Accessibility links

Сайлауға дейін Қазақстан билігі әлеуметтік шараларға көп қаржы жұмсамақ


Қазақстандық саясатшылар мен сарапшылардың пікірінше, Қырғызстандағы билік ауысымы Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріне әсер етпей қалған жоқ. Соның бір мысалы ретінде, Қазақстан елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа жолдауын насихаттаудың үлкен науқанға айналып кеткендігі айтылады.

Республика үкіметі тарапынан жолдауды насихаттау үшін 300-ден астам атқару қызметіндегі басшылар аймақтарға жіберілген. Олардың арасында министрлер де бар. Сонымен қатар, несиемен оқитын студенттерді мемлекеттік тегін грантқа көшіру сияқты әлеуметтік шығындарға жүздеген миллион теңге қаражат бөлінбек. Мұның барлығы бір есептен алдағы президент сайлауына биліктің жанталаса дайындала бастағандығын көрсетеді дейді сарапшылар.

- Президенттің халыққа биылғы жолдауының жылдағыдан ерте жасалуы және елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған шараларды жеделдету, оны насихаттауға Парламент депутатары мен атқарушы биліктің жұмылдырылуы - сайлаудың ерте өткізілетіндігін көрсетеді, - дейді Парламент Сенатының депутаты Уәлихан Қайсаров.

Қазақстанның Білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Жанар Үсіпбекованың айтуынша, Президенттің жолдауына сәйкес, елде бұған дейін несиеге оқып келген студенттердің барлығы мемлекеттік грантқа көшіріледі. Бұл шара 31210 адамды қамтымақшы.

- Президент жолдауын насихаттау арқылы сайлау алды үгіт-насихат жұмыстары бүкілхалықтық ауқымда жүргізіліп жатыр. Миллиондаған қаржы жұмсап, жолдауды насихаттау ысырапшылдық, - дейді Қазақстанның өнер қайраткері Шәміл Әбілтай.

Ал саясаттанушы Әзімбай Ғали елде президент сайлауына дайындық әлдеқашан басталған дейді:

- Президенттің тапсырмасымен бірқатар әлеуметтік межелер қойылды, олар орындалып жатыр. Идеологиялық насихаттық жұмыс қарқын алды. Сондай-ақ, билік оппозицияның қадамын аңдып отыр. Оппозиция сайлаудағы негізгі электорат қазақ ұлты екендігін ескермей Мәскеудегі «Эхо Москвы» радиосына сұхбат беріп қағыс қадам жасады. Оны билік тиімді пайдаланды.

Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметкері Жанар Үсіпбекова Президенттің тапсырмасы бойынша, «Студенттердің республикалық альянсы» талап етіп отырғандай, елдегі студенттерге жасалуға тиісті түрлі жеңілдіктер үшін бюджеттен 700 миллион теңге шамасында қаражат қарастырылып жатқандығын айтады.

Ал, Парламент Сенатының депутаты Уәлихан Қайсаров болса, жақында республикалық бюджеттің қайта қаралатындығын, онда жолдауды жүзеге асыру мақсатында, яғни, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға шамамен 100 миллиард теңге көлемінде қаржы қарастырылатындығын айтып отыр.

Сонымен, қазақстандық сарапшылардың айтуынша, билік қолда бар ресурстардың барлығын пайдалана отырып, халықтың көңілінен шығуға, оппозицияның тіліне тиек болатындай кемшіліктерді азайта түсуге бағыт ұстануда.
XS
SM
MD
LG