Accessibility links

Қазақстан мен Ресейдің әскери күштерді бірлесе қолдануы заңмен бекітілді

  • Ескендір ЕРТАЙ

Наурыздың 24-і күні Қазақстан мен Ресей арасында әскери күштерді бірлесе қолдануды жоспарлау туралы келісім бекітілді. Келісім екі елдің қорғаныс, қауіпсіздік мақсаттары үшін күш біріктіруді көздейді.

Парламент сенатының жалпы отырысында Қазақстан мен Ресейдің бірлескен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүддесінде әскерлерді (күштерді) қолдануды бірлесіп жоспарлау туралы келісімді бекіту туралы» заң жобасы қабылданды.

Ресей жағы келісімді 2005 жылы ақпан айында бекіткен болатын. Сенаттың халықаралық істер, қауіпсіздік және қорғаныс комитетінің хатшысы Тасбай Симамбаевтың айтуынша, бұл келісім екі елдің аумағында мемлекеттік құрылымның, тыныштықтың сақталуына кепілдік береді.

Сенатор Зәуреш Батталова соңғы уақытта Қазақстанның қауіпсіздігін нығайтуы мақсатындағы заңдар шоғыры жиі қабылдана бастағандығын айтады. Сенатор Әбілхан Машани болса, көршілес елдерде болған уақиғалардан сабақ алу арқылы Қазақстан іргесін берік ұстаудың жолдары жан-жақты қарастырылып жатқандығын, өзінің Қырғызстанда өткен сайлауға қатысқандығын онда сайлау заңдылықтары өрескел бұзылғандықтан халықтың наразылығы күшейіп бара жатқандығына тоқталды.

Саясаттанушы Әзімбай Ғали Ресеймен бірлескен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатындағы әскерлерді қолдануды жоспарлау жөніндегі заң жобасының көршелес елдердегі саяси ахуалға қатысы жоқ деген пікірде.

Ал, сенатор Әбілхан Машани болса, осы келісім Украина, Грузиядағыдай жағдайларды болдырмау мақсатында жасалып отырғандығын айтады. Мәскеу қаласында 2004 жылғы 16 қаңтарда екі ел Президенттерінің қолы қойылған келісім бойынша Парламент Сенаты заң қабылдап, Президенттің қол қоюына жіберді.
XS
SM
MD
LG