Accessibility links

Қазақ жастары латын қарпіне көшуге қалай қарайды?


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері қазақ әліп-биін латынға көшіру мәселесі қоғамда оқтын-оқтын көтеріліп келеді. Кейбір деректерге қарағанда, латын жазуын қабылдауды қолдайтындар қатары көбейе түсуде. Бұл мәселеге қатысты жастар арасында да әрқилы көзқарас бар.

Жастардың кейбірі егер латын қарпіне көшетін болсақ , жаппай сауатсыздану процессінің басталып кетуі ықтимал десе, қайсыбірі Қазақстан халқын біртұтастыққа алып келетін алфавит болады, сол себептен көшкеніміз орынды дегенді айтады. Тағы бір парасы латын мен кириллицадан гөрі төте жазу тиімдірек деген пікірде.

«Латын қарпіне көшу бір күндік шаруа емес. Өйткені, бүгін буын кириллицамен көзін ашып, сонымен сауатын ашты. Сондықтан қазіргі алфавитті қолданыстан шығармаған орынды» дейді бұл мәселеге байланысты «Азаттық» радиосына өз пікірін білдірген Астанадағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Ақерке Кемел:

- Менің ойымша, қазіргі кезде латынға немесе төте жазуға көшуге әлі ерте. Өйткені, біздің материалдардың барлығы кириллицамен жазылған. Олардың бәрін ауыстыруға біріншіден, көп уақыт кетеді, екіншіден, қыруар қаражат жұмсалады.

Тағы бір жас Динара Әліпбаева да осы оймен келісетінін айтады. Оның пікірінше, басқа алфавитке көшу көп қаржыны талап етеді, екіншіден, адамдардың психологиясы да кириллицаға қалыптасып кеткен:

- Мысалы, жеке әріптерге де әсері бар. Латынмен кейбір әріпті жазу үшін 3 қаріпті қатар қолдануға тура келеді. Оның үшеуін қатар жазып, бір әріп жасап жүргенше қазіргі кириллицаның өзі дұрыс секілді.

Ал бұлардан өзгеше пікірдегі Лаура есімді бойжеткен қазіргі кездегі халықаралық тілдердің өзі о баста латын тілінен бастау алғандығын айта келе, латын қарпіне көшудің тиімділігі зор дегенді айтады:

- Латын әрпіне көшу дегеніміз сонау ескі Рим және Грек мәдениетімен қайта сабақтасу болып табылады. Себебі, қазіргі қолданыстағы кириллицаның да бастауы осы латын тілінен басталған. Біз өзіміз қазір латын тілін оқып жатырмыз, оның бар байлығын, көркемдігін үйреніп жатырмыз.

Зайнура есімді студент болса латын қарпіне көшкен жағдайда сауатсыздық белең алады деп ойлайды. Ол Қазақстан латын алфавитін енгізетін болса, жеткіншек буын мәңгүрт болып қалу қаупі бар дегенді айтады:

- Кезінде латын қарпінде жазып жүріп, бір күнде кириллицаға ауыстырып жіберген еді. Сол кезде халық бір-ақ күнде сауытсыз болып шыға келген. Егер латынға көшетін болсақ дәл сондай жағдай қайталануы ықтимал.

Ал Лаура бұл үшін мемлекет арнай қаржы бөліп, латын тілін үйрететін арнайы курстар ашып, бұны қолға алу қажет деп есептейді:

- Қазір барлық жерде мектептер бар, арнайы бөлімдер бар. Солардың барлығында латын тілін үйрететін бөлімдер ашып қойса, неліктен оны үйренбеске? Ал, бұл мақсатқа қаражатты мемлекет бөлу керек деп есептеймін.

Еуразия университетіндегі Гуманитарлық институтының оқытушысы Бекжан Досжанов латын қарпін енгізу арқылы халықты біртұтастыққа шақыруға болады деген ойда:

- Латынға көшу өте қажет. Өйткені Қазақстан халқын біртұтастыққа алып келетін алфавит болады. Қазір іс-қағаздардың барлығы орыс тіліндегі нұсқа бойынша қазақша жасалады. Егер латынға келетін болсақ соның барлығы ортақ бір жерге жинақталады.

Болашақ тарихшы Ардақ есімді студенттің ойынша латын қарпіне қарағанда төте жазуды пайдаланған әлдеқайда тиімді.

- «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дейді ғой. Қазіргі халықаралық тілге айналып отырған ағылшын тілінен гөрі төте жазуға көшкеніміз орынды. Соны халықаралық деңгейге көтерсе жақсы болар еді деп ойлаймын.

Жалпы, латын қарпіне көшу мәселесі Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда-ақ көтеріле бастаған-ды. Бүгінгі таңда латын әліп-биінің қазақ тіліне орайластырылған бірнеше нұсқалары дайын тұр. Мәселен, мемлекеттік ақпарат құралы - «Қазақпарат» агенттігі сондай нұсқалардың бірін Интернет арқылы шетелдік қазақтарға ақпарат тарату үшін пайдаланып отыр.

XS
SM
MD
LG