Accessibility links

БҰҰ зерттеуі Ауғанстанда көкнәр егу азайғандығын айтып отыр

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Ауғанстанның 34 аймағында көкнәр егудің азая түскен делінген БҰҰ-ның арнайы зерттеуінде. Мұндай жағдай Ауғанстанда соңғы төрт жыл ішінде алғаш қалыптасып отыр. Бұл зерттеу жексенбі күні жарияланған болатын.

2001 жылы Талибан билігі құлатылғаннан бергі аралықта Ауғанстанда есірткі өндіру қарқынды дамып кеткен болатын. Ауғанстан әлем бойынша апиын және геройн өндіруші басты елге айналған еді. Ол көрсеткіш 2003-ші жылмен салыстырғанда 2004-ші жылы үштен екі есе өскен.

Дей тұрғанмен БҰҰ жанындағы Есірткі мен қылмысқа қарсы күрес кеңсесі мен Ауғанстанның жаңадан құрылған Есірткіге қарсы күрес министрлігі зерттеулерін қамтыған баяндамасына қарағанда көптеген диқандар апиын орынына бидай сияқты дақылдар егуге көшкен екен. Осы кеңсенің Ауғанстандағы қызмет басшысы Дорис Буденберг Азаттық радиосына берген сұхбатында «Ауған өкіметінің есірткіге қарсы күрес бағытын диқандар байсалды түрде қабылдаған» деді.

- Бұл қадам - өкіметтің апиын өндіруге жасаған тиымын сыйлау, сондай-ақ қолданылатын шаралардан қаймығу. Есірткіге бақылау орнатуға өкімет белсенді түрде кірісіп, сондай-ақ қатаң шаралардың қолданылатындығын хабарлаған болатын. Фермерлер ол жөнінде біледі және жақсы өнім ала-алмаймыз деп те қорқады, - деді Буденберг ханым.

Оның сөзіне қарағанда, апиынның аз шығуы, бидай бағасының өсіп кетуі және құрғақшылықтың аяқталуы сияқты жағдаяттар Ауған диқандарының көкнәр егуді азайтуға бет бұруына әкеліп отыр. Желтоқсан айында таққа жайғасу рәсімі өте салысымен елбасы Хамид Қарзай ауған халқын апиын өндіруге қарсы күреске, дәлірек айтқанда, Жихад соғысына шақырған болатын.

Елдегі есірткі өндірісіне байланысы бар саудагерлермен іс жүргізу мақсатында арнайы соттың құрылғандығын Ауғанстанның Есірткіге қарсы күрес министрі Хабибулла Қадери өткен апатада жариялады. Ресми тұлғалардың пікірінше есірткі проблемасы - ел қауіпсіздігіне төніп отырған үлкен қатер.

БҰҰ тарапынан арнайы зерттеулер ақпан айында 200-ден аса ауылдарда жүргізілген болатын. Мұның өзі Ауғанстан аудандарының жартысынан көбін құрайды. 2005-ші жылға байланысты жүргізілетін зерттеулер көкек айында басталмақшы. Қазіргі зерттеулер мәліметтерден гөрі бағыт-бағдарды көбірек береді.

Дүйсенбі күні сөйлеген сөзінде елбасы Қарзай мырза елде апиын өндірудің азая түскендігіне орай риза сезімін білдірді. Алайда, диқандардың отбасы мүшелерін асырауы үшін өзге де кәсіп көздерімен айналысуына кеңес берді.

Мұндай игі қадамдар ауған халқының өз елін есірткіден ада мемлекетке айналдырғысы келетін бағытын айқындап отыр. Буденберг ханымның айтуынша апиын өндіруге қарсы бағыт осылайша жалғаса берген жағдайда диқаншыларға халықаралық көмек қажет болмақ.

Ауғанстандағы көкнәр өндіруге байланысты нақты мәліметтер БҰҰ-ның Ауған көкнәрі жөніндегі 2005-ші жылғы зерттеулеріне енгізілетін болады. Ол баяндама күзде жарық көрмекші.
XS
SM
MD
LG