Accessibility links

Баспасөзге шолу. 31 наурыз 2005 жыл

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Бейсенбі күні шыққан газеттер арқылы қазақ опппозициясы алдағы президент сайлауы бұрмалаушылықтар мен заң бұзушылықтар негізінде өтсе, қарапайым халықты алаңға алып шығатындығын мәлімдепті. Алайда, Қырғызстандағы төңкерістен соң Қазақстандағы ресми билік өз режимін күшейтуге қатты кірісіп кеткен көрінеді.

“Свобода слова” басылымына берген сұхбатында саясаткер Болат Әбілов егер де алдағы президент сайлауы бұрмалаушылықтар мен заң бұзушылықтар негізінде өтсе, оппозиция өкілдерінің қарапайым халықты алаңға алып шығатындығын мәлімдепті.

Қырғызстандағы төңкерісті өз көзімен бақылап келген, Болат Әбілов дәл қазіргі уақытта Бішкекте ешқандай да бір бейберекетсіздіктің жоқтығына тоқталып, қаладағы сауда орындарын тонауды Ақаевтың жақтастарының әдейі ұйымдастырғаны туралы болжамның бар екендігін тілге тиек етіпті.

Өз сұхбатында Болат Әбілов Қазақстанда да алдағы уақытта осыған ұқсас төңкерістің орын алуы мүмкін екені туралы өз ойын білдіріпті. Болат Әбіловтың пікірінше, бұл жерде барлық мәселе тек экономикаға ғана тіреліп тұрған жоқ, Қырғызстандағы билік те Қазақстандағыдай коррупцияға белшесінен батып, соңында бұл ахуал қырғыздардың жаппай нарызылығын туғызды.

“Қазақстан халқы да жаппай белең алған коррупциядан, жұмыссыздың пен жоқшылықтан шаршады. Елдегі экономикалық ахуал жақсарып келе жатыр дегенімізбен, қарапайым халық қайыршылық күйді басынан кешіріп отыр” дейді, саясаткер Болат Әбілов.

“Сөз” газетінде жарық көрген Сергей Керннің мақаласында Қырғызстандағы төңкерістен кейін, Қазақстандағы ресми биліктің өз режимін күшейтуге қатты кірісіп кеткендігі айтылыпты. Осы сөздеріне дәлел ретінде мақала авторы Қазақстан Парламентінің Орталық Сайлау Комиссиясы сайлау қорытындысын толық жариялағанға шейін пикет ұйымдастыруға тиым салынатын “Сайлау туралы” заңды қабылдағандығын мысалға келтіріпті.

Мақала авторының айтуынша, ресми билік экстремизм мен терроризмге қарсы күресті желеу етіп, прокуратура мен арнайы қызмет орындарының қызметін күшейтуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда ендігі уақытта прокурорға саяси партияның қызметін тоқтату туралы шешімді соттың үкімінсіз қабылдауға рұқсат берілген.

“Жұма таймс/Дата недели” апталығы болса, Финляндия астанасына Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бармайтындығы туралы ақпарат жариялапты. Ресми Астана Мемлекет басшысының Финляндияға бармайтындығының себебін, Қырғызстандағы оқиғаларға қатысты екендігімен түсіндіріпті.

Алайда мақала авторы шет елдік басылымдар арқылы коррупционер және диктатор ретінде атағы шыққан Нұрсұлтан Назарбаев өзінің сапары финдықтардың үлкен наразылығын туғызуы мүмкін екендігінен сескенді деген қорытынды түйіпті. Мақалада келтірілген деректерге сүйенсек, соңғы жылдардағы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Батысқа сапары ылғи да сол елдегі қоғамның наразылығын туғызумен келеді.

Сондай-ақ, «Жұма таймс/Дата недели” апталығында қазақстандық оппозицияның шет елдегі бюросы өкілдерінің қолы қойылған Финляндия Республикасының Президенті Тарье Халонен ханымға, Финляндия Республикасының премьер-министрі Мати Ванханенге және Финляндия республикасы парламентінің төрағасы Павво Липпоненге жолдаған ашық хаты жарық көріпті.

Аталмыш хатта қазақстандық оппозицияның шет елдегі бюросының өкілдері Нұрсұлтан Назарбаев басқарған жылдың ішінде Қазақстан мемлекетінің авторитарлық елге айналып кеткендігі, барлық биліктің бір қолға шоғырланғандығы және осы жылдардың ішінде бірде-бір рет әділ сайлаудың өтпегендігіне баса назар аударыпты. Хатты жазушылардың айтуынша, Қазақстан Президенті болуға үміті бар азаматтар түрмеге қамалады немесе шет елге кетіп, бас сауғалауға мәжбүр болады.

Осы сөздеріне дәлел ретінде хатты жазушылар, экс-премьер Әкежан Қажыгелдиннің сыртынан 10 жылға, ал Ғалымжан Жақияновтың сотталып түрмеге отырғызылғандығын мысалға келтіріпті. Сонымен қатар аталмыш хатта тәуелсіз басылымдардың қудалауға ұшырап, саяси партиялардың жабылып жатқандығы да айтылыпты.

“Время” газетінде өткен аптада Мәдениет министрлігінің, архив комитетінің талап-арызы бойынша соттың шешімімен “Республика” басылымының иесі “Бастау” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысының тоқтатылғандығы хабарланыпты. “Республика” газеті бас редакторының орынбасары Галина Дырдинаның айтуынша аталмыш басылым Ресей Думасының вице-спикері Владимир Жириновскийдің “Эхо Москвы” радиобекетіне берген сұхбатын көшіріп басқаны үшін жабылып отыр.

“Жас Алаш” және “Свобода слова” басылымдары болса Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысын құрған Ғалымжан Жақияновтың қамауға алынғандығына үш жыл толғандығын хабарлапты. Аталмыш басылымдар осы өткен үш жылдың ішінде Ғалымжан Жақияновтың ұлттың нағыз қаһарманына айналғандығын атап өтіпті.
XS
SM
MD
LG