Accessibility links

Қазақ оппозициясы Жармахан Тұяқбайды президенттікке бірегей кандидат етіп таңдады

  • Гүлмира ХАМЗА

Наурыздың 20-сы күні Қазақстанның демократиялық күштері алдағы президент сайлауына өздерінен бірегей кандидат етіп парламентінің экс-спикері Жармахан Тұяқбайды үсынуды қолдап дауыс береді. Тұяқбай президент болу үшін бар күшін салатынын мәлімдеді.

Наурыздың 20-сын Қазақстан оппозиционерлері - демократтардың бірігу күні деп атады. Себебі, «Әділетті Қазақстан» қозғалысы дүниеге келді дейді демократиялық күштердің өкілі Болат Әбілов:

- Бүгін, Наурыз мерекесі алдындағы тарихи күн - демократиялық күштердің біріккен күні!

Қазақстан демократтарының бұл жиынына республиканың түпкір-түпкірінен келген 590 делегат қатысты. Демократиялық күштердің жетекшісі Жармахан Тұяқбай оппозиционерлердің мұндай шешімге наурыздың 20-сы күні келіп отырғаны бекер емес дегенді айтты.

- Үстіміздегі жылдың наурыз айындағы біздің осы бастамамыз, халықтың үмітін ақтайтын саяси өзгерістерге әкелетін жылдың басы болады. Осыған біздің сеніміз зор. Біздің «Әділетті Қазақстан» қозғалысы халықтың сол сенімінің жүзеге асуына қызмет ету үшін, күш жұмсайтын күн де туады деп ойлаймын, - деді Жармахан Тұяқбай.

Тұяқбайдың сөзінен кейін мінберге коммунистер жетекшісі Серікболсын Әбділдин шығып, Қазақастанның оппозициялық күштері бұдан бұрын 4 рет біріккенін айтты, бірақ, не себептен соңынан оппозициялық күштердің бір болмай қалғанына бас коммунист тоқталмады. Ең бастысы қазіргі режим мен оны басқарып отырған азаматтар кету керек деді ол.

Қазақстанның демократиялық күштерінің жексенбі күнгі жиналысын түрмеде отырған, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясының лидері Ғалымжан Жақиянов қолдап, арнайы хат жолдаған. Бұл хатты залда отырған халыққа Болат Әбілов оқып берді. Онда Ғалымжан Жақиянов оппозиция бірігіп, президенттік сайлауға бір кандидатты ұсынуы керек, ол кандидаттыққа Жармахан Тұяқбай лайық дегенді жазыпты.

Демократия мен әділетті Қазақстанды орнату үшін, Қазақстан оппозиционерлері көршілес мемлекеттердегі серіктестерінен үлгі алуға дайын. «Ақ жол» партиясының тең төрағаларының бірі, демократиялық күштердің мүшесі Алтынбек Сәрсенбайұлының пікірінше, Қазақстан үкіметі осы жайтты ескеруі керек.

- Біз Киевтегі тәуелсіздік майданында да өзіміз сияқты, дәл қазақ халқы сияқты, сан мыңдаған азапты көрген, аштық, репрессия, зорлық пен қорлықтың неше түрін басынан кешірген украин халқының бірігіп, биліктің әділетсіздігіне ұлт болып қарсы тұрғанын, көрдік. Ұлт өзінің болашағы үшін күрескенде ғана, шын тәуелсіздікке жететініне Украинада тағы да иландық. Тәуелсіздік үшін күрес - әділеттік үшін күрес. Сіз бен біз осы жиынға осы үшін келіп отырмыз. Сол себептен жұмысымыз жемісті болсын! – деді Алтынбек Сәрсенбайұлы.

А.Сәрсенбайұлының партиядағы серіктесі Ораз Жандосов оппозиция билікті сынай беруден бас тартып, мемлекеттегі жағдайды жақсарту үшін нақты қандай шараларды іске асыру керектігі туралы ойлануы керек дегенді жеткізді.

Ақжолдықтардан өзге демократтар жиналысына «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясының өкілдері келді. «Біздің партия жабылып қалса да, біз жұмысымызды тоқтатқан жоқпыз, біз демократтарды қолдауға келдік» деді Батырхан Дәрімбет:

- Біріккен оппозиция - бірегей кандидат деген ұранмен келдік. Біздің партия бұрынғы бас прокурор, Қазақстан парламенті мәжілісінің спикері, қазіргі кезде Қазақстан оппозициясының жетекшісі Жармахан Тұяқбайды қолдап келіп отыр және Жармахан Тұяқбай президенттік орынды алғанша, біздің партия оны қолдап, ол үшін күресетін болады.

Өз кезігінде Қазақстанның демократиялық күштерінің жетекшісі Жармахан Тұяқбай халықтың артып отырған сенімін ақтауға тырысатынын айтты.

Президенттіке бірегей кандидатты анықтаумен қатар Қазақстан оппозиционерлері жексенбі күні Ғалымжан Жақияновқа хат жолдады, Ғалымжан Жақиянов босатылсын деп арнайы мәлімдеме жасады. Жиналысқа қатысқан азаматтар бұл ұсынысты қолдап отырды. Сонымен қатар, жексенбі күні демократтар «Әділетті Қазақстан» демократиялық күштер болгы Республикалық қоғамдық бірлестігінің жарғысын бекітті.
XS
SM
MD
LG