Accessibility links

Баспасөзге шолу. 2 сәуір 2005 жыл


Апта соңында басылымдарда Қазақстан оппозициясы өкілдерінің ресейлік “Эхо Москвы” радиобекетіне сұхбат бергендігі айтылыпты. Халықаралық әуерейстердің ендігі уақытта тек Астанадан ұшатындығы да апта соңында жарық көрген басылымдардың баса назар аударған тақырыбының біріне айналыпты.

“Эпоха” басылымында жарық көрген “Халықтың үлкен наразылығы “мақпал революциясына” әкелуі ықтимал” деген мақалада Қазақстандағы оппозиция өкілдерінің Ресейге барып қайтқандығы және ресейлік “Эхо Москвы” радиобекетіне сұхбат бергендігі айтылыпты.

Оппозициядан бір кандидат ретінде сайлауға түскелі отырған Жармахан Тұяқбай “Эхо Москвы” радиобекетіне берген сұхбатында Қазақстанда тек Нұрсұлтан Назарбаевтың қолына шоғырланған биліктің қалыптасқандығын тілге тиек етіпті. Жармахан Тұяқбайдың айтуынша, елдегі жаппай алған тонаушылықтың салдарынан мемлекет байлығының иелігін қазақстандықтар көре алмай отыр.

Саясаткер Болат Әбілов болса, бес жылдан бері шет елде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты сот процесінің өтіп жатқандығын, ондаған миллион доллардың Швейцария банкілерінде тұтқындалғандығына тоқталыпты. Болат Әбіловтың айтуынша “Қазақгейт” деп аталатын бұл сот процесіне Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасының мүшелерінің тікелей қатысы бар.

Саясаткер Ораз Жандосов пен Алтынбек Сәрсенбайұлы да соңғы жылдары Қазақстанда жаппай коррупцияның белең алғандығын айта келіп, оны жою үшін ең алдымен биліктің өзгеруі қажеттілігін атап өтіпті.

“Свобода слова” газетінде жарық көрген ресейлік “Независимая газета” басылымынан көшіріліп басылған мақалада Қырғызстандағы төңкерістен кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың адамдарының, егер наразылық білдірілсе оппозицияға қарсы оқ атуға да дайын екендігін айтылыпты. Мақала авторының айтуынша, Қырғызстандағы оқиғадан соң қазақстандық оппозицияның қатқыл мәлімдемелер жасай бастауы мен биліктің қатты үрейленуі Қазақстанда да революция кезегінің келіп қалғандығын аңғартады.

Сондай-ақ мақала авторы Аграрлық және Азаматтық партия басшыларының азаматтардың тәуелсіздігі мен бостандығын қолына қару алып қорғауға әзір екендігі туралы жасаған мәлімдемелерін, президент әкімшілігімен келісіліп жасалған қадам ретінде бағалапты.

Жаңадан жарық көре бастаған “АПТА.KZ Ақ жол” басылымында жарық көрген Әлия Алмауытованың мақаласында режимге қарсылық білдірген оппозицияның дереу қыспаққа алынып жатқандығы баяндалып, оппозицияда жүрген саясаткерлердің билік тарапынан қандай қыспақ көргендігі айтылыпты. Қазақстан коммунистік партиясының бірінші хатшысы Серікболсын Әбділдин кезінде өзінің жұмыс істеп жүрген кеңсесінің есігін белгісіз біреулердің бұзғандығын, сенатор Зәуреш Батталова қазір оның телефондарының бәрінің де тыңдалатындығын, журналист Гүлжан Ерғалива өз отбасының соққыға жығылғандығын айтса, саясаткер Заманбек Нұрқаділов жұбайы Мақпал Жүнісованың туған-туысқандарына билік тарапынан үлкен қысым жасалып жатқандығын тілге тиек етіпті.

Саясаттанушы Ерлан Қарин “Литер” басылымына берген сұхбатында дәл қазіргі уақытта қарапайым халықтың бітпейтін дау-дамайға душар болып , сьезд бен конференция өткізе беретін оппозициядан жалыға бастағандығына тоқталыпты.

Халықаралық әуерейстердің ендігі уақытта тек Астанадан ұшатындығы да апта соңында жарық көрген басылымдардың баса назар аударған тақырыбының біріне айналды. “Начнем с понедельника” басылымында жарық көрген мақалада алғашқы кезде мұндай шешімнің қабылданатындығына ешкімнің де сенбегенді, кейіннен бұл оқиға елдің үлкен наразылығын туғыза бастағандығы айтылыпты. Газет тілшісінің хабарлауынша, егер де барлық шет елдік әуерейстер тек Астана арқылы ғана ұшатын болса бұл қазақстандық бизнесмендерге үлкен қиындық туғызады.

“Жұма таймс/Дата недели” апталығында халықаралық әуе рейстерінің ендігі уақытта тек Астана арқылы ұшатындығына қатысты Қазақстандағы Еуропалық бизнес ассоцицияның алаңдаушылық білдіріп, премьер-министр Даниял Ахметовтың атына хат жазғандығы туралы ақпарат жарияланыпты. Бұл тақырыпқа айрықша назар аударған “Сөз” басылымында жарық көрген Казис Тоғызбаевтың талдау мақаласында халықаралық әуе рейстерінің ендігі уақытта тек Астана арқылы ұшатындығынан туристік компаниялардың 90 миллион доллар шығынға бататындығы айтылыпты.

Мақала авторының айтуынша мұндай шешім Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматы қаласын Орталық Азияның ең ірі сауда орталығына айналдырғысы келген идеясының жүзеге асуына да кедергісін келтіреді. Ал, журналист Сергей Дувановтың пікірінше, бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматы қаласының маңыздылығын төмендету үшін әдейі жасап отырған әрекеті.
XS
SM
MD
LG