Accessibility links

ТМД елдеріндегі саяси төңкерістер жалғаса бере ме?

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Қырғызстанда президент Асқар Ақаевтың биліктен шеттетілуі осындай күдікті сұрақтардың тууына түрткі болып отыр. Сондықтан кейбір талдаушылар «ендігі төңкеріс кезегі қай мемлекетке тура келер екен?» деген сұраққа жауап іздеп отыр.

Күтпеген жерден наурыздың 24-інде өз елінен қашып, Мәскеуден пана тапқан қырғыз президенті Асқар Ақаев ресейлік «Эхо Москвы» радиосының «осындай саяси тығырыққа тірелген жағдайда өзге әріптестеріңізге қандай кеңес берген болар едіңіз?» деген сұрағына:

- Наурыздың 24-інен алар сабақ, сондай-ақ, менің кемшілігім - біздегі демократия әлі күнге дейін әлсіз екенін байқатты, ол демократия өзін қорғай алмады. Сондықтан мен демократиялық табыстарды күшпен болса да қорғап қалыңдар дер едім, - деп жауап қатқан.

Сонымен, Асқар Ақаевтың пікірінше, Грузия, Украина және Қырғызстандағы төңкерістер қарусыз шеруші, ереуілшілерге қарсы үкімет күш қолданбағандықтан мүмкін болып отыр екен.

Мәскеудегі халықаралық байланыстар институтында жұмыс істейтін сарапшы Сергей Лузянин, президент Ақаев өз билігі кезінде бірқатар қателіктерге жол берген деп санайды. Оның пікірінше, алдымен, солтүстік және оңтүстік аймақтағы тайпалық өкілдерге билік тізгінін тең, әділ жағдайда таратпаған Ақаев, өз ауыл-аймағы - солтүстікке басымдық беріп, билік-лауазымды соларға көбірек ұсынған.

- Советтік заманда жергілікті үкімет, әкімшілік басшылығына, әдетте жетекшілік қызметтегі азаматтар ауыстырылып отыратын. Ал Ақаев жетекшілігі кезінде солтүстіктен жіберілген адамдар оңтүстікті билей бастаған. Міне, сондықтан оңтүстік аймақтағы Ош, Жалалабад, Баткен халқы бас болып Ақаев режиміне қарсы көтеріліп шықты. Бұл көтеріліс 14 жыл бойы әділетсіздік жолымен ел басқарған Ақаевтың бұл тірлігіне елдің білдірген наразылық сезімі, қахары болды. Енді ол пісіп жеткендіктен соның салдары көз алдымызда, - дейді мәскеулік сарапшы.

Оның үстіне Ақаев, өз жерлестерін айтпағанда, енді саяси билікке өз отбасы мүшелерін де түгел тарта бастады. Бұл тіпті оның өз адамдарына да ұнамады. Оның айналасындағы қызметкерлерінің өзі Ақаевтың ісінен түңіле бастады дейді Лузянин:

- Қызметкерлерінің өзі «біз оған қарсымыз, уақыт келеді - біз оны қуамыз» дейді екен. Міне, сол сөз ақиқат болды. Үкіметтегі 70 пайыз адам Ақаевтың жағдайы нашарлай бастағанын біліп, қарсы жаққа өтіп кетті, - дейді сарапшы.

Енді сарапшылар «төңкеріс болып өткен ТМД-дағы үш елдің жағдайы өзге республикаларда жалғасын табар ма екен?» деген сауалға жауапты ең алдымен мұндай төңкерістің пайда болу себебінен іздейді.

Ондай себептердің қатарында, алдымен, халықтың нашар экономикалық тұрмысы, елді, үкімет билік орындарын жаппай жайлаған коррупция, сайлау кезіндегі әділетсіздіктер, сөз бостандығының жоқтығы, адам құқықтарының өрескел бұзылуы, т.т. жиі айтылады.

Бірақ, Украинадағы төңкеріске экономика себепші болған жоқ дейтіндер де бар. Дегенмен, Швецияда шығатын «Орталық Азия және Кавказ» журналынан редактор Мұрад Есеновтың айтуынша, Қырғызстандағы секілді сайлау кезінде болған заңсыздықтар алдымен Қазақстанда анық байқалған. Қырғыз президенті сияқты Нұрсұлтан Назарбаев та өзінің президент билігінің күшін өз отбасы, құдалары маңайында шоғырландырып алған.

- Дегенмен, Қазақстанда халық өз пікірін ашып айтуға біршама мүмкіндігі бар. Бірақ, халық өз ойын айта алғанымен, Қазақстанда да үкімет сыбайлар жемқорлықпен шырмасып кеткен. Төңкеріс болған Грузия, Украина, ал енді міне соңғы жағдай - Қырғызстанда коррупцияның көкесі орын алғаны белгілі, - дейді Мұрад Есенов.

Мәскеулік талдаушы Лузянин да Қазақстан президенті Назарбаев Ақаев секілді осындай тірліктерге барған, тіпті, одан артық дерлік істері де баршылық дейді. Сондықтан да оппозициямен теке-тірес күшті дейді ол.

- Бірақ, қырғыздармен салыстырғанда Қазақстанда оппозиция күшті, жақсы ұйымдасқан, ауызбіршілігі бар. Айта кеткен жөн болар, Қазақ үкіметі де, жоғары билік те өз ісін жақсы біледі, сондықтан олар да өзара ауыз-жаласып, өзара біріге түскен. Мұндай жағдай Ақаевта болмады. Ол өз билігінің заманы өткенін кеш білді. Бірақ, Қазақстандағы жағдай басқашалау, - дейді сарапшы.

Лузянинның пікірінше, алдағы кезде Қазақстандағы саяси күрес күшейе түседі.

- Жыл соңында, немесе алдағы жылда оппозиция жеңіске жете қояр дей алмаймын, бірақ, Қазақстандағы саяси ахуалдың қыза түсуінде шек-шүбә жоқ, - дейді мәскеулік сарапшы.

Сондай-ақ, кей талдаушылар алдағы уақытта, қарашада болатын сайлау кезінде Әзірбайжанда кезекті саяси шайқастар орын алуы мүмкін деген болжам айтады. Дегенмен, шетелде жүрген түрікменстандық талдаушы Есеновтың пікірінше, Әзірбайжандағы экономикалық жағдай Орта Азия елдерімен салыстырғанда дұрыстау болғандықтан, ол елде саяси төңкеріске негіз жоқ.

- Бакуде Грузия мен Қырғызстан секілді қатты кедейшілік онша байқалмайды. Жұмыссыздық та онша асып тұрған жоқ. Сондықтан, Бакуде көтеріліс, не төңкеріс бола қоймас. Ал, елдегі бар наразылық сезімі алдағы сайлау кезінде онша ушығып кете қоймас, - дейді Мұрад Есенов.

Ал егер ел жетекшісі экономикалық мәселені шеше алмаса, бірақ, биліктен де кеткісі келмесе, онда демократиялық қозғалыстарды жаншып-басуға бейім таныта ма деген сауалға талдаушының білдірген пікірі - Өзбекстан, Түрікменстан және Беларус еліндегі қазіргі авторитарлық жетекшілік жағдайға қарағанда, онда дәл солай болуы да мүмкін. Бірақ, бұл елдерде де ондай алдамшы тұрақтылық жағдайы, бұрынғы совет кезіндегідей, онша көпке созыла қоймас дейді ол.

Украинаның қазіргі бас министрі Юлия Тимошенко ТМД аймағында әлі революциялар бола береді депті. Оның қай елде, қашан болатындығын нақты айтпағанымен, ондай төңкерістердің табысты болатындығына Тимошенко сенімді екен.
XS
SM
MD
LG