Accessibility links

Баспасөзге шолу. 1 сәуір 2005 жыл

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Бүгінгі шыққан газеттер оппозициядан ортақ кандидат Жармахан Тұяқбай туралы Қазақстан президентінің саяси кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевтың айтқанын, сондай-ақ экс-министр Мұхтар Әблязовтың жасырын түрде үлкен саясатқа оралып, Жармахан Тұяқбаймен кездескені жайында хабарлапты.

Қазақстан Республикасының саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев “Литер” және “Айқын” басылымдарына берген сұхбатында оппозициядан Президенттік сайлауға бір кандидат ретінде ұсынылған экс-спикер Жармахан Тұяқбайдың жеңіске жете алмайтынына сенімді екенін білдіріпті.

Ермұхамет Ертісбаевтың пікірінше, Жармахан Тұяқбайдың Қазақстандағы оппозициялық көңіл-күйде жүрген адамдардың арасындағы беделі де аса зор емес. Осы сөздеріне дәлел ретінде Ермұхамет Ертісбаев 1999 жылы, Мәжілістің қорытындысы шықпай жатып-ақ, Жармахан Тұяқбайдың спикерлік қызметке келгенін, ал 2002 жылы наурызда Ғалымжан Жақиянов қамауға алынған кезде мемлекеттегі үшінші тұлға бола тұра, оған ешқандай да қарсылық ыңғай танытпағандығымен байланыстырыпты.

Сондай-ақ, Е.Ертісбаев өз сұхбатында, Ж.Тұяқбайдың саяси менеджмент жағынан алып қарағанда Бәйменов пен Сәрсенбаевтың шаңына да ілесе алмайтынын, саяси трибунадан сөз алғанда Болат Әбіловтың одан жақсы сөйлейтінін айтып, демократиялық күштегі тәжірибесінің Қосанов, Своик, Дуванов және Қожахметовтермен салыстыруға да келмейді деп баға берген. Ал Қырғызстандағы орын алған төңкерістің Қазақстанда болуы мүмкін еместігіне тоқтала келіп Ертісбаев мырза елдегі оппозиция өкілдерінің фанатизмдік көңіл-күйге беріліп жатқанын да айтып өткен.

Ал, «Жұма таймс/Дата недели” апталығына берген сұхбатында Президент сайлауына оппозициядан бірегей кандидат ретінде ұсынылып отырған Жармахан Тұяқбай, Қырғызстандағы оқиға биліктің әлсіздігінен өрбіді деп мәлімдеген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің авторитарлық билігін одан әрі күшейтуді көздеп отыр деп сипаттаған.

Тұяқбайдың пікірінше, билік өкілдері тарапынан Н.Назарбаевтан басқа ешкім де президент болмауы керек деген сыңайдағы айтылып жатқан пікірлер «оппозициядан шыққан үміткерді үркіту үшін жасалып жатқан қадамдар ғана». Ал “Алма-Ата инфо” басылымына берген сұхбатында экс-спикер Жармахан Тұяқбай ендігі уақытта халық арасына барып жұмыс жасайтынын мәлімдепті.

Таяуда жарық көре бастаған “Свобода слова” басылымы да экс-спикер Жармахан Тұяқбайдан сұхбат алыпты. Газет тілшісіне берген сұхбатында Тұяқбай Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың осындай болып шығуына оның отбасы мен қарамағындағылардың ықпалының зор екендігін атап өтіпті.

“Президент өз кезегінде тек солармен ғана ақылдасады. Ал, олар өз кезегінде оның сеніміне кіріп алып, елдің бүкіл байлығын иеленіп алды. Енді олар өздері иеленіп алған байлықтан айырылғысы келмейтіндіктен, Президентті күні-түні мақтап, оның құтқарушы екендігін айтып жатыр. Алайда, Президенттің өзі де шын мәнісіндегі шындықты естігісі келмейді. Әйтпесе Президент өз балаларының шалқып өмір сүріп жатқандығын, ал қарапайым халықтың қайыршылық күй кешіп отырғанын да жақсы біледі» дейді Жармахан Тұяқбай.

“Central Asia Monitor” басылымына берген сұхбатында саясаткер Ораз Жандосов егер де Жармахан Тұяқбай алдағы президент сайлауында жеңіске жетсе, ең алдымен жаңа Конституцияны қабылдау механизмдерін іске асыратынын тілге тиек етіпті.

Жандосовтың айтуынша, алдағы президент сайлауы үш түрлі жолмен өтуі мүмкін. Оның біріншісі, заң бойынша жүзеге асуы ықтимал. Екіншісі, бұл президенттік сайлау да алдағы өткен парламент сайлауының кебін киюі ықтимал. Үшіншісі - бүкіл әкімшілік ресурс іске қосылып, тәуелсіз басылымдар жабылып, өрескел заң бұзушылықтар негізінде өтеді.

“Деловое обозрение Республика” басылымы болса, бейресми бұлақ көздерінің экс-министр Мұхтар Әблязовтың жасырын түрде үлкен саясатқа оралғаны туралы ақпараттың бар екенін жариялағанына баса назар аударыпты. Бейресми ақпарат бұлақтарының хабарлауынша, Қазақстанның Демократиялық таңдауы қозғалысын құрғаны үшін сотталып, президенттің кешірім жасағанының арқасында бостандыққа шыққан, қазіргі уақытта шет елде тұрып жатқан экс-министр Мұхтар Әблязов “Әділетті Қазақстан” саяси блогының жиналысына қатысу үшін Алматыға келген.

Алматыда жүріп экс-министр Мұхтар Әблязов оппозициядан Президенттік сайлауға бір кандидат ретінде ұсынылып отырған Жармахан Тұяқбаймен және саясаткер Болат Әбілов, Алтынбек Сәрсенбайұлымен кездескен. Көктөбеде өткен кездесу барысында Мұхтар Әблязов өзі қолдау танытатын “Куб” интернет-парақшасы, “Республика” газеті арқылы Нұрсұлтан Назарбаев, Иманғали Тасмағамбетов және Нұртай Әбіқаевты әшкерелеуге уәде берген.

Сондай-ақ, М.Әблязов Қазақстандағы оппозицияға көмек көрсету мақсатында экс-премьер Әкежан Қажыгелдинмен кездесіп, ортақ бір келісімге келген. 2005 жылдың 20 наурызында Мұхтар Әблязов қаланың сыртындағы резиденцияда Зейнолла Кәкімжанов және Мұхтар Жәкішовпен кездескені туралы жазылған.
XS
SM
MD
LG