Accessibility links

Ақпарат комитеті «Республика» газетінің иесін сотқа берді

  • Досан БАЙМОЛДА

Бейсенбі күні Қазақстандағы санаулы оппозициялық басылымдардың бірі саналатын «Республика» апталығы бас редакторының орынбасары Галина Дырдина осы газеттің меншік иесі «Бастау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін Қазақстанның мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің ақпарат комитеті сотқа бергендігін хабарлады.

Галина Дырдинаның айтуынша газет ұжымы осы уақытқа дейін Қазақстан конституциясына қайшы келетін ешқандай заң бұзушылыққа барған емес. Тек өздерінің журналистік қызметтерін ғана атқарып келген.

Алайда Ресей Думасының вице-спикері атышулы Владимир Жириновскийдің жуырда «Эхо Москвы» радиосына Қазақстан елін, қазақ ұлтын жамандап берген сұқбатын аталмыш газет толығымен көшіріп басып оқырмандар назарына ұсынған соң ақ Қазақстан қоғамында үлкен резонанс орын алғаны белгілі.

Содан кейін барып Қазақстанның бас прокуратурасы Ресейдің бас прокуратурасына хат жолдап В.Жириновскийді жауапқа тартуды сұраған болса ал Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Ресей Думасының вице-спикері В.Жириновскийді персона нон-грата деп жариялап Қазақстанға келуіне шек салды дейді Г.Дырдина.

Оның айтуынша билік басындағылардың парақорлығын, жемқорлығын ұдайы сынға ала беретін осы «Республика» газетін қалайда жабуды ойластырып жүрген билік басындағы шенеуніктерге бұл жақсы сылтау болған секілді. Енді міне ақпарат комитеті жерден жеті қоян тапқандай газет иесін сотқа беріп отыр.

Шағым арызда Қазақстанның біртұтастығына көлеңке түсіретіндей, ұлт араздықты қоздыратындай материалдар жариялатқандықтан газеттің меншік иесінің қызметін тоқтатуды ақпарат комитеті соттан сұрап отыр.

Осы «Бастау» атты жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің заңгері Сергей Уткиннің айтуынша ақпарат комитетінің сотқа берген шағымында заңға келмейтін, оған сәйкеспейтін көптеген мәселелер бар. Тек қана жалғыз мәселе түсінікті болып отыр ол билік тарапынан газеттің меншік иесін жабу арқылы газетті де жапқысы келіп отырғандығы дейді ол.

Журналист Ермұрат Бапи болса бұған таң қалатын нәрсе емес. Өйткені билік дәл осы жолмен «Солдат», «Дат» газеттерін жапқан болатын. Енді міне осындай жағдай «Республика» газеті басынада келді. Сот газеттің меншік иесінің қызметін тоқтату туралы шешім қабылдайды содан соң газет те жабылады дейді ол. Сот шешімі қалай болатындығы алдағы күндері белгілі болмақ.
XS
SM
MD
LG