Accessibility links

Палестина әйелдері Израиль-Палестина жанжалдарынан айрықша запа шегіп отыр


Адам хұқықтарын қорғау ұйымдары Израиль-Палестина жанжалдарынан Палестина әйелдерінің айрықша запа шегіп отырғанын айтып отыр. Тіпті олардың мүшкіл жағдайына ешкім назар аудармайды дейді «Амнести интернейшнл» ұйымының сарапшылары.

Айы-күні жетіп, толғатқан Рула Аштияның перзентханаға өтуіне Израиль солдаттары рұқсат бермегеннен кейін, байқұс әйел әлгі Израиль әскери бекетіне жақын жерде, жолдың бойында босануға мәжбүр болған. Дүниеге келгеннен кейін, санаулы ғана минуттардан соң оның нәрестесі көз жұмған. Мұндай мысал аз емес.

«Амнести интернейшнл» ұйымының мәліметтеріне қарағанда, өткен төрт жарым жыл ішінде Израиль бекеттері маңында 50-ден аса әйел осылайша босануға мәжбүр болыпты. Тель-Авив салған тиымдарға орай палестиндік сандаған әйел босанудан бұрынғы және кейінгі медициналық көмектерге жете алмай отыр.

«Амнести интернейшнл» ұйымының хабарына қарағанда, Палестина әйелдері екі жақтан да қысымға душар болып отыр. Израиль әскерлері оларға қарсы күш қолданып, қорқытып-үркітумен айналысады екен. Олардың күйеулерінің Израиль жағына өзі келіп берілуі немесе “жаздым-жаңылдым” деп тиісті қағаздарға қол қоюына көндіріңдер деп палестин әйелдерін Израиль әскерилері қыспаққа алатынын айтады. Оларды қорқытып-үркітіп, тіпті қамауға да алып жатады.

Израиль және оның басып алған жерлерде зерттеулер жүргізетін Донателла Ровера – «Амнести интернейшнл» ұйымының арнайы маманы. «Азаттық» радиосына берген сұхбатында ол:

- Израиль әскерлері басып алған Палестина жеріндегі күш қолданулардың өршіп кеткендігі соншама, мұндағы халық еш жерде өздерін қауіпсіз сезіне алмайды. Адамдар - ер азаматтар, әйелдер, балалар көшелерде ғана емес, тіпті өз үйінде де өлтіріліп жатады. Балалар мектеп парталарында, сабақ оқып отырған кездерінде де өлтіріле береді. Әрине, мұндай жағдайда әйелдер өздері үшін де, отбасы мүшелері үшін де, балалары үшін де алаңдаумен күй кешеді, - дейді.

Израильдің басып алушылығымен Палестина жерлерінде жұмыссыздық және кедейлік өршіп кетті. Сондай-ақ, зерттеушілер палестин қауымдастығы арасында да әйелдерге деген көзқарас нашарлай түскенін айтады. Себебі, ер-азаматтар қалыптасып отырған жағдайға байланысты өздерінің ашу-ызаларын, әдетте әйелдеріне төгіп жатады. «Палестин әйелдері» атты топтың есептеуінше, 1999-шы жылдан бері отбасында әйелдерге көрсетілетін зәбір деңгейі 150 пайызға өсіп кеткен екен.

Әйел-аналарды зәбірлеуді тию мақсатында жүргізіліп жатқан шаралар қатарындағы баяндаманың аты - “Жанжал, Басып алушылық, Патриархат: әйелдер ауырлықты көтеріп келеді” деп аталады. Онда Израиль және Палестина басшыларына арналған арнайы ұсыныстар бар. Атап айтқанда, «Амнести интернейшнл» аталған баяндамада Израиль тарапын әйелдердің медициналық көмек және білім алуы үшін жүріп-тұруына шектеу қоюды тоқтатуға шақырып отыр.

«Амнести интернейшнл» ұйымының маманы Ровера ханым сонымен бірге баяндамада Израиль әскеріне палестин үйлерін қиратуды тоқтатуға, ал Палестина басшылығына елде әйелдерді кемсітетін заңдарды өзгертуге және оларға көмектесетін шараларды ұйымдастыруға кеңес берілгенін айтады. Осы орайда бұл екі жаққа да халықаралық қауымдастық тарапынан қысым көрсетілуі тиіс дейді Ровера ханым.
XS
SM
MD
LG