Accessibility links

Қырғызстанда билікке наразы жұрт көтеріліп, 24 наурызда президент Асқар Ақаевтың сарайын басып алып, түрмеде отырған оппозиция басшысы Феликс Құловты азат етті. Құлов қолма-қол Бішкекке келіп, теледидар арқылы халыққа үндеу жасады. Әлем ақпарат бұлақтары Қырғызстанда демократиялық революция болды деп сипаттап жатыр.

Қырғызстандағы саяси наразылық акциялары 24 наурызда шарықтау шегіне жетті. Астана уақыты бойынша 15 сағат 55 минутте оппозицияны қолдаған халық президент Асқар Ақаевтың бас кеңсесін басып алды. Тәңертеңнен бастап мыңдаған халық Бішкектің орталық алаңына жиналып, саяси талаптарын батылдау айтты.

Полиция сарбаздары және ұйымдастырылған араңдатушылар халыққа шабуыл жасады, арада қақтығыстар болды. Дегенмен, сағат төртке таман халық Ақ үйдің темір қоршауын бұзып, Ақаевтың сарайын басып алды. Кейбір ақпаратқа қарағанда, тәңертен бейбіт жолда басталған демонстрацияға полиция және белгісіз жас жігіттер шабуылдады.

Халықтың ызасы қозған соң наразылық шарасы бір сәтте оппозиция басшыларының бақылауынан шығып кетті. Азаттық радиосының тілшісі Жан-Кристоф Пойк Ақ үйдің ішінде не болып жатқынан суреттей келе, үкімет үйін басып алған кейбір азаматтар талқандауға жол берді дейді:

- Ереуілшілер қазір ғимарат ішіндегі заттарды тонап жатыр, терезеден телевизорларды, құжаттарды, жиһаздарды лақтырып жатыр. Дәл осы сәтте оқиғаның қайнаған ортасында полициямен қақтығыс жүріп жатыр.

Президент Ақаевтың қайда екені әзірше белгісіз. Әр түрлі бұлақтар қарама қайшы ақпарат айтады. Мәселен, "Фергана" интернет-газеті орыстың "Маяк" радиосына сілтеме жасап, Ақаев қырғыз жерінде орналасқан Ресей әскери базасында тығылып қалды, Ресей үкіметінен баспана сұрады дейді. Мәскеуде орналасқан "Эхо Москвы" радиосы да осыны айтты.

Кейбір қырғыз ақпарат көздері Ақаев Америкадан баспана сұрады деп айтып жатыр. АҚШ-тың Бішкектегі елшілігі мұны жоққа шығарды. Ассошейтед пресс агентігі Қырғызстан үкіметінің адамдары қашып кетті дейді. СНН телекомпаниясы хабарлағандай, оппозиция басшылары жағдайды бақылауға тырысып жатыр. Оппозиция басшыларының бірі, бұрынғы бас министр Құрманбек Бақиев полицияға қайырылып, ереуілшілер жағына өтіңіздер деді. Бақиев, сол сияқты, елде жаңа сайлау өткізуге уәде айтты.

Ереуілшілер Қырғыз мемлекеттік телекомпания орталығын басып алды. Қырғыз мемлекеттік компаниясы демонстрацияны тікелей толқында көрсете бастады. Жалпы, мемлекеттік телекомпания журналистері кеше мәлімдеме жасап, өтірік айтудан әбден шаршадық, цензураға көнбейміз деп мәлімдеме таратқан. Ал оппозиция бақылауына өткен Қырғызстан оңтүстігінде облыстық телекомпаниялар бейтарап хабар таратуға көштік деп баяғыда мәлімдеген.

Қырғызстанның жаңа ішкі істер министрі халыққа қарсы күш жұмсаймыз, заң ондай құқық береді деген сәрсенбі күні. Әскер не полиция халыққа қарсы кең көлемде күш қолданған жоқ. Ең қызығы, судай жаңа министр Кенешбек Дюшебаев енді басқаша сөйледі. Бүгінгі сөзінде ол халыққа қарсы күш қолданудың, арнаулы құралдарды жұмсаудың қажеті жоқ, керісінше тұрақтылық пен тәртіпті сақтаймыз деді.

Жалпы, Қырғызстадағы жаппай наразылықтарға үш аптадан асты. 28 ақпанда өткен парламенттік сайлау дауға айналды. Оппозиция Асқар Ақаев сайлауды тағы бұрмалады деп бас көтерді. Парламентке Ақаевтың қызы да, ұлы да өткені аян. Оппозицияны қолдаған халық Жалалабадта, Баткенде және Ошта облыс әкімшіліктерін басып алған.

Сол сияқты бірнеше аудан әкімшіліктері халық қолына өтті. Оппозиция жер-жерде халық әкімшіліктерін құрды. Бұл аймақтарда демонстрациялар бүгінде өтіп жатыр. Наразылық танытушылар Ақаев қызметінен кетсін, парламенттік сайлау қайтадан өткізілсін дейді. АҚШ және ЕЫҚҰ үкімет пен оппозицияны келіссөзге шақырған еді, алайда ол іске аспай қалды.

Бас министр бастаған үкімет адамдары Ошқа барады делінген, алайда бас министр Ошқа, оппозиция басшыларымен кездесуге бармады. Сол сияқты Асқар Ақаев даулы жағдайда жаңа парламентті сейсенбі күні асыға іске қосып жіберді, парламенттік сайлау әділ өтті деді. Жаппай наразылықтар легі Бишкекке жетті. Ақыры, Қырғызстанда әп сәтте билік өзгеріп жатыр.
XS
SM
MD
LG