Accessibility links

Қазақстандық «Қаһар» қозғалысы украиндық «Пора» ұйымының іс-тәжірибесімен танысты

  • Дәнеш ҰЗАҚ

Қазақстандық "Қаһар" жастар қозғалысының шақыруымен Алматыға келген украиналық "Пора" азаматтық қозғалысы жетекшілерінің бірі Михаил Свистовичнің "Қаһар" қозғалысының мүшелерімен өткізген семинары наурыздың 21-і күні аяқталды.

Өткен жылдың соңында Украинада болған бейбіт төңкеріске белсенді үлес қосқан "Пора" жастар қозғалысының өкілі қазақстандық жастар қозғалысының мүшелеріне Украинаның бұрынғы президенті Леонид Кучманың режимін биліктен кетіру жолында атқарған іс-тәжірибелерімен бөлісті.

Украиналық “Пора” азаматтық қозғалысы жетекшілерінің бірі, оппозициялық “Майдан” интернет басылымының редакторы Михаил Свистович, бұл семинарды өткізуге келісім бергенінің себебін былай түсіндіреді:

- Біз Бұрынғы советтер одағына мүше елдерде қалыптасып қалған ескі режимнің зиянды қалдықтарынан арылуымыз қажет. Бұлар ең алдымен жемқорлық, шексіз билікке ұмтылу мен ұйымдасқан қылмыс болып табылады. Осындай жағымсыз көріністер бар жерде, әділетті азаматтық қоғам құру мүмкін емес.

Қазақстандық “Қаһар” жастар қозғалысының белсенділерінің бірінің айтуынша, Украиналық “Пора” азаматтық қозғалысы жетекшілерінің бірі, Михаил Свистович өткізген семинарға қозғалыстың аймақтардағы мүшелері тегіс жиналған.

- Біз аймақтардағы мүшелеріміздің барлығын осы семинарға арнайы шақырдық. Өйткені бұл семинардан кейін, біздің қозғалысымыздың бағыты мен стратегиясы қандай болатынын белгілеп аламыз.

Осы семинарға қатысушылардың бірі, украиндық революционермен болған әңгімеден көп нәрсені үйренгенін айтады:

- Біз Украиндық “Пора” қозғалысының өздеріне ту еткен әділеттілік пен қоғамдағы сана тазалығының Қазақстанда да болғандығын қалаймыз.

Семинарда Украиналық “Пора” азаматтық қозғалысы жетекшілерінің бірі Михаил Свистович негізінен, Украинадағы төңкеріс кезінде, “Пора” қозғалысының атқарған жұмыстары жайлы егжей-тегжейлі айтып берді. Семинарға жиналған жастарды, әсіресе, көшедегі акциялардың қалай өткізілгендігі қызықтырғандықтан, Михаил Свистович көбіне сол туралы әңгімеледі:

- Біздің бұл акцияларымыз негізінен театрландырылған көңілді көріністер түрінде өтті. Жас актерлер өзіміз жазған сценарий бойынша көріністер қойса,“ Кучмалық жүйенің бейнесі” деп аталған сурет көрмесінде көшеде кетіп бара жатқан кез-келген адам Украинадағы қалыптасқан биліктің бет-бейнесін сала алатын. Ол жерде ешқандай көсем де, халықтың алдында ұзақ-сонар сөз сөйлейтін шешен де болған жоқ. Сондықтан адамдар бізге көптеп келді.

Алматыдағы семинар, негізінен, Украинадағы төңкеріске үлес қосқан жастар қозғалысы жетекшілерінің бірінің өткен күндерді еске алу түрінде өтті. Милицияға түскен қозғалыс мүшелері туралы мәліметтен бастап, жалпы Украинадағы жағдайдың барлығы, қозғалыстың “Майдан” аталатын сайтында жедел жарияланып тұрды дейді Михаил Свистович.

“Қаһарлық” жастарды украиндық “Пора” қозғалысы мүшелерінің Украинадағы төңкеріс алдында халықты биліктің әділетсіздігіне қарсы үндеген үнпарақтарды көшелерде қалай таратқандығы қызықтырды. Михаил Свистовичтің айтуынша бұл істі 4 бірдей адам атқарған:

- Алдыңғы 1 адам тікелей үнпарақтарды жапсырумен немес таратумен айналысты, қалған үшеуінің міндеті оны түрлі әрекеттерден, арандатулардан қорғау және қозғалыстың орталығына дер кезінде мәлімет жеткізу еді.

“Пора” азаматтық қозғалысы Украинаның бұрынғы президенті Леонид Кучманың билік режиміне қарсы 2004 жылдың басында құрылған, ешқандай саяси мүддені көздемейтін қозғалыс. Бұл қозғалыс негізінен жастардан тұрады.

“Пора” қозғалысы Украинада болған төңкеріске үлкен үлес қосты. Қазіргі таңда қозғалыс, оның жетекшілерінің бірі Михаил Свистовичтің айтуынша, “Украина қоғамын бұрынғы президент Леонид Кучма билігі кезінде қалыптасып қалған зиянды әдеттерден тазалауға” ат салысуда.
XS
SM
MD
LG