Accessibility links

Баспасөзге шолу. 5 сәуір 2005 жыл

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Сейсенбідегі басылымдар Рим Папасы Иоанн Павел ІІ-нің дүниеден өткеніне баса назар аударыпты. Қырғызстан президенті Асқар Ақаевтың президенттік өкілеттілігін доғару туралы хаттамаға қол қойғандығы да газеттердің негізгі талқылап жатқан тақырыптарының біріне айналған.

“Казахстанская правда” басылымында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Рим Папасы Иоанн Павел ІІ-нің дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтып телеграмма жолдағандығы хабарланыпты. Аталмыш телеграммада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Рим папасы Иоанн Павел ІІ-нің қайтыс болуы Қазақстанда да терең қайғы-қасіретпен қабылданғандығын атап өтіпті. Сондай-ақ, “Казахстанская правда” басылымы Рим Папасы Иоанн Павелдің қайтыс болуына байланысты Нұрсұлтан Назарбаевтың Астанадағы Ватикан елшілігінде болып Көңіл айту кітабында жазба қалдырғандығы да хабарлапты.

Бұл тақырыпқа айрықша назар аударған “Егемен Қазақстан” басылымында Сауытбек Әбдірахмановтың “Иоанн Павел ІІ” атты мақаласы жарық көріп, онда Рим папасының қазасының христиан әлемі үшін үлкен ауыр қайғы болғандығы айтылыпты. Мақалада, сондай-ақ, Рим Папасының Қазақстанға сапары – католик шіркеуі басшысының жалпы Орталық Азия жеріне алғаш аяқ басуы, оның үстіне сапардың мерзімінің де өте бір шиеленісті кезеңге тұспа-тұс келгендігі де тілге тиек етіліпті. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, сол жолы Рим Папасын Қазақстанға барудан бас тартқызуға әрекет еткендер де табылған. Алайда Рим Папасы алған бетінен қайтпай, төрт күн бойы Қазақстанда болған.

“Айқын” басылымында Иоанн Павел ІІ-нің орнын кім басатындығына байланысты талдау мақала жарық көріпті. Мақалада папаны жерлеу рәсімі өткеннен кейін кардиналдар бас қосып, өздері ұсынған адамдары ішінен біреуінің оның орнына тағайындалуы керектігі айтылыпты.

Газет тілшісінің айтуынша, оған 117 кардинал, оның 20-сы итальяндық, 38-і Еуропаның басқа елдерінің өкілі, 14-і АҚШ пен Канададан, 20-ы латиноамерикалық, Азия тарапынан 10, мұхиттан екеу және Таяу Шығыстан бір өкіл қатысып, бұл жиынға басты үміткер кариданалдардың Қасиетті ұжымының деканы Йозеф Ратцингер басшылық етеді. Сарапшылардың айтуынша, АҚШ тың католиктік шіркеулерінің беделіне ондаған даулы іс көлеңке түсіріп отыр. Сондықтан да сарапшылар Рим папасының тағынан америкалықтарға үміт жоқ деген тұжырымға келген.

Қырғызстан президенті Асқар Ақаевтың президенттік өкілеттілігін доғару туралы хаттамаға қол қойғандығы да сейсенбі күні жарық көрген басылымдардың негізгі талқылап жатқан тақырыптарының біріне айналып отыр. Осы оқиғаға орай “Экспресс К” басылымында егер де келешекте Феликс Кулов президент болуға ниет білдірсе, алдағы уақытта Қырғызстан оңтүстік және солтүстік секілді екі аймаққа бөлініп кетуі мүмкін деген болжам жасалыныпты.

“Литер” басылымында Асқар Ақаевтың өз еркімен отставкаға кетуге мәжбүр болуына Ресейдің ықпалының бар екендігі туралы пікір айтылыпты. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, Қырғызстанның келесі президенттігіне өз адамын қою үшін Ресей қызу жұмысқа кірісіп жатыр. Бейресми ақпарат бұлақтарының хабарлауынша, Асқар Ақаевтың келесі президенттік сайлауға лайық тұлға ретінде Құрманбек Бакиевтің есімін айтуына белгілі бір топтың ықпалы болуы ықтимал.

“Мегаполис” апталығында Қырғызстандағы төңкерістен кейін түрмеден шыққан, аталмыш мемлекеттің ішкі істер басқармасының бұрынғы басшысы Феликс Куловпен жүргізілген сұхбат жарияланыпты. Феликс Куловтың айтуынша, дәл қазіргі уақытта Асқар Ақаев өзінің азамат екендігін танытып, Бішкекке қайтып оралып, халықтың алдына шығып барлық жағдайды өз аузымен түсіндіруі тиіс.

“Алматы ақшамы” басылымы болса Асқар Ақаевтың енді Қырғызстанға келіп, кәсіби ғалым ретінде физикамен айналыспақ ойы бар екендігін хабарлапты.

“Жас Алаш” басылымының сейсенбі күнгі санында жарық көрген Шадияр Естемірұлының мақаласында Тәжікстанда Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымына мүше елдердің “Рубеж-2005” атты әскери жаттығуды бастап кеткені және бұл әскери жаттығудың мақсаты – Бішкектегі оқиғалардың тәжірибесін ескере отырып, ТМД елдерінде болуы мүмкін төңкерісті күшпен жаншып тастау екені айтылыпты.

Ресейлік “Коммерсант” басылымы таратқан мәліметтерге сүйенсек, бұл әскери жаттығу алғашқыда Қырғызстанда өтеді деп жоспарланғанымен, бұл елдегі оқиғалардан кейін Тәжікстанға ауыстырылған. Мақала авторы түрлі-түсті төңкерістердің басты себептерінің бірі авторитарлық Ресейдің ықпалынан шығу, елде демократияның үстемдік етуі , Батыс елдерімен ынтымақтастықты арттыру екендігін сөз қылып, Ресейдің Қазақстан сияқты авторитарлық билігі бар ресейшіл мемлекетпен күш біріктіріп, қауіптің алдын-алу үшін барын салып бағарын тілге тиек етіпті.

“Демократиялық құндылықтарды бәрінен жоғары қоятын Батыстың сын айтуына қатысты Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың “егер мұнда 5 авторитарлық режим болмаса, онда 10 бен Ладен жүрер еді” деген сөзіне назар аударсақ, Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымына мүше елдердің қай бағытқа қарай дамып келе жатқандығын аңғару қиын емес” деп түйін жасайды мақала авторы.
XS
SM
MD
LG