Accessibility links

Ирақтық балалардың 8 пайызы ашқұрсақ өмір кешіп жатыр


Саддам Хұсейн билігі кезінде Ирақ балаларының тойып тамақтанбай аш-жалаңаш жүретіні үлкен мәселе болған. Саддам Хұсейннің тақтан құлатылғанына 2 жылдан астам уақыт болса да, мәселе әлі күнге дейін шешілмей-ақ келеді, аштық кесірінен, елдегі көптеген балалардың дене салмағы әдеттегіден әлдеқайда төмен.

БҰҰ-ның адам құқтары жөніндегі сарапшысы Зиглердің айтуынша, Ирақтағы 5 жасқа дейінгі ашқұрсақ балалар мәселесі аса үлкен проблемалардың бірі болып қалып отыр. Джан Зиглердің айтуынша, 2003 жылы Саддам Хұсейн тақтан құлатылғалы бері Ирақтағы 5 жастан төмен жас балалардың ашқұрсақ жүруі жағдайы екі есеге дерлік көбейген.

- Бұл - 8 пайыз деген сөз, - дейді БҰҰ-ның адам құқтары мәселесі жөніндегі комиссия мүшесі.

Балалар аштығының асқынғаны соншалық, олар табиғи салмағынан айрыла бастаған. Ал, егер оның алдын алмаса, жеткіншек өмірмен қоштасады. Мұндай мәліметтер 2004 жылы баспасөзде де хабарланған болатын. Бірақ, ол кезде ресми дерек қатарында берілмеген еді.

Ал бұл жолы зерттеуді БҰҰ даму бағдарламасының демеушілігімен Ирақ Жоспарлау және Даму министрлігі Норвегия халықаралық зерттеу орталығымен бірлесіп жүзеге асырған болатын.

- Балалар аштығы жөнінде Министрліктің БҰҰ даму бағдарламасымен бірігіп жүргізген жұмыс нәтижесі мамыр айының басына дейін жарияланып қалар. Сондай-ақ, ол деректер көкектің соңына дейін Амман жане Бағдадта жұрт қолына жетер, - дейді бағдарлама өкілі Киннон.

Зерттеу нәтижесімен танысқан Халықаралық көмек топтарындағы сарапшылардың айтуынша, ирақтық балалар аштығы жөніндегі жарияланған соңғы деректер бұрын баспасөзде жарияланған мәліметтерден өзгешелеу болуы мүмкін. Бірақ, қалай болғанда да, азық-түлік мамандарының пікірінше, Ирақтағы балалардың ашқұрсақ қалуы осы кезге дейін аса күрделі жағдайда қалып отырған мәселе екені шындық.

БҰҰ-ның әлемдік азық-түлік бағдарламасы қазанда жариялаған дерекке қарағанда, Ирақтағы 6 жарым млн. жуық адам, яғни халықтың 25 пайызы, тойып тамақ жей алмайды, сондықтан олар аштық дертіне кезігеді. Ал жасы 5-ке дейінгі балалардың 27 пайызы күнделікті аш жүреді екен.

Жарияланған деректерге орай, Әлемдік азық-түлік бағдарламасы Ирақтағы ашқұрсақ бала қауымы үшін 60 млн болатын бір жылдық көмек шарасына кіріскен. Қазірде Ирақта ондай көмекке зәру топқа жататындар қатарында 220 мың аш бала мен олардың отбасы мүшелері, 1 млн 700 мыңдай мектеп оқушысы, сондай-ақ, 350 мыңдай екіқабат және нәрестелі аналар бар.

Ирақ үкіметінің шешімімен мұқтаж отбасылар купон арқылы дүкендерден азық-түлік алуы мүмкін. Қауіпсіздік жағдайына қарамай үкіметтік жүйедегі мұндай көмек өз иелеріне жете беруі тиіс. Бірақ, таза су мәселесі күн тәртібінен түспей тұрған ең өзекті мәселенің бірі боп отыр.

Тамақтану мәселесін зерттеу тобы директорының орынбасары Джон Педерсеннің айтуынша, Ирақтағы ашқұрсақ балалар мәселесінің себеп-салдарын зерттеу алдағы кезде де күн тәртібінен түспейді екен.
XS
SM
MD
LG