Accessibility links

Қырғызстандағы оқиғалар ондағы қазақ бизнесіне зардап әкелмеген


Қырғыз елінде бизнесін жүргізіп жатқан қазақстандық бірқатар банк өкілдері наурыздың 28-нен ол елдегі жұмысын қайта жалғастырды.

Бішкекте бүлік басталған наурыздың 24-күні сағат 11-дің шамасында Қазақстанның Қырғыз еліндегі төтенше және өкілетті елшісі Өмірзақ Өзбеков сол елде жұмыс істеп жатқан қазақстандық кәсіпкерлердің басын қосып, оларға уақытша мекемелерін жауып, қызметін тоқтату туралы ұсыныс жасағаны хабарланған болатын.

Бұл деректі Қырғыз елінде банктің бөлімшелерін уақытша жабуға мәжбүр болған Қазақстан банкирлері растап отыр. Олардың айтуынша, есеп-айрысу кассаларын ашқан кей банктер өкілдері Қырғыздың ұлттық банкі төрағасының өтініші бойынша уақытша жұмысын доғаруға мәжбүр болған.

Қазақстандық банкирлер өз кәсіпорынның дүние-мүлкі Бішкекте өткен аптадағы ойраннан аман қалғанын айтады. Қазақстан сыртқы істер министрлігі берген ресми мәліметтерге сүйенсек, қазақстандық кәсіпкерлер арасында жапа шегіп, жәбір көрдік деп шағымданғандар әзірге жоқ.

Әлемнің бұқаралық ақпарат құралдары таратқан хабарларда, қырғыз еліндегі халықтық толқу шырқау шегіне жетіп, президент Ақаев үкімет үйін тастап, белгісіз бағытта ізім-қайым жоғалған күні кешқұрым, топ-топ болған адамдар полицияның бақылауынсыз қалған Бішкектің орталығындағы ірілі-ұсақ дүкендерді тонаумен айналысқаны айтылады.

Қырғыз үкіметі таратқан ақпараттарда астан-кестені шыққан сауда-саттық нысандарының саны 30-ға жеткені хабарланған еді. Соңғы 4-5 жылда Қырғызстанда өз бизнесін жандандыруға кіріскен қазақстандық кәсіпкерлердің саны қазірде 100-ге тақап қалған. Қырғыз елінде бизнес өкілдіктерін ашқан қазақстандық кәсіпкерлер тобының басым көпшілігі - банкирлер.

Бішкектің бір өзінде бүгінгі таңда Қазақстанның ірі саналатын 4 банкі қатар істейді. Қырғыз елінде кәсіп қылатындардың тағы бір тобы Ыстықкөлге саяхатшылар тасумен шұғыладанды. Қырғыз Республикасында болған соңғы саяси оқиғалардан, сәтін салғанда, мүлдем жапа шекпей қалғандары да осылар болып отыр. Оның себебін, сауда комитетінің туристік қызмет жөніндегі басқарма бастығы Түгелбай Бекбергенұлы былай түсіндіреді.

- Қазір мамыр, маусым айы емес. Ыстықкөлге баратын жан баласы жоқ. Сондықтан бәрі тыныш.

Бішкек қаласында жағдай өрши түскен сәтте Қазақстанның Қырғыз еліндегі төтенше және өкілетті елішісі Өмірзақ Өзбековтың ескертуіне құлақ асқан қазақ кәсіпкерлері кәсіпорын қызметтерін уақытша тоқтатуға шешім қабылдады дейді наурыздың 29-күні Азатты» радиосына берген Қазақстандағы «ТұранӘлембанктің» баспасөз қызметін басқаратын Ерлан Асқарбеков:

- Біздің ғимаратымызға қастандық жасалған жоқ. Өкілдік қала орталығында тұр. Өкілдік төрағасына сол түні болған оқиғалар жайлы әңгімелеп берген сақшылардың айтуынша, ел жаппай көшеге шыққан түні белгісіз біреулер сол маңды торып жүрген көрінеді. Бірақ, күзетшілер олардың бәрін ол маңнан қуып жіберіпті.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің берген мәліметі бойынша, жапа шектік деп хабарласқан қазақстандық кәсіпкерлер әзір жоқ. Наурыздың 29-күні Азаттық радиосының сұрағына берген жауабында министрлік қызметкері Мұхтар Кәрібай мырза өзінде бар ақпаратты былайша сипаттады:

- Сол елде (Қырғыз елі) оқитын студенттерді Қазақстанға қайтаруға елшілік көмектескен. Жалалабадта оқитындары да бар. Сыртқы істер министрлігіне отандық кәсіпкерлерге қатысты келіп түскен дерек әзірге осы.

Ал Қазақстандық тағы бір ірі банк мекемесі «Казкоммерцбанктің» баспасөз хатшысы Лариса Коковинец қырғыз еліндегі осы банк мекемелері толқу басталған күні түске дейін, Қырғыз ұлттық банкі межелеген уақытқа дейін жұмыс істеп, бір сәт жабылмағанын айтады. Қызметкерлер мен банк ғимаратына ешбір зиян тиген жоқ дейді ол.

Оның сыртында, қырғыз демократиялық күштерінің беделді мүшелерінің бірі Феликс Құловтың бастамасымен құрылған халық жасақтары қоғамдық маңызы бар нысандарды бүлік-тонаудан күзеткен жайттары да болғанын айтады. Компания шығын шекпегенімен, орталықта тоналған үлкен супермаркет ішіне қойылған ақша банкоматын сындыру мақсаты болғанын да «Казкоммерцбанк» баспасөз хатшысы жасырмайды:

- Бішкекте біздің 7 банкоматымыз тұр. Оның біреуі талқаны шыққан үлкен дүкен ішінде қалып қойған. Оны ашып, сындыру мүмкіндігі жоқ деуге болады. Себебі, бұл темір қойманы құрастыратындар да келешекте тонау қаупі болатындығын ескеріп құрастырады ғой. Әрине, тонаушылар оны ашуға тырысқан. Бірақ, ештеңе өңбеген соң, тастап кеткен болу керек.

Наурыздың 29-күні Азаттық радиосының сауалына телефон арқылы берген жауабында Қырғыз мемлекетінің Астанадағы елшілігінің кеңесшісі Иван Павлов Қазақстандық кәсіпкерлер тарапынан әзірге қырғыз үкіметі атына қандай да бір шағым-арыздардың түскені жайлы деректің жоқ екенін айтты:

- Біз де мағлұматты сіздер құсап, интернет арқылы алып отырмыз. Сондықтан, ресми мәліметтер бізде жоқ. Ал, тікелей елшілікке шағымданғандар болған жоқ.

Сонымен, Қырғыз елінде болған саяси оқиға салдарынан бизнесіміз залал көрді деп ресми мекемелерге арыз-шағым түсірген кәсіпкерлер Қазақстанда әзірге жоқ. Ал Бішкек оқиғалары кезінде Қырғызстанда мобиль байланысы саласында операторлық қызмет көрсететін Ресейлік компанияның дүние-мүлкі толық қирағаны туралы бірқатар ақпарат құралдары хабарлаған болатын.
XS
SM
MD
LG