Accessibility links

Астанада 73 ауған соғысы ардагеріне орден-медальдар тапсырылды

  • Ескендір ЕРТАЙ

Көкектің 5-і күні Ресейдің Қазақстандағы елшісі Владимир Бабичев президент Владимир Путиннің тапсырмасы бойынша Ауған соғысына қатысқан қазақстандықтарға Ресейдің орден, медалдерін салтанатты түрде табыс етті.

Ауған соғысына қатысушы қазақстандықтар ұйымы елде «ауғандықтарды» екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерімен теңестіретін заң қабылдау жөнінде мәселені көптен бері көтеріп жүр. Ауғанстандағы он жылға созылған соғыста 2265 қазақ орден-медальдермен наградталған.

Генерал-майор, Ауған соғысының ардагері, Совет одағының батыры Руслан Аушев бастаған «Марапат қаһарманын тапсын» атты акция барысында, кезінде орден-медальдері табыс етілмей қалған 168 қазақстандық анықталды. Оның 88-і тірілер қатарында бар болып шықты. Қазақстандықтарға орден-медальдерді Астанадағы Президенттің мәдениет орталығында Ресейдің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Владимир Бабичев табыс етті.

Марапатталғандардың арасында талдықорғандық Асхат Хасеновке, ауған жеріндегі соғысқа қатысқаннан соң 24 жылдан кейін, айырықша ерлігі үшін екі бірдей Қызыл жұлдыз ордені табыс етілді. Ресей Федерациясының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Владимир Бабичев жақында ғана Ресейде арнайы заң негізінде екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерімен ауған соғысы ардагерлерінің мәртебесі теңестірілгенін айтады.

Ресей елшісі Қазақстанда осы уақытқа дейін ауған соғысына қатысушыларға үкіметтік тұрғыда жеңілдіктер жасалмауын жөн емес деп есептейді.

- Олар үкімет жасауға тиісті барлық жеңілдіктерді ұрыс алаңындағы соғыс кезінде жеңіп алды, - дейді елші В.Бабичев.

Ауған соғысының ардагерінің бірі, генерал майор Мұрат Қалматаев:

- Соғыс қашанда саяси ойындардан өріс алған. Желтоқсан көтерілісіне қатысқаным үшін 1987 жылы Колбинге ұнамай қалдым да, мені Ауғанстанға соғысқа жіберді. Қазақстандықтар отты нүктелердегі үлкенді-кішілі 14 соғысқа қатысты. Олардың барлығының мәртебесі тең болуы керек, - деген пікір айтады.

Алматы облыстық Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Шормақ Ілиясов «аталарымыз өз Отанын қорғауда бес жыл соғыста болса, біз Кеңес Одағы қолбасшыларының қате саясаты салдарынан он жыл бойы соғыстық, бірақ сонда да үкімет тарапынан бізге жеңілдік көзделмеген» деп отыр.

Генерал М.Қалматаев қазіргі уақытта ауған соғысы ардагерлерінің барлық жеңілдіктері тоқтатылып, тек 2300 теңге көлемінде ғана жәрдемақы алып отырғанын айтады. Парламент Мәжілісінің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Серік Әбдрахманов депутаттар бұл жайтты қанша рет көтергенімен үкімет ауған соғысы ардагерлерінің мәртебесін екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерімен теңестіруге мүдделі болмай отырғанына қынжылыс білдіреді.

Сонымен, Қазақстанның Ауған соғысы ардагерлерінің ынталы тобы «Марапат қаһарманын тапсын» акциясының жалғасы ретінде әлі де орден-медальдері табыс етілмеген 212 қазақстандықты іздестіруді жалғастырып жатыр.
XS
SM
MD
LG