Accessibility links

АҚШ Конгресі 2001 жылғы "Патриоттық актіні" қайта қарамақ


2001 жылғы қыркүйектегі террорлық шабуылдардан кейін АҚШ конгресі қабылдаған «Патриоттық акті» федералдық заң органдарына бүлікшілдерден келетін қауіп-қатерді зерттеуге кеңірек мүмкіндік берді. Заңның кейбір тұстары биылдың соңына дейін күшін жоятындықтан АҚШ Конгрессі оны жаңалауы қажет.

2001 жылғы қыркүйектің 11-інде болған АҚШ-тағы террорлық шабуылдардан кейін Конгресс «АҚШ патриоттық акті» деген заң қабылдаған болатын. Биылғы жылдың соңына дейін ол заңның кей тұстары ескіреді. Сондықтан АҚШ әділет министрі Алберто Гонзалес және Федералдық тергеу бюросының директоры Роберт Мюллер сейсенбі күні АҚШ Конгресінен ол заңды қайта қарап, жаңалауды сұрады.

Министр Гонзалестің Сенат комитетіне айтуынша, бүлікшілдермен күресте тірек болған ол заңды өз күшінде барынша сақтап қалған жөн. Ол «Патриоттық Акт» бойынша, әділет министрлігі және тергеу бюросы күдікті бүлікшілді кез-келген кезде тұтқындауға мүмкіндік берілетін еді.

Федералдық тергеу бюросы директорының айтуынша, бұл акт американдықтарды қауіп-қатерден қорғауда баға жетпес көмек берген.

- Федералдық бюро террорлық әрекеттерді зерттеп, тергеп, азаматтардың өмірін, еркіндігін қорғауда үлкен табысқа жетті. Міне, енді ол заңды жыл соңына дейін қайта қарап, заң жаңаланса, ол Федералдық тергеу бюросының Америка халқына бағытталған террорлық шабуылдарға қарсы күресте Конгресс беретін кепілдік болмақ, - дейді Бюро директоры.

Екі партияның мүшелері де әділет министрі Гонзалестің «Патриоттық акті» жаңалау жөніндегі ұсыныстарын келісе қабылдаған. Тек қана бұрынғы министр Джон Ашкрофт заңды өзгертуге қарсы болған. Дегенмен, Сенат комитетіндегі кейбір мүшелер айып қойылмай жатып, күдікті деп тұтқында ұстау азаматтардың құқығын бұзуға алып келуі мүмкін дейді. Кейбір бүлікшілдер өз еліне негізсіз қайтарылып, тергеліп, кейде азапталуы да мүмкін деген уәж айтады олар.

Бұл жөнінде Комитет төрағасының орынбасары, сенатор Патрик Лехи өз алаңдаушылығын қайталай білдірген. Алайда, әділет министрі тұтқындар жіберілетін елдерде ол тұтқындарға күш көрсетілмейді деген үміт білдірді. Бірақ, сенатор Лехидің айтуынша, Ирақтағы түрмелерде тұтқындар азапталғаны жөнінде АҚШ департаментінің мәліметтері бар.

Ирақтағы ол заңсыздықтарға байланысты АҚШ әділет министрі Гонзалес ондай жағдайлар сирек дегенімен, сенатор Лехи Департаменттің хабарына сүйеніп, бір күдікті тұтқынның Өзбекстанға қайта жіберілуі мәселесін қозғады.

- Өзбекстандағы қауіпсіздік қызметі, полиция, түрме басшылығы тұтқындарды азаптағанда электр тогін, буындыру, зорлау және өзге де тәсілдерді пайдаланады екен. Ал тұтқынды ұру, сабау - әдетті іске айналған. Сондықтан, Өзбекстан әкімшілігінің тұтқындарды азаптамаймыз деген сөздеріне қалай сенуге болады? - дейді сенатор.

Әділет министріне, әрине, сенатордың бұл ескертпелері ұнамаған, сол арада министр Гонзалес ақталуға әрекеттеніп:

- Бірер мемлекетте ондай жағдай болуы мүмкін. Бірақ, тиісті жауап алу үшін біз сенімді мәліметке ие болуымыз керек емес пе? - деген.

Бірақ, сенатор Лехи әділет министрін тағы да қысымға алып, АҚШ зерттеп, тергеп, бірер нәтиже шығара алмаған тұтқынды Өзбекстан азаптаудан өзге не істей алуы мүмкін деген қарсы сұрақ қойды. Гонзалес бұған тікелей сұраққа жауап бере алмай, Буш әкімшілігі өзге мемлекеттерден күдікті тұтқындарды азаптамаймыз, қинамаймыз деген уәде, кепілдік алған деп ақталмақ болған.

Сонымен, әділет министрінің ұсыныс сөзін тыңдағаннан кейін демократтардан сенатор Дербин, республикашы сенатор Грейг екеуі заң қорғау органдарының бүлігін шектейтін заң дайындап жатқанын айтты. Ол заң бойынша тергеушілер күдікті жөніндегі құпия құжаттарды пайдалану құқына ие болады екен.

Америка азаматтық бостандық одағының мәліметіне қарағанда, 2001 жылғы террорлық шабуылдардан кейін дүниеге келген «Патриоттық акті» көптеген азаматтардың көңілінен шықпаған. Атап айтқанда, АҚШ-тың 5 штатында және 375 муниципалитетінде ол заңға қарсы шешім қабылданған.
XS
SM
MD
LG