Accessibility links

Әлем қауымдастығы Иоанн Павел ІІ-мен қоштасып жатыр

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Католик шіркеуіне 26 жыл басшылық етіп, сенбі күні қайтыс болған әлемге әйгілі дінбасы Иоанн Павел ІІ-мен соңғы рет қоштасу үшін миллиондаған адам Ватиканға сапар шекті.

Міне, енді әлем жұртшылығы, өздері қимай қоштасып жатқан әулие Иоанн Павел ІІ жөнінде адамзатқа рухани мұра ретінде қалған оның ізгі іс-тірліктері жөнінде жыр қылып айта бастады. Папа Иоанн Павел ІІ-ні көзі тірісінде-ақ әлем жұртшылығы қасиетті әулие деңгейіне дейін көтеріп, оған сиынатын. Енді ол бақиға аттанған соң ол жөнінде талай-талай жақсы сөздер тағы да айтылып жатыр.

Асылы, Иоанн Павел ІІ-нің адамзат үшін жасаған жақсылық, игіліктері әлі тарих беттерінде талай жазылар, жұрт айта жатар. Оның алғашқы бір дәлелі - соңғы бір аптадай уақыттан бері бүкіл әлем назары Ватиканда, қасиетті Петр алаңындағы әулие Петр соборына ауды.

Оның үстіне, жарты әлемге өз саяси билігін жүргізіп отырған АҚШ-тай елдің президенті понтификтің қазасынан кейін көп өтпей-ақ әлемге өз сөзін, Папа жөніндегі игі тілектерін айтты. Көңіл айтып қана қоймай, енді дүние жүзінің барлық елінен, 200-ден астам мемлекеттен елбасылары, түрлі наным-сенімдегі дінбасылары Иоанн Павелдің жаназасына келмек.

Жалпы деректерге қарағанда, бұл күндері Ватиканға, кемінде 5 млн-дай адам Рим Папасымен соңғы рет қоштасып қалу үшін тәуіп етуге келеді деп күтілуде. Сонда, католик дінінің бұл жетекшісі, марқұм Иоанн Павел ІІ, атап айтқанда, қандай қасиеттерімен ерекшеленеді?

Әлемдегі бір миллиардтай католик қауымын айтпағанда, понтифик өзінің 26 жылдық қызметінде түрлі сенімдегі жұртшылықтың да құрметіне ие бола білді. Рим папаларының арасында Иоанн Павел ІІ, өз есімімен айтсақ, Карел Йозеф Войтыла бірінші болып мұсылмандар үшін қасиетті Құранды сүйіп, мешітке аяқ киімін шешіп кірген алғашқы католик дінбасы еді. Израильдың, еврей қауымының қарсылығына қарамай, ол Палестина елбасы Ясер Арафатпен және Йордания падишасы Абдұлламен тұңғыш кездескен папа еді. Иоанн Павел ІІ діндердің өзара жақын қарым-қатынасына да себепші болған алғашқы дінбасы.

Понтифик Совет одағы ыдырағаннан кейін жаңадан тәуелсіздік алған мұсылман елдері - Қазақстан мен Әзірбайжанға да арнайы ат басын тіреді. Ал сол Иоанн Павел ІІ-нің әлемді коммунистік басқыншылықтан құтқарудағы үлкен үлесі жөнінде күні кеше Польшаның бұрынғы президенті Лех Валенса да айтты. Горбачевтан бастап, Фидель Кастро, Нұрсұлтан Назарбаевқа дейінгі коммунист жетекшілердің Иоанн Павелге сиынбағаны жоқ десе де болады.

Жалпы, Қазақстан Орта Азиядағы католиктер саны аз ел екендігіне қарамай, Иоанн Павел ІІ-ні президент Нұрсұлтан Назарбаев 2001 жылы қыркүйекте Қазақстанға арнайы шақырған болатын. Бұл да понтификтің бұрынғы советтік коммунистік аймақтағы мұсылман еліне келген алғашқы және соңғы сапары болып тарихта қалды.

Қоңыр күздің сол салқын, бірақ, шуақты күнінде ұлы Абайдың бір сөзін ашық аспан астында жиналған жүз мыңдаған қазақстандық және бұрынғы Совет одағы азаматтарының алдында понтифик ерекше бір сезіммен айтқан еді. Ол адамзаттық мейірім, махаббат логикасы жөнінде тоқтала келе, кісілік махаббат діндерді жақындастырады, дін бар жерде жанжал, шайқастарға орын жоқ деген болатын.

Тағы да қайталай айтсақ, Иоанн Павел ІІ 1999 жылы Ирақ делегациясы келгенде Ватиканда қасиетті Құранды қолына алып сүйді, ал 2001 жылы мамырда Сирия астанасы Дамаскте 1300 жылдық тарихы бар Умаййад мешітіне жалаң аяқ кірген алғашқы папа болды.

Бүкіл мұсылман әлемі, ғалымдар ислам мен христиан діні арасындағы өзара мәміленің жақсаруына Иоанн Павел ІІ-нің қосқан игі үлестің зор екендігін мойындайды. Бұл жөнінде Мысырдағы Әл Азхар университетінің дінаралық байланыс комитетінің жетекшісі Шейх Фаузи Зафзааф былай дейді:

- Қасиетті папа Ватикан басшылығына келгелі бері бүкіләлемдік жариялылық саясатын жүргізді. Ол түрлі елдерге барып, халықтар арасындағы, сондай-ақ, Ватиканмен өзара байланысты нығайтуға тырысқан алғашқы папа болды. Ол өзге діндерге барынша жақындасып, католик христиандығы және ислам діні арасындағы өзара диалогтың басталуына себепші бола білді.

Германиялық профессор міндетін атқарушы Мотиканың айтуынша, Иоанн Павел ІІ тәуелсіз пацифистік көзқараста болған саяси қайраткер де бола білді.

- Иоанн Павел ІІ кез-келген соғысқа қарсы болды. Бірақ, американдықтар мен өзге елдер оны кезінде назарға алмады. Бұл бүкіл мұсылман әлеміне белгілі, - дейді Гейделберг университетінің профессоры.

Жалпы, ежелгі кикілжіңдеріне орай, мысалы, ресейлік православ дініндегі христиандар понтификтің Қазақстан мен Әзірбайжанға келуіне қарсы болғаны мәлім. Дегенмен, профессор Мотиканың айтуынша, Иоанн Павелдің коммунистік режимге қарсы күресі арқасында, бұрынғы совет одағында да ол айтарлықтай үлкен абыройға ие еді.

Бірақ, католиктердің ендігі жаңа жетекшісіне бұрынғы папа Иоанн Павел ІІ-нің моралдық-рухани деңгейіне жете алуы екі талай болар деп топшылайды профессор Мотика.

- Жаңа дінбасы бұрынғы советтік кеңістіктегі әлеуметтік әділетсіздікті, теңсіздікті, демократияға қайшы үрдістерді жою мәселесін ең негізгі мақсат деп санағанда ғана Иоанн Павелдің абырой деңгейіне жақындауы мүмкін, - дейді германиялық ғалым.
XS
SM
MD
LG