Accessibility links

АҚШ үкіметі адам құқықтары туралы баяндамасын жариялады

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Жыл сайын АҚШ мемлекеттік департаменті әлемдегі адам хұқықтарының сақталуы және демократияның жайы жөнінде екі мәрте баяндама жариялап тұрады. Сондай-ақ, Құрама Штаттардың өкіметі осы мәселелерді қалай жүргізіп келе жатқаны жөніндегі бөлек баяндаманы мемлекеттік департамент дүйсенбі күні жариялады.

Мемлекеттік хатшы Кондолиза Райс ханымның айтуынша, АҚШ елбасы Джордж Буш осыдан екі ай бұрын елбасылық қызметке қайта отырар алдындағы сөзінде, негізінен әлем бойынша адам хұқықтары мен демократияның қорғалуы туралы өз саясатына ұзақ тоқталды. Райс ханымның айтуынша, АҚШ-тың қауіпсіздік деңгейінің жақсаруы әлемдегі жағдайға тікелей байланысты.

- Өткен жылы әлем бет-бейнесінде керемет өзгерістер болды. Ауғанстандағы сайлаулар, Палестина жерлері және Ирақ, сондай-ақ Грузия, Украина мен Ливан елдерінде халыққа қарай демократиялық алғашқы қадамдар жасалды. Бұл елдер тирандық билік пен езгі астында ұзақ өмір сүрген болатын. Сол шиеленісті оқиғалар көрсетіп отырғанындай, еркін азаматтар қоғамы әрбір жеке тұлғаның қадір-қасиетін құрметтеу негізіне құрылуы тиіс, - деді К.Райс ханым.

АҚШ Мемлекеттік департаменті әзірлеген бұл баяндама “Адам хұқығы мен демократияға қолдау көрсету: 2004-2005” деп аталады. Онда “Америка өкіметі кейбір елдердегі осы сауалға байланысты жағдайды қалайша жақсартуға болады деген мәселені ел өкіметтері мен түрлі институттар және өкіметтік емес ұйымдармен пікірлесе отырып, бостандықты қолдап келеді” делінген.

Кейбір елдердің іс-әрекеттерін жақсарта түсу мақсатында ресми Вашингтон қаржылай көмек және басқа да тиімді әдістерді қолданады. Сондай-ақ, кейбір мемлекеттерге қатысты экономикалық тиымдар сияқты қатаң шараларға да барып жатады.

Баяндаманың жарыққа шығуына орай болған баспасөз мәслихаты кезінде, Мемлекеттік хатшының демократия мен адам хұқықтары, сондай-ақ еңбек бойынша атқарушы көмекшісі Майкл Козак мырзаға журналистер «Демократия мен адам хұқықтары және еңбекке байланысты қос стандарт болуы мүмкін бе?» деген сауалды дүркін-дүркін қойды.

Козак мырзаның айтуынша, бір бағыттағы тұжырым барлық елдерге бірдей сәйкес келе бермейді. Кейбір елдердің жағдайы тіпті қайталанбас дәрежеде өзгешелікке ие болуы мүмкін. Сондай-ақ, «Қырғызстанда соңғы күндері болған демократиялық қозғалыстар барысында тонау мен басқа да күш қолданулардың орын алғанына АҚШ қалай қарайды?» деген сауалға М.Козак мырза:

- Құрама Штаттар әрқашанда биліктің бейбіт түрде ауысуын жақтайды, - деп жауап берді.

Бұдан кейін «АҚШ солдаттарының кейбірі Ирақтағы Әбу-Ғрайб түрмесінде тұтқындарды зәбірлеген жайттар орын алған тұста, Америка адам хұқықтары жайлы қалай айта алады?» деген сауалға Козак мырза алғашында бұл жағдай Американың Таяу Шығыстағы беделіне нұқсан келтіретін болды-ау деп толқығандарын айтты.

- Алайда, американдық кейбір азаматтар қылмысқа барғанымен, Америка жүйесінің ондай тәртіпсіздікке төзбейтінін және айыптылардың лайықты жазаларын алатынын АҚШ өкіметі көрсетті, - деді Майкл Козак.
XS
SM
MD
LG