Accessibility links

Қырғызстандағы оқиғалардан көрші елдер қандай сабақ алады?

  • Гүлмира ХАМЗА

Қазақстандық саясаттанушылар Бішкектегі оқиғалардың Астанада қайталанбасы үшін Қазақстан үкіметі бар жағдайды ескеріп, қателіктер жібермеуі керек деп есептейді.

Қырғызстандағы соңғы оқиғалар онымен көрші мемлекеттерді алаңдатып отыр. Наурыздың 25 күні Алматыда Қазақстан және Ресейдің бір топ саяси сарапшылары арнайы бас қосып, «Орта Азия елдеріндегі саяси өзгерістер: қазіргі көзқарас» тақырыбы төңірегінде пікір алмасты.

Қырғызстандағы жағдайға алаңдаған қазақстандық саясаттанушылар, көрші мемлекетте азамат соғысы басталып кетуі мүмкін деген қауіп айтып отыр. Себебі, Қырғызстанда есірткі саудасы мен адам саудасынан кейін үшінші орында қару-жарақ саудасы тұр дейді мамандар. Қазақстан ұлттық зерттеулер институтының директоры, саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов бұл жағдай Қазақстан азаматтарына да қиындық тудыруы мүмкін деп санайды:

- Менің пікірімше, Қырғызстандағы жағдай өте күрделі, себебі, заңды түрде халық билікті де, оппозицияны да қолдамайды. Жалпы, бұл жағдайдан қалай шығатыны да белгісіз. Шын мәнінде сырттан, басқа мемлекеттерден ешбір мемлекет бұл елдегі мәселені шешу үшін ешқандай дәнекерлік ұсыныс жасаған жоқ. Сол себептен, олар өздері Конституция шеңберінде есебін тауып, мәселені шешсе, дұрыс болар еді. Себебі, Қырғызстанда қазір адамдар тәртіпке бағынбай жатыр. Бұл Қазақстанға да әсер етуі мүмкін, Қырғызстанда, негізінен, азамат соғысы орын алуы да мүмкін. Бұл, әрине, қазақстандықтарға қиындық туғызады.

Жұма күні Алматыда «Орталық Азиялық елдердегі саяси өзгерістер: қазіргі көзқарас» деген тақырып бойынша өткен басқосуға қатысқан ресейлік Шығыстану институтының өкілі Сергей Панариннің ойынша, Қырғызстандағы төңкерістің Грузия мен Украинада болған оқиғалардан өзіндік ерекшелігі бар:

- Ең басты ерекшелігі - жастардың наразылығын жатқызар едім. Әлеуметтік жағдайға риза болмаған жастар көтеріліп кетті. Осыған байланысты болған оқиға еш бір бақылауға бағынбады. Жастар ашынып кеткендіктен олар тас лақтырып, қоқан-лоқы көрсетіп, билікке наразылығын білдірді.

Ал қазақстандық саясаттанушы Ерлан Қарин Қырғызстандағы жағдай не себептен өршіп кеткенінің себебін дәл басып айта алмай отыр:

- Себебі, Қырғызстандағы жағдай өте күрделі болып тұр. Әртүрлі факторлар ықпал етіп жатыр, Қазақстандағы жағдаймен салыстырғанда ықпалдығы жағынан екі есе зор деп айтуға болады. Мысалы, трайбализм, коррупция сияқты факторлар көп әсер етті.

Қырғызстандағы оқиғаға қазақстандық сарапшы Андрей Чеботарев та таңғалып отыр. Өз айтуынша, көрші мемлекеттегі жағдай өзгеретінін білгенімен, оқиғаның мұншалықты тез өрбуін күтпеген:

- Мен Қырғыз билігі мұндай жағдайға жол бергізбейді, оппозициямен бір келісімге, ортақ бір мәмілеге келеді деп ойладым. Сөйтіп, олар бірігіп президент сайлауына дайындалады, соңынан барып бейбіт төңкеріске келетін шығар деп болжаған едім. Бірақ, оқиғаны биліктен бұрын оппозицияның өзі бақылаудан шығарып алды.

Қырғызстандағы оқиғаларды қырғыз қызы, қазірде Қазақстан азаматы Бегайым Сыдықова алаңдаушылықпен бақылап отыр. Бегайымның айтуынша, бұл көптеген бері шиырығып келген мәселе:

- Елдің тұрмыс-тіршілігі төмен болып кеткендіктен, бұл түбінде шығатын еді. Себебі, жоғары білімді азаматтар 800-1000 сом алатын, бұл қазақстандық зейнеткерлердің зейнетақысымен тең ақша. Жағдайлары қиын болып кетті халықтың.

Қарапайым қазақстандықтардың Бішкекте болып жатқан оқиға жайлы пікірлері әрқилы. Бірі мұндай оқиғаның орын алғаны дұрыс емес десе, енді бірі соңғы оқиғалардан бейхабар екенін айтады.
XS
SM
MD
LG