Accessibility links

Наурыздың 29-ы күні, осыған дейін Қазақстанда сот шешімімен қызметі тоқтатылған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясының мүшелері елде «Алға, ҚДТ!» атты жаңа партия құратыны туралы мәлімдеме жасады.

Атауы жаңа болғанымен құрамы негізінен сот шешімімен жабылған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясынан тұратын жаңа саяси ұйым әлі ресми тіркелген жоқ. Дегенмен, «Алға, ҚДТ!» халықтық партиясын ұйымдастыру жөніндегі бастамашы топ мүшелері, жаңа партияның қатарына кіремін деушілер саны көп дегенді айтады.

«Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясының қызметі биылғы жылғы қаңтардың 6-сы күні Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Гүлнар Мейіржанованың шешімімен тоқтатылған болатын. Бұл сот мәжілісіне ҚДТ халықтық партиясының басшылары қатыспағанына қарамастан, сот шешімі сырттай шығарылған еді. Наурыздың 29-ы күні аталмыш саяси партияның белсенді мүшелері бас қосып, «Алға, ҚДТ!» атты жаңа саяси партияны құратынын мәлімдеді.

- Біз республиканың барлық аймақтарындағы бұрынғы «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясының мүшелерімен кеңесе келіп, осындай жаңа партия құрудың керек екендігін түсіндік, - деді сот шешімімен жабылған саяси партия жетекшілерінің бірі, енді жаңадан құрылмақшы партияның бастамашыл тобының мүшесі Асылбек Қожахметов.

Ал оның идеялас серігі Батырхан Дәрімбет болса, бастамашыл топта бұрынғы партияның мүшелері болғанымен, енді олардың құрғалы отырғаны заң бойынша басқа саяси ұйым дегенді айтып отыр:

- Заң бойынша жаңа партия болып есептеледі. Сондықтан, біздің партияға кіретін әрбір адам, жаңадан арыз жазып барып қана мүше бола алады.

Ал жаңадан құрылатын «Алға, ҚДТ!» халықтық партиясының мақсат-мүддесі турасында бастамашыл топтың мүшесі Қажымұрат Әбішев былай дейді:

- Алға қойған мақсаты болып сол бұрынғы жабылған партияның мақсаты қала береді. Ол - Қазақстанда толық мағыналы демократиялық жүйені орнату, соған келтіру.

Сонымен қатар, ол қазіргі қазақ қоғамында демократия әлі жоқ, сол себепті аталмыш партия міндетті түрде керек деген сенімде. Бастамашыл топ мүшелері әлі ресми тіркелмеген саяси партияның алғашқы құрылтай жиынын алдағы мамыр айында өткізуді жоспарлап отыр.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG