Accessibility links

Ақаевтан кейінгі билік шынайы демократиялық бағыт ұстана ма?


Көрші елдегі саяси ахуалдың барысын бақылап отырған қазақстандық саясаткерлер мен сарапшылар Асқар Ақаевтың Қырғызстанның билік басынан ресми түрде кетуін бұрынғы басшының елдегі қалыптасқан жағдайға объективті көзқараспен қарап, қабылдаған шешімі деген пікір білдіреді. Ал, жаңа биліктің ескінің қателігін қайталамауы керектігін ескертеді.

Әйткенмен де бұл сол елдегі саяси билік үшін күрес бәсеңдейді деген сөз емес дейді Қазақстанның демократиялық күштерін біріктірген «Әділетті Қазақстан» қозғалысының жетекшісі, Қазақстан парламенті мәжілісінің бұрынғы төрағасы Жармахан Тұяқбай:

- Бұндай құжатқа қол қойылуы, әрине, сол елдегі саяси топтардың арасында билікке бәсекелестікті күшейтеді. Бұл да демократияның бір көрінісі.

Қазақ оппозиционері Қырғызстандағы саяси оқиға аймақтағы өзге елдердің билік басындағыларға сабақ болуы тиіс деп санайды.

- Қырғызстандағы өзгерістің ерекшелігі – Ақаевтың қашып кеткендігі, елге, халыққа ұнамайтын елбасыны өз еркімен кетуге мәжбүр ету. Халықтың таңдауымен санаспайтын елбасшыларының тағдыры - Қазақстанда болсын, Өзбекстанда болсын - уақыты келгенде бәрібір шешілуі қажет, - деді Жармахан Тұяқбай.

Қазақстан билігін қолдайтын "Азаматтық партиясының" жетекшісі Азат Перуашев Асқар Ақаев биліктен кететіні туралы құжатқа қол қойғанымен, оның жақтастарының қарсылығы жалғасуы мүмкін деген болжам жасайды.

- Ақаевтың бұл қабылдаған шешімі қырғыз еліне тұрақтылық әкелуі керек. Себебі, егер осы жазда шынында ол елде президент сайлауын өткізер болса, елде екі биліктің болуы - тұрақсыздықтың тууына себеп болар еді. Ал бірақ, меніңше, Ақаев осы қадамға үлкен қысымнан соң барып отыр. Сондықтан, Ақаевты қолдайтын немесе бұл жайтпен келіспейтіндер ары қарай күресуі мүмкін деп ойлаймын. Екіншіден, осындай асығыс қадам әртүрлі заңсыздықтарға, экстремистік, террорлық күштердің әрекеттеріне әкелмей ме деген қауіп те жоқ емес, - дейді Азат Перуашев.

Қазақстандық оппозиция қайраткері Әміржан Қосанов болса Асқар Ақаевтың Қырғызстанда биліктен қуылып, ақыр соңында өз елінің өкілдерімен бөтен мемлекеттің астанасында арағайындар салып кездесіп, әлгіндей құжатқа қол қоюына ең алдымен оның өзі кінәлі деп санайды.

- Оны басқаша өркениетті түрде, басқаша жолмен – Ата заңды, басқа да заңдарды, саяси құралдарды пайдаланып шешуге болар еді. Бірақ, Асқар Ақаев, біз оны қаншама оқымысты, жүйелі түрде ойлайтын ғалым адам дегенімізбен, ол бой алдырған билікқұмарлық өз дегенін істетіп, Ақаев ең соңғы сәтке дейін сол биліктен айырылғысы келмегендіктен осындай жағдайға душар болды, - деді Әміржан Қосанов.

Қазақстандық саясаттанушы Нұрболат Масанов қырғыз еліндегі билік дағдарысының осылайша аяқталуын жамандыққа жорымайды. Билік пен оппозицияның бір байламға келуге келіскендері өзгелерге де үлгі болмақ.

- Ендігі кезекте, Қырғызстанның жаңа билігіне үлкен міндеттер жүктеліп тұр - елдегі бейберекетсіздік пен билік дағдарысын еңсеріп, Ақаев билігінен қалған кеселдердің барлығынан арылуы қажет, - деп санайды Нұрболат Масанов.

Ал қазақстандық келесі бір саясттанушы Сәбит Жүсіпов болса, Қырғызстандағы қазіргі жағдайға дүдәмал оймен қарайды.

- Мен үшін түсініксіздеу нәрсе – Қырғызстанның жаңа билігі елде жаңаша өзгерістер жасауға мүдделі ме, жоқ па? Мәселен, осындай «мақпал төңкерісін» басынан өткерген Грузияда әлі күнге дейін елеулі өзгерістердің онша байқалмай отырғаны, тіпті, ол елде оппозицияны басып тастауға деген әрекеттің қылаң беруі көңілді күпті етеді, - дейді саясаттанушы Сәбит Жүсіпов.

Ал егер қазіргі оппозиция билік басына келген соң бұрынғы биліктің іс-әрекетін жалғастырса, онда бұл төңкерістердің барлығы тек бір ғана мақсатты – кез-келген жолмен әйтеуір билік басына келуді көздеген болып шығады дейді қазақстандық талдаушы.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG