Accessibility links

Баспасөзге шолу. 6 сәуір 2005 жыл


Сәрсенбі күні жарық көрген басылымдар құқық тақырыбына баса назар аударыпты. Қырғызстандағы орын алған төңкерістен кейінгі оқиғалар да сәрсенбі күнгі жарық көрген басылымдар талқылап жатқан негізгі тақырыптардың біріне айналып отыр.

“Комсомольская правда” газетінің “Қазақстан” қосымшасында Петропавл қаласында тұратын 23 жастағы Евгений деген жігіттің маскүнемдікке салынған 39 жастағы Игорь есімді адамды ұрып-соғып өлтіргені хабарланыпты. Оқиғаның қысқаша тарихына тоқталатын болсақ, тұрақты мекен-жайы жоқ Игорь маскүнемдікке салынып, танысының үйіне келіп тұрған.

Арақ ішіп алған ол үнемі келгенде подьезді ластап, тұрғындардың наразылығын туғыза берген. Мақала авторының айтуынша, күндердің-күнінде Игорьдің бұл бейбастақтығына шыдамаған осы үйде тұратын 23 жастағы Евгений есімді жігіт оны соққыға жыққан. Игорь одан қашып құтылуға тырысып, танысының пәтеріне тығылған.

Оның соңынан кірген Евгений онан сайын өршеленіп, Игорьді енді кірген пәтерінің ішінде аямай сабаған. Тек пәтер қожайыны келіп айғай-шу көтергеннен кейін ғана Евгений кетіп қалған. Ал, таңертеңінде пәтердің қожайыны танысы Игорьдің қаза тапқанын анықтаған. Газет тілшісінің хабарлауынша, қазіргі кезде Евгенийдің бұл іс-әрекетіне байланысты қылмыстық іс қозғалған.

“Литер” басылымында жарық көрген Николай Ягурдың мақаласында кей жағдайда сот шешімінің орындалмай жататыны айтылыпты. Өз сөзіне дәлел ретінде мақала авторы мынандай бір оқиғаны мысалға келтіріпті. Мақала авторының айтуынша, Сайлыбаев деген фермер 48 жастағы Степаненко деген азаматты алдап-сулап, таудағы мал бағатын отарына апарып, жиырма ай бойы ешқандай ақы-пұл төлемей жұмысқа салады.

Жәбірленушінің айтуынша, Сайлыбаев ылғи да оны қорлап, «сен секілді маскүнемнің кімге керегі бар» деп кеміткен. Қашуға әрекет жасаған Степаненконы соққыға да жыққан. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, сот Сайлыбаевтың жазықты екендігін анықтап, үкім шығарса да Степаненкоға әлі күнге шейін 200 мың теңге көлеміндегі тиесілі ақысы төленбеген.

“Айқын” басылымында жарық көрген Болат Абағанның мақаласында Балқашта қыруар жердің заңсыз басып алынғандығы туралы мақала жарық көріпті. Облыстық табиғат қорғау прокурорының айтуынша, Балқаш өңірінде қорықты аймақты гектарлап тікенді сыммен қоршап алып, қақпаларынан басқаны былай қойғанда, заң адамдарын да аттатқысы келмейтін “мықтылар” бар көрінеді.

Мәселен, Алматы қаласының “Ламире” атты фирмасы 10 гектар жерді жалға алады да, оның орнынан 100 гектар жерді бір-ақ қоршайды. Сөйтеді де, аң-құс аулағысы келген алпауыттарға қызмет ұсынады. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, олардың бір күнгі пайдасы жергілікті орманшылар ұжымының айлық табысын жауып кететін көрінеді.

“Экспресс К” басылымында Оралда облыстық қаржы департамантінің бөлім бастығы Светлана Жұмалиеваның тұтқындалғаны хабарланыпты. Мақала авторының айтуынша, Светлана Жұмалиеваға Теректі аудандық қаржы бөлімінің бастығы қызметін атқарып жүргенде 70 милионнан астам теңгеден бюджеттің қаржысын талан-таражға түсірді деген айып-тағылып отыр.

“Город” басылымы болса соңғы кездері Алматы қаласында заңсыз автотұрақтардың көбейіп кеткендігін сөз қылыпты. Мақалада қаладағы Пушкин мен Қарасай батыр көшелерінің қиылысында орын тепкен сондай автотұрақтың Алматыдағы ауданаралық экономикалық сотының шешімімен жабылғандығы айтылыпты.

Қырғызстандағы орын алған төңкерістен кейінгі оқиғалар да сәрсенбі күнгі жарық көрген басылымдар талқылап жатқан негізгі тақырыптардың біріне айналып отыр. “Заң” газетінде жарық көрген Қанат Ескермесұлының мақаласында келешекте Қырғызстанда ұлтаралық қақтығыстардың туындауы мүмкін екендігі туралы болжам жасалыпты.

Мақала авторының айтуынша, Қырғызстанның солтүстігі мен оңтүстігінен шыққан оппозиция өкілдерінің арасында ауызбіршілік көңіл қуантарлық емес. Сарапшылардың пікірінше Қырғызстандағы билік элитасының ауысуына оппозиция өкілдерінің ықпалы көп болған жоқ. Халықтың тегеурініне қарсы тұра алмаған билік оппозицияның көмегінсіз-ақ құлдырады.

Қырғызстандағы зерттеу жұмыстарының қорытындысымен таныстырған саясаттанушы Ерлан Қариннің пікірінше Қырғызстанда ұлтаралық қақтығыстар да орын алуы ықтимал. Қырғызстанның оңтүстігінде өзбек ұлтының өкілдері көп тұратындықтан, олардың ішкі саясаттағы белсенділігі депутат сайлауында анық байқалған.

“Егемен Қазақстан” газетінің бірінші бетінде “Ақаев дәуірі аяқталды” деген мақала жарық көріп, Ақаевтің ендігі тағдырын Қырғыз елінің жаңа Парламентінің шешетіндігі айтылыпты. Мақала авторының айтуынша, егер Парламент президенттің бас амандығы мен оның ісіне қол сұғылмайтындығы туралы заңды орындаудан бас тартса, Ақаев шет елден баспана сұрауға мәжбүр болады.

“Аргументы и факты” газетінің “Қазақстан” қосымшасына берген сұхбатында астролог Павел Глоба Қазақстанда келешекте ешқандай да төңкерістің болмайтындығы туралы болжам жасапты.
XS
SM
MD
LG