Accessibility links

Қазақстандағы нашақорлардың басым бөлігі 30-ға жетпеген жастар

  • Айнагүл САҒДИ

Қазақстан нашақорлықпен күрес саласында айтарлықтай жұмыс жүргізіп жатқанымен, Ауғанстаннан героин мен апиынның Ресей мен Еуропаға жеткізілетін негізгі маршруттық дәліз болып қала бермек.

Ауғанстаннан басталатын есірткі жолдары Қазақстан арқылы Ресей, Еуропа елдеріне одан әрі шартарапқа жол тартады. «Қазақстан бүгінгі таңда есіртікі дәліздері өтетін негізгі транзиттік мемлекеттердің бірі болып қала бермек. Биылғы жылы Ауғанстанда өндірілетін есірткінің 70 пайызы Қазақстан арқылы тасымалданатын болса, оның 30 пайызы республиканың өзінде қалып қояды».

АҚШ-тың мемлдекеттік департаменті «2005 жылғы есірткімен күрес халықаралық стратегиясы жөніндегі баяндамасында» осындай болжам жасап отыр. Астана қалалық ІІББ-ның есірткіге қарсы күрес басқармасының бастығы, полиция полковнигі Оралтай Малғаждаров:

- Қазақстан Ресей арқылы Еуропаға және басқа да елдерге есірткі тасымалдау үшін географиялық тұрғыдан тиімді, - дейді.

Оралтай Малғаждаровтың айтуынша, есірткі тасымалы көбіне Астанаға кіреберісте орналасқан 6 кедендік бекет арқылы жұзеге асырылады. «Героиннің үлесі басым. Есірткінің бұл түрі Астанаға көбіне транзит бойынша Қарағанды арқылы Оңтүстік Қазақстан жақтан келеді», - дейді.

- Қазіргі кезде жол полициясы және миграциялық полициямен бірлесіп күресіп жатырмыз.

Нақтыланбаған деректерге қарағанда, 2004 жылы Қазақстанда 47000 нашақор болса, олардың үштен екі бөлігі 30-ға жетпеген жастар. Павлодар облысында мектеп оқушыларының есірткіге бейімділігін тексеру үшін жүргізілген тестіге 6 мыңнан астам оқушының жартысына жуығы қатыспаған.

Ал сынақтан өткен жасөспірімдердің 1 пайызға жуығының нашақорлыққа бейім топқа кіретіні анықталған. Ресми мәліметтерге қарағанда, аймақта 14 жасқа дейінгі 32 нашақор мен есірткі пайдаланатын 15 пен 17 жас аралығындағы 288 жасөспірім тіркелген.

Павлодар облыстық медициналық-әлеуметтік оңалдыру орталығы бас директорының орынбасары Қатима Айгелқызының айтуынша, бүгінде орталықта емделушілер саны күннен күнге көбейіп келеді, олардың басым бөлігі жастар.

- 16 мен 25 жас аралығындағы жастар. Олардың кейбірі өз еріктерімен келеді, кейбіреуін ата-аналары, туыстары алып келіп жатады. Бұрын бізде орын көп болатын, қазір адам көп.

Ал Астанадағы медициналық-әлеуметтік оңалдыру орталығында 2 мыңға жуық нашақор тіркелген. Орталықтың бас дәрігерінің орынбасары Гауһар Бектаеваның айтуынша, олардың емделуіне жарты жылдан бір жарым, екі жылға дейін уақыт кетеді.

- Есірткі адамның бүкіл психикасын өзгертеді, сонымен қатар нерв жүйесін улап, ақылмен ойлап істейтін жұмыстардан бас тартуына, әртүрлі қылмыстарға итермелейді.

Қазақстан ішкі істер министрлігінің есірткі бизнесіне қарсы күрес және есірткі айналымын бақылау жөніндегі комитеттің мәліметіне қарағанда, есірткіге қатысты ұйымдасқан қылмыстық топтарды анықтау және жолын кесу мақсатында жыл сайын «Мак» және «Канал» атты жедел-профилактикалық операциялар өткізіліп тұрады. Соның нәтижесінде 1700-ге жуық қылмыс анықталып, 14 мың тоннадан астам әртүрлі есірткі заттары тәркіленген.
XS
SM
MD
LG