Accessibility links

Демократия жөніндегі ұлттық комиссия қоғамды ауызбіршілікке шақырды

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Наурыздың 29-күні Астанада кезекті жиынын өткізген Қазақстанның демократия және азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі ұлттық комиссиясының мүшелері Қырғызстандағы саяси оқиғадан соң Қазақстандағы саяси партияларды және азаматтарды ауызбіршілікке жұмылдырып, саяси реформаларды жүзеге асыруда бірігіп жұмыс істеуге шақырды.

Демократия және азаматтық қоғам жөніндегі ұлттық комиссияның атынан елді ауызбіршілікке шақыру жөнінде мәлімдеме жасаған «Ауыл» партиясының жетекшісі Ғани Қалиев президент Назарбаевтың биылғы жолдауынан кейін, халық мемлекет басшысының саяси реформасына қолдау білдіреді деп есептейді:

- Біз президенттің жолдауын талқылаудың негізінде барлық халықты ауызбірлікке шақырып отырмыз. Саяси өзгерістерді үкімет пен халық бірігіп жасау керек.

Ғани Қалиев өзі жасаған мәлімдемесінде, Қырғызстандағы шиеленісті жағдай драмалық даму алды деп өтті. Алайда «Руханият» партиясының төрайымы Алтыншаш Жағанова әлгіндей пікірмен келіспейтінін білдірді. Оның ойынша, егер бұл демократиялық процесс болса, қалайша драма болуы қажет?!

Жағанова ханым демократия жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында өткен парламент сайлауын қайта сынға алып, «біздің де халықты көшеге шығаруға мүмкіндігіміз бар еді» деген пікірін жеткізді. Ол сайлаудағы заң бұзушылықты «Зағипа Балиева мен Иманғали Тасмағамбетов жасаса президенттің жанындағы адамдар ешнәрсені білмеуі керек деген сөз емес» дейді. Жағанова президент жанында жүргендердің өз көздеген мүдделері бар деп санайды.

Ал «Отан» саяси партиясы төрағасының орынбасары Амангелді Ермегияев болса, таяуда өздерінің партиялары жастарға қатысты үндеу жариялайтынын жеткізді.

- Бүгінгі Қырғызстан деп отырмыз, кешегі Грузия мен Украинадағы орын алған төңкеріске қатысқандардың 80-90 пайызы жастар. Онда 50-ден асқандардың саны көп болса, 10 пайыз. Ол жүргендердің барлығы - студенттер. Сондықтан да оларды қай-жаққа болсын бұрып әкету қиын емес, - дейді Амангелді Ермегияев.

Демократия және азаматтық қоғам жөніндегі ұлттық комиссияға мүше болып кірген Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы өкілі Олжас Сүйлейменов «Егер қазіргі жүйе алға қойған міндеттерін іске асыра алмай жатса ғана халықты көшеге шығаруға болады, дәл осы жағдай Бішкекте орын алды» дейді. Оның пікірінше, елдегі жағдайды бақылауға алып отыру керек.

Ал демократия және азаматтық қоғам жөніндегі Ұлттық комиссияның жасаған мәлімдемесіне қатысты Демократиялық күштердің үйлестіру кеңесінің төрағасы, президенттікке үміткер Жармахан Тұяқбай Азаттық радиосына төмендегі ойын жеткізді:

- Бірлік болса, тыныштық болса - халыққа ең басты керегі сол. Бірақ, бірлік те, тыныштық та бір ауыздан шығатын ауызбіршілік емес. Бір-бірін тыңдай алатын ауызбіршілік болса, елдегі бар кемшіліктерді біле отырып, соған тиісті шара іздеудегі біршілік болса, соны бізде қолдаймыз.

Тұяқбайдың ойынша, Қырғызстандағы саяси оқиға ұлттық комиссияның отырысында айтылғандай драмалық жағдай емес, демократиялық күштердің жеңісі.

Наурыздың 29-ында Астанада мәжілісін өткізген Қазақстанның демократия және азаматтық қоғам жөніндегі ұлттық комиссиясының құрамына Мәжіліс депутаты, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров, Қазақстанның ЮНЕСКО ұйымындағы өкілі, ақын Олжас Сүйлеменов және басқалар мүше болып кірді.
XS
SM
MD
LG