жатқан Камазды артынан соққан не марқұм болып кеткен шофер белгісіз себептерден болып алдындағы Камазды көрмей қалған. Жол апатына байланысты полиция өз тарапынан тергеу, тексеру жұмыстарын бастаған.

Шымкент қалалық нөмірі екінші ауырухананың бас дәргерінің орынбасары Балқаш Төлеубаеваның айтуынша жол апатына ұшыраған жолаушылардың денсаулық жағдайлары әртүрлі. Кейбірі қатты жараланғандықтан біраз уақыт ауыруханада жатуға мәжбүр болады. Ал жеңіл жарақат алғандарының өздері алдағы бірнеше күн ауруханада емделуді қажет етеді деді ол Азаттық радиосына.
XS
SM
MD
LG