Accessibility links

Африкадағы христиан-ислам теке-тіресін шешу жаңа Папаның еншісінде

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Африкада христиан және ислам дінді қауым арасындағы шайқас бәсеңсімей тұр. Соңғы жылдары осы құрлықта христиандар мен мұсылмандар арасында бірталай қақтығыстар болып өтті.

Кейбір деректерге қарағанда, Сауд Араб елі Африка құрылығындағы жұртты Исламға тарту үшін миллиардтаған доллар қаржы төгіп жатқан көрінеді. Оның үстіне, американдық протестанттар және Рим католик шіркеуі де құр қарап отырған жоқ секілді.

Кейбір деректерді айта кетсек. 1978 жылы Рим Католик шіркеуіне жаңа Папа сайланған кезде әлем советтік коммунизм және батыстық қарсылас аймақ болып екіге қарс бөлініп отырған кез еді. Сол күрделі заманда Рим папасы Иоанн Павел ІІ әлгі екіжақты теке-тіресті шешуде үлкен рөл атқарғанын енді бүкіл дүние мойындап жатыр. Папа сол кездегі әділетсіздіктерді советтік коммунистік империя әсері астында болған өз туған елі Польша мысалында анық көре білді. Міне, сол көреген дінбасы енді бақиға аттанды. Ал жаңадан сайланар понтифик алдынан, әлем тағы да екі діни аумаққа бөлініп тұрғандай дейді сарапшылар.

Қырғи-қабақ соғыс кезеңінен ерекшеленсе де, соңғы жылдары орын алып отырған діни теке-тірес, ұлтаралық шайқас, соғыстар Ислам әлемі мен Батыс дүниесі арасында өркениеттер қақтығысының бар екенін байқатқандай.

Африкада соңғы жылдары төгілген адам қаны өзге кезде, өзге аймақта мұншалықты кездеспеген болар. Судан, Нигерия және бірқатар африкалық елдерде, ондағы мұсылман қауымы мен христиандар арасында болған қанды шайқастарда ондаған мың адам құрбан болды.

- Қазір Африкада ислам мен христиан дінінің өзара теке-тіресі өте күрделі, қиын да қауіпті жағдайда тұрған кезі,- дейді «Ватиканда» деген атаумен ай сайын шығатын журналдың редакторы, тарихшы Роберт Мойнихан.

Марқұм Иоанн Павел ІІ кезінде сондай күрделі жағдайда мұсылмандар қауымы арасына, мешітке барып, мінәжат етіп, еврей христиандарының зорлық-зомбылық әрекеттері үшін мұсылмандардан кешірім өтінген болатын. Бұл қасиетті Иоанн Павелден мұраға қалған ұлы істердің бірі болар. Енді жаңадан сайланар папа марқұм Иоанн Павел ІІ-нің сол үлгілі жолымен жүрсе ғана Арфикадағы христиан-ислам арасындағы қарсылық мәселесін дұрыс шешуі мүмкін деген пікір білдіреді Мойнихан және өзге де бірқатар сарапшылар.

Африкадағы 850 млн адамнан мұсылмандар солтүстікте, христиандар орталық пен оңтүстікте орналасқан. Міне, сол 1 млрд-қа жақын халыққа енді американдық протестанттар милллиондаған доллар қаржы бөліп, Уганда секілді елдерде жол салуда. Ал католик шіркеуінің арқасында құрылықта католиктер саны үш есеге көбейіп, соңғы 35 жылда олар 147 млн-ға жеткен. Ал бұл арада Эфиопия, Нигерия елдеріндегі діни, оқу-ағарту шаралары үшін Сауд Араб елі секілді мұнайға бай елдерден млрд-таған доллар инвестициялық жәрдем келуде.

- Біз кейде қателесіп, «қара Африка» дейтін құрылықтағы оңтүстік және орталық аймақтарға дейін дәулетті араб елдері өз ықпалын өткізуге әрекеттенуде дейміз. Ал бұл арада колониялдық басқыншылық кезінде сол жерге орналасып алған миссионерлер де христиан дінінің тамырын кең жаюын қалайды, әрине. Соған қарамастан, ислам оңтүстікке қарай тарап, Нигерияға тамыр жая бастады. Міне, сондай әрекеттер қақтығыс, шайқастарға түрткі болуда, - дейді «Ватиканда» айлық журналының редакторы Мойнихан.

Деректерге қарағанда Нигерияда 2000 жылы болған шайқастарда кемінде 5 мыңдай адам қаза тапқан. Нигериядағы 130 млн адам ислам және христиан болып, екі дінге бөлінген. Кейбір талдаушылардың жазуынша, Африкада қазір тарап жатқан ислам осыдан бірнеше ғасыр бұрынғы исламға қарағанда жанжалшыл, соғысшыл болып отырған жайы бар. Олардың арасында әл-Қайдашылар мен лаңкестер пайда бола бастаған дейді сарапшылар.

- Өткен жүздеген жылдар бойы христиандар мен мұсылмандар қоян-қолтық, тыныш бейбіт өмір сүріп келген болса, парсы елдерінен келіп жатқан күшті Салафи және Уаххабилік ағым кесірінен ол тыныштық бұзылды, - дейді Джордж Вашингтон университетінен зерттеуші Дейвид Шинн.

Ақпан айында болған бейбіт келісімнен кейін ғана, Судандағы мұсылман үкіметі және христиан бүлікшілдері арасындағы 21 жылдық азаматтық соғыс аяталғандай болды. Ол соғыста 100 мыңдаған бейбіт адам құрбан болған еді.

Міне, енді соңғы ширек ғасырда тегі поляк папа Карол Войтыла католик шіркеуін қырғи-қабақ соғысқа қарсы тұруына қол жеткізсе, енді, кейбір болжамдарға қарағанда, Нигериядан сайланған кардинал жаңа Папа ретінде Африка және өзге құрылықтардағы өркениеттер соғысына қарсы тұра алған болар еді.
XS
SM
MD
LG