Accessibility links

Студенттер өздеріне тиесілі жеңілдіктерді шешуді министрліктен талап етті

  • Ескендір ЕРТАЙ

Астанада Қазақстан студенттерінің альянсының мүшелері мен студенттер қауымы республиканың Білім және ғылым министрлігінің алдына жиналып, студенттер үшін жолақыны арзандату жайында министрге талаптарын жеткізді.

Өткен жылдың шілде айында қолданысқа енгізілген «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңда көзделген жеңілдіктер, солардың ішінде қоғамдық көліктерде жүру жолақысы да арзандатылмай отыр. Жастар, сондай-ақ, мемлекеттік тапсырыспен оқып жатқан студенттердің ауылдарына демалыс кезінде барып қайту шығынын да 50 пайызға азайтуды қалайды.

Студенттер қауымы министр Бірғаным Әйтімованың осы мәселеге тез арада араласуын талап етуде. Астанадағы қоғамдық көлікте жол жүру ақысы, мейлі бір аялдама болсын немесе қаланың бір шетінен екінші шетіне дейін болсын, 25-30 теңге көлемінде белгіленген.

Мұның өзі студенттер түгілі табысы шамалы жұмыс істейтіндердің өзіне аз шығын емес. Студенттер альянсы қоғамдық көліктерде студенттер үшін 10 теңге көлемінде жеңілдік жасалуын талап етіп отыр. Бастамашылар ол жеңілдік таңғы сағат 7-8, күндізгі 2-5, кешкі 8-11 сағат аралығында жасалса деген тілектері бар.

Астанадағы политехникалық колледж директорының жастар ісі жөніндегі орынбасары Асқар Нұртазиннің айтуынша, бұл мәселені қала студенттері жылда көтеріп келеді. Қазақстан студенттері альянсының мүшесі Диляра Жұмағұлованың айтуынша, өткен жылдың шілде айында қолданысқа енгізілсе де «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңның талаптары орындалмай отыр.

Заңда мемлекеттік тапсырыспен оқып жатқан студенттердің жазғы, қысқы демалыста ауылдарына барып қайтуына да жеңілдік көзделген. Еуразия университетінің халықаралық құқықтану факультетінің студенті Әсем Қожағұлова болса, осы бастаманы білім және ғылым министрлігі де, депутаттар да қолдамағандықтан бірнеше нұсқа бойынша өз жобаларын ұсынып отырғанын айтады.

- Бұл жоба бойынша да студенттер альянсының ұсынған оңтайлы жолы бар. Қазақстанда мемлекеттік тапсырыспен 160 мың студент оқып жаста, оның 60 мыңнан астамы орта арнаулы білім беру орындарында оқиды. Қысқы жазғы мезгілде жоғарғы оқу орнындағы студентке 4 мың теңге, колледждегі студенттерге 2 мың теңге бюджеттен бөлінгені жөн, - дейді Астана политехникалық колледжі директорының жастар ісі жөніндегі орынбасары Асқар Нұртазин.

Астана қалалық мәслихатының депутаты «Қазақстанның болашағы үшін« қозғалысының төрайымы Бақыт Сыздықова әкімдік өткен жылдан бері жоғары оқу орындарының бастамасы бойынша 1600 көп балалы және тұрмысы төмен отбасындағы студенттерге көмектесңп келеді. Сол мақсатқа қалалық бюджеттен өткен жылы 6 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінсе биыл ол сома көбейтілетінін айтып отыр.

- Қала әкімдігі студенттерге жеңілдік жасауға тиесілі қаржыны шешсе, онда қолдауға әбден болады, - дейді Астана қалалық “Жолаушылар тасымалы» қазынашылық кәсіпорны директорының орынбасары Жомарт Дәуменов.

Білім және ғылым министрлігі алдына жиналғандардың айтуынша, студенттердің қала деңгейіндегі жеңілдігін жасау жобасына бюджеттен ешқандай қаржы бөлінбейді. Ал, 160 мың студенттің жазғы, қысқы демалысында ауыл-еліне барып қайтуына бюджеттен бөлінетін қаржы шамамен 1 миллион 40 мың теңге көлемінде ғана болады екен.

Білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Жанар Үсіпбекова бұл жайға нүкте қою үшін министрлік қажетті мекеме басшыларымен кеңес өткізіп барып, таяу күндері шешім қабылдайтынын айтты.

Студенттердің өкілдері білім және ғылым министрінің орынбасары Азамат Әбдімәуленовпен және Жастар ісі жөніндегі департамент директоры Нұрлан Өтешовпен бірігіп екі жобаны да жүзеге асырудың жолдарын қарастыруға кірісті. Қазақстанның студенттер альянсы талап етіп отырған жобаларды жүзеге асыру үшін барлығы 700 миллион теңге қажет екен.

Министрлік өкілдері көкектің 7-сінде Үкіметтің республикалық бюджетті қарайтын отырысының күн тәртібіне осы мәселені шығаруға уәде етті.
XS
SM
MD
LG