Accessibility links

Қазақстанда жасөспірімдердің құқық бұзуы азаймай отыр


Қазақстандық жасөспірімдер арасындағы қылмыстың саны 4 пайызға өсіп отыр. Мамандар мұндай көрсеткіштің себебін әлеуметтік жағдайдан іздестіру керек десе, жастардың өздері жасөспірімдерді қылмысқа итермелейтін қоғамдық орта деген пікір білдіреді.

Бүгінгі таңда, Қазақстан бойынша жалпы алғанда жасөспірімдер арасындағы түрлі қылмыстардың саны 4 пайызға артып отыр. Әсіресе бұл жағдай Қарағанды, Оңтүстік-Қазақстан облыстары және Павлодар облыстарында айқын байқалуда.

Дегенменде, Қазақстанның басқа да аймақтары құр қалмауда. Мәселен, Ақтөбе обылысында 2003 жасөспірімдер арасындағы қылмыс 18 пайызға өскен. 2004-ші жылдың өзінде кәмілетке толмағандардың қатысуымен болған 280 қылмыс тіркелген. Ал Алматы қаласында үстіміздегі жылдың екі айының өзінде 2600-ге жуық жасөспірім жауапқа тартылған екен.

Бұл турасында Азаттық радиосының сұрағына берген жауабында Алматы қалалық ішкі істер бас басқармасының баспасөз қызметінің инспекторы Абай Омаров былай деп хабарлаған болатын:

- 2005-ші жылы соңғы екі айдың ішінде әртүрлі шаралардың нәтижесінде тәртіп бұзып, қылмыс жасағандары үшін ішкі істер органдарына 2598 жасөспірім әкелінді. Олардың арасында 2097 жасөспірім әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылса, 303 жасөспірім ішкі істер органдарына тіркеуге қойылды. Ал 234 жасөспірім Алматы қалалық ішкі істер бас басқармасының уақытша оқшаулау орталығына орналастырылды.

Қазіргі кезде қылмыстың, әсіресе жасөспірімдер арасында кең белең алуының бірден бір себебін, мамандар, халықтың әлеуметтік жағдайының төмендігінен көреді. Азаттық радиосына пікір білдірген кейбір жастар болса қоғамда орын алып жатқан жайттар өсіп келе жатқан баланы қатыгездікке әкеледі дегенді айтды:

- Осы қаланың ішінде компьютерлік клубтар өте көп, мектеп оқушылары сабағынан шыға салып түрлі ойындар ойнайды. Ал ол жерде түрлі жантүршігерлік, соғысты бейнелейтін ойындар бар. Соларды ойнап, бірте-бірте адамның психикасы соған қарай қалыптасып, бала өскенде өзінде сондай қатыгездік пайда болды.

- Менің ойымша жастардың арасында көптеп кездесіп жатқан қатыгездіктің себебі - батыстан келіп жатқан түрлі жат қылықтар.

Әдетте жастар арасында екі адамның ерегісіп, жан-жалдасып қалғаны да қылмысқа әкеліп жатады. Осы ретте жастардан қол жұмсауға қаншалықты жиі баратындығын сұрастырған едік.

- Әрине, ер адам болған соң жиі төбелесеміз. Кейде қатты ұрып-соғамыз, кейде жай сөйлесіп қайтамыз. Қанша ортақ келісімге келсек те кек сақтап қаласың.

- Қазір жалғыз жүрген қауіпті, себебі, біреулермен ерегісе кетсең пышақтап кетуі де мүмкін.

Сөз алған жастардың пікірінше, қылмысқа итермелейтін қатыгездікті күнделікті теледидар мен компютерлік ойындары да насихаттайды. Бұл пікірмен алматылықтардың 79 пайызы келісетін көрінеді. «Комкон-2» агенттігінің жүргізген зертеулерінің нәтижесі бойынша, сұрау салынғандардың 40 пайызы компьютерлік клубтарға ойын ойнау үшін келеді екен.

Дегенмен, олардың тек 20 пайызынан астамы ғана аталмыш ойын клубтарының жабылуын қалайтынын айтқан. Бір қызығы, 16 мен 29 жас аралығындағы жастардың 53,7 пайызы компьютерлік ойындар адам психикасына әсер ететіндігін айтса, 10,5 пайызы кері пікір білдіріпті.
XS
SM
MD
LG