Accessibility links

Орталық Азия елдерінде азаматтық құқық-бостандықтар шектеліп отыр


Алматыда «Орталық Азия елдерінде қоғамдық ұйымдарға бірігу бостандығы және бейбіт жиындар өткізу құқығы» тақырыбына өтіп жатқан аймақтық конференцияға Орта Азия елдерінен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері мен адам құқығы жөніндегі халықаралық сарапшылар қатысып отыр.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Алматыдағы халықаралық жиынға Орта Азия елдерінің адам құқығы жөніндегі халықаралық сарапшылары және мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері бас қосты. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы адам құқығы жөніндегі республикалық комиссия хатшылығының меңгерушісі Тастемір Әбішевтің айтуынша, бұл шараға жиналған мамандар, бүгінгі таңда ең өзекті деген тақырыптардың бірін талықылануда.

- Бүгінгі аймақтық конференцияда азаматтардың қоғамдық ұйымға бірігу құқығы қалай жүріп жатыр, олар тіркеуден өту керек пе? Әлде керек емес ме? Және мына бейбіт шерулерге олар қандай көзқараспен қарайды. Осы бейбіт шерулер мен жиындарды құқықтық жағынан реттеу сынды мәселелер қарастырылып, шет елдік тәжірибелермен танысып жатырмыз.

Сонымен қатар ол бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында өз ойын айтып, бейбітшілік жиынына шығуға конституция бойынша рұқсат берілгенін, алайда, оның өзіндік ерекшеліктері бар екенін айтты:

- Қазақстан Республикасының конституциясында, біздің еліміздің азаматтары және осында тұрып жатқан азаматтар бейбіт шерулер, жиналыстар өткізуге құқылы деп көрсетілген. Дегенмен, егерде бейбіт шерулердің мақсатында конституциялық құрылысты өзгерту, қоғамдағы қалыптасқан имандылық принциптерін бұзу, қоғамдық тәртіпті бұзу, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіру сынды мақсат көзделсе, бейбіт митингілер мен шерулер өткізуге тиым салынады.

Ал «Транспаренси-Қазақстан» қоғамдық ұйымының атқарушы директоры Сергей Злотниковтың сөзіне қарағанда, бейбіт шеруге шығатын адамдардың іс-әрекетіне шектеу қойылып, олар қудаланса, керісінше, соларды жақтаушылардың саны арта түседі деп санайды.

Ал жиынға қатысып отырған Қырғыз Республикасының адам құқы жөніндегі өкілі Садық Шернияз, қарапайым халықтың сөзіне құлақ аспағанның нәтижесі Қырғызстанда толқуларға әкеліп соқты дегенді айтып отыр:

- Бізде де конституция бойынша азаматтар жиналып, митинг-жиындар өткізуге құқылы. Бірақ, осыдан кейін біздің елде мұның барлығына кедергі қойылатын заң қабылданды. Оны біз 4 ай бұрын алып тастадық. Дегенмен, үкімет басшылары әлгіндей жиындар өткізуге осы күнге дейін рұқсат бермей, халықтың аузын жауып келді ғой. Көп жерде құқық бұзу жағдайлары кездесіп, оның аяғы Қырғызстанда көтерілістерге әкеліп соғып отыр.

Сонымен қатар ол, Бішкектегі оқиғалардың ізінше Алматыда өтіп жатқан бұл шараның тек қана Қырғыз еліне ғана емес, барлық Орта Азия елдеріне берері мол деген сенімде. Ал «Транспаренси-Қазақстан» қоғамдық ұйымының атқарушы директоры Сергей Злотников, Қырғызстандағы жағдайдың басталуына бірден-бір себеп болған жағдай - үкімет пен халық арасында байланыстың болмауы дегенді айта келіп, Қазақстанда оған қарағанда жағдай жақсырақ деген пікір білдірді:

- Дегенмен, Қазақстанда үкімет пен халықтың арасындағы дәнекер байланыс әзірге тек ресми түрде ғана. Ал ол күнделікті әрі ашық жүргізіліп отыруы қажет. Егер екі жақты түсіністік болмаса, мемлекеттің болашағы да бұлыңғыр болады.

Орталық Азия елдеріндегі бірлестікке бірігу бостандығы мен бейбіт жиындар өткізу құқығы тақырыбына арналған бұл жиынды Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы мен ЕҚЫҰ-ның Алматыдағы орталығы Қазақстанның сыртқы істер министрлігімен бірлесіп өткізіп отыр.
XS
SM
MD
LG