Accessibility links

Қазақстанда алғаш рет студенттер мәслихаты құрылды

  • Айнагүл САҒДИ

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде Қазақстан бойынша алғаш рет студенттер мәслихаты құрылды. Бүгінде 3 бағытта жұмыс жасайтын мәслихатқа 17 студент мүше. Олар Көкшетаудағы 4 жоғары оқу орыны студенттерінің мәселелерін шешумен айналыспақ.


Көкшетау мемлекеттік университетінде сайланбалы негізде құрылған студенттер мәслихаты қаладағы жоғары оқу орындарында оқитын жастардың мәселесімен айналысатын болады. Университеттің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Аманай Сейітқасымовтың айтуынша, мәслихат алдағы уақытта студенттердің әлеуметтік мәселелерін шешу және құқық қорғау тұрғысында жұмыс істемекші:

- Студенттік қоғамдық ұйымдарды белсенді түрде жұмысқа тарту, оларға жағдай жасау, проблемаларын білу, қолдан келгенше көмек беру және мәслихат жұмысын қалалық немесе облыстық мәслихатпен бірге жүргізу мәселесімен айналысады.

Осыдан бір ай бұрын студенттер мәслихатын құру туралы студенттер тарапынан ұсыныс түскен. «Бүгінде университет және облыстық мәслихат тарапынан бұл ұсыныс үлкен қолдауға ие болып отыр» дейді проректор Аманай Сейітқасымов:

- Бұл ұсыныс студенттердің өздерінен түсті. Оларға ешкім осындай ұйым құрыңдар, ұсыныс жасаңдар деп кеңес берген жоқ. Өздері ойланып-толғанып осындай шешімге келді. Содан кейін басшылар тарапынан қолдау көрсетілді.

Құрамында 17 депутаты бар студенттер мәслихатының хатшылығына жабық дауыс беру арқылы бірнеше үміткердің арасынан шет тілдері факультетінің 2-ші курс студенті Данияр Түсіпбеков сайланған. Оның айтуынша, студенттер арасында анкета арқылы жүргізілген сауалнама нәтижесі бүгінде оқу үлгерімі жақсы бола тұра шәкіртақы ала алмай жүрген студенттер мәселесі және жастардың әлеуметтік жағдайының бірінші орында тұрғандығын көрсеткен.

- Ең бастысы коммерциялық бөлімде оқитын студенттер жақсы оқыса да шәкіртақы алмайды. Көптеген сұрақтар осы төңіректе түсіп жатыр. Сондай-ақ, жастардың әлеуметтік, тұрмыстық жағдайлары да бар.

Жастар мәслихатының хатшысы Данияр Түсіпбековтың айтуынша, жастардан түсіп жатқан өтініштердің көбі ақылы бөлімде оқитын студенттердің шәкіртақы алу мәселесі мен әлеуметтік жағдайларына қатысты.

«Мәслихат университет студенттерінің мәселелерімен қоса, Көкшетаудағы 4 негізгі жоғары оқу орындарында білім алушы жастардың да мұң-мұқтажына көңіл бөлетін болады» дейді Данияр Түсіпбеков.

- Біздің жұмыс өз университетіміздің айналасында ғана шектеліп қоймайды, біз қазір басқа университеттермен де келісімге отырып жатырмыз.

Көкшетау мемлекеттік университетінің 2-ші курс студенті Асхат мәслихаттың құрылғаны студенттер үшін қуанышты жағдай болды деп есептейді:

- Алда мәслихат студенттердің қалааралық жол жүру билеттерінің құнын төмендету, сонымен қоса сапалы білім алу мәселесінде де айтарлықтай жағдай жасайды деп ойлаймын.

Университеттің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Аманай Сейітқасымовтың айтуынша, мәслихат депутаттарының шешімімен бүгінде 3 бағытта жұмыс істейтін комиссия құрылған. Олардың біріншісі, қоғамдық ұйымдармен жұмыс істеу мәселесімен айналысса, екіншісі студенттердің құқығын қорғау жұмыстарымен, ал үшіншісі әлеуметтік жағдайлармен шұғылданатын болады.
XS
SM
MD
LG