Accessibility links

Қырғызстанда президент сайлауы 26 маусымға белгіленді, ал Ақаев Ресейден баспана сұраған


Қырғыз заң шығарушылары президент сайлауының мерзімін сенбі күні айқындады. Парламент сайлауы әділетсіз болды деген наразылықпен шерушілер үкімет үйін басып алған бейсенбі күні Ақаев елден қашып кеткен болатын.

Таратылатын парламенттің мерзімі де 26 маусымға дейін ұзартылды. Бұл жөнінде жоғарғы палатаның спикері Мұратбек Мұқашев былай дейді:

- Біз дұрыс түсінуіміз керек, халық өкілдері жиналысы заңды түрде 2005 жылдың 26 маусымына дейін жұмыс істейді.

Қырғызстанның Жоғарғы соты өткен айдағы даулы парламент сайлауының нәтижелерін жарамсыз деп тапқан соң осындай қадамдар жасалды. Бұл шешімді жаңа парламентке сайланған депутаттар сынға ала бастады.

Уақытша президент болып тағайындалған Құрманбек Бакиев өзінің президент сайлауына түсетіндігін айтты. Бакиев сонымен бірге «Асқар Ақаевтың Қырғызстанға қайтып келуіне болады, заңға сәйкес оның иммунитет хұқы бар» деп мәлімдеді.

Кеше Кремль Ақаевтың өтінішіне орай Ресей оған баспана берді деген. Ресейдің жаңалықтар агенттігінің хабарлауынша, Ақаев Ресейге жұма күні кешке қарай барған, бірақ, оның мекен-тұрағы жайлы әзірге нақты ақпарат жоқ.
XS
SM
MD
LG