Accessibility links

Грузия мен Абхазия бейбіт келіссөздері жалғастырады

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

БҰҰ-ның бейбітшілік сақтау бойынша ресми өкілдері сөзіне қарағанда Грузия мен жікшілдік бағыттағы Абхазия басшылары тоқтап қалған бейбіт келіссөздерді қайта жандандыруға әзір отыр. БҰҰ өкілі Жан-Мари Гуено қауіпсіздік кеңесіне дүйсенбі күні білдірген пікірінде екі жақтың да практикалық мәселелер бойынша келіссөздер жүргізуге әзір екендіктерін айтқан болатын.

БҰҰ ұйымы өкілі Жан Мари Гуено өткен айда Грузия және Абхазия өкілдерімен де кездескен болатын. Келер айда БҰҰ-ның ара ағайындығымен болатын келіссөздерге екі жақтың да өз өкілдерін жіберу жөнінде тоқтамға келуі жақсылық нышаны, дейді ол.

Дүйсенбі күнгі Қауіпсіздік кеңесіндегі кездесуден кейін Азаттық радиосына берген сұхбатында Гуено мырза: “Ілгерілеушіліктерге қол жеткізу мүмкін болатын істің практикалық саласына екі жақтың да ықыластылығы байқалып отыр. Атап айтқанда ел ішінде босып кеткендерді өз мекендеріне қайта қоныстандыру, экономикалық және қауіпсіздік кепілдіктері сауалдарын шешуге құлшыныс бар. Бұл жерде тіпті олардың өздеріне міндеттеме алуға әзірліктері де байқалып тұр. Дей тұрғанмен, істің ашығын айтар болсақ, негізгі сауалдар бойынша екі жақ өзара келісімнен аулақ жатыр” деді.

БҰҰ-ның Грузиядағы бейбітшілік, бітімгершілік үдерісі шектеулі жобаларға негізделіп отыр. Оның себебі, өткен жаздан бері екі жақ арасында кең тұрғыдағы байланыстар болмаған еді. Абхазияда өз бетімен елбасылық сайлаулардың өткізілуі, одан кейін Сергей Багапштың елбасы ретінде жеңіске жетті деп жариялануы екі жақ арасындағы бейбіт үдерістерді тоқтатып тастаған болатын.

БҰҰ Абхазияның бұл сайлауларын заңсыз деп тануда. Сондай-ақ Қауіпсіздік кеңесі Грузияның территориялық біртұтастығын құрметтеу қажеттігін қайталаумен болған-ды. Қауіпсіздік кеңесі қарары екі жақты бейбіт келіссөздерді қайта жандандыруға шақырып отыр. Ол құжат бойынша Абхазия Грузияның бір бөлігі болып есептеледі. Багапш мырза өз тарапынан Абхазияның тәуелсіздігін талап етіп отырғандығын қайталады.

Босып кеткен грузиялықтардың Гали аймағына қайта қоныстануына байланысты тоқтап қалған үдерісті Абхазияның жаңа әкімшілігі қайта жандандырады, деп БҰҰ ресми өкілдері үміт айтуда. БҰҰ өкілі Хейди Таглиавини Азаттық радиосына берген сұхбатында Сергей Шамбаның осы аптада іс жүзінде Сыртқы істер министрі болып қайта тағайындалуы және оны Женеваға келесі айда жіберу жөніндегі шешімнің қабылдануы қуаттауға лайық, деді.

Женевадағы кездесу көкектің 7 мен 8-іне белгіленген. Ол кездесуге Грузия, Абхазия ресми өкілдерімен бірге Гүено, Таглиавини мырзалар және Ресей, Құрама Штаттары, Британия, Франция, Германия елдерінің жоғарғы дәрежедегі өкілдері қатысатын болады.
XS
SM
MD
LG