Accessibility links

Бәйменов бастаған «Ақ жол» партиясы енді коррупциямен күреспекші


Қазақстанда коррупцияға қарсы күрес жөніндегі тағы бір қоғамдық комитет құрылды. Бұл туралы көкектің 6-күні Алматыда Әлихан Бәйменов бастаған «Ақ жол» партиясының мүшелері жария етті.

Әлихан Бәйменов бастаған "ақжолдықтар" Қазақстандағы сыбайласқан жемқорлыққа күрес жариялап отыр. Жаңадан құрылған қоғамдық комитетке мүше болғандар арасында Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті мен полицияның отставкадағы генералдары мен заңгерлер бар.

- Біз жемқорлықтың елді жегідей жеп, мемлекет қауіпсіздігіне қатер болатындай деңгейге жеткенін ескере отырып, партияның соңғы құрылтайында коррупциямен күресу жөнінде қоғамдық комитет құру туралы шешім қабылдадық. Жақын күндері осы қоғамдық комитеттің құрылтай-мәжілісі болып өтті. Қоғамдық комитеттің құрамына партия мүшелері, заң саласында тәжірибесі бар мамандар енді, - деді Әлихан Бәйменов.

Коррупцияға қарсы күрес жөніндегі комитеттің алға қойған мақсаты көп. Бәйменовтің айтуынша, елдегі сыбайласқан жемқорлық одан әрі асқынбауы үшін, олар қолынан келгеннің барлығын жасамақ көрінеді:

- Біріншіден, сыбайласқан жемқорлық мәселесі бойынша, қоғамдық бақылау орнату. Екіншіден, осы мәселе бойынша, қоғамдық тексерістер жүргізу. Үшіншіден, қоғамда жемқорлыққа шыдамсыздық, төзімсіздік ахуалын қалыптастыру. Төртіншіден, осы коррупциямен күресетін органдардың өзіне қоғамдық бақылау орнату, сонымен қатар, осы саладағы құқықтық негіздерді жетілдіру керек.

«Ақжолдықтардың» мұндай қадамын халықаралық «Трансперенси Қазақстан» ұйымының жетекшісі Сергей Злотников та қолдап отыр:

- Әрине, біз кез-келген партияның мұндай қадамын қолдаймыз, егер олар бұл жұмысын нәтижелі атқарып, қорытынды шығарса. Кейде саяси партиялар мұндай қадамға саяси ұпай жинау үшін барады. Егер ақжолдықтар саяси ұпай жинау үшін емес, нақты жұмыс істейміз десе, біз оларды қолдаймыз.

Бұған дейін Қазақстанда құрылған «Коррупцияға қарсы күресетін халықаралық қоғамдық комиссия» жетекшісі Заманбек Нұрқаділов те елде осындай тағы бір ұйымның пайда болғанын қуаттап отыр. Сәрсенбі күні Азаттық радиосына айтқан пікірінде Нұрқаділов «Ақ жол» партиясының жаңа қадамын қолдауға өзінің дайын екенін білдірді:

- Нәтижелі түрде жұмыс істейтін болса, әрине, олармен бірігіп жұмыс істейміз. 10-15 ұйым бөлек-бөлек жұмыс істегенше, олардың барлығының жұмысын неге біріктірмеске? Олар менімен хабарласады деп ойлаймын, олай болатын болса, мен оларды қолдауға дайынмын.

Коррупцияға қарсы күресеміз деген қазақстандық саясаткерлердің әрекетін қарапайым қазақстандықтар әртүрлі бағалайды. «Азаттық» радиосына өз пікірін білдірген алматылықтардың ой мынадай:

- Әрине, олардың күші болса, мен сенер едім, бірақ, қазіргі кезде бұл мәселе шешімін таппайды. Себебі, коррупция біздің қанымызға сіңіп кеткен.

- Мен бұған күмәнмен қараймын, бұл мәселе шешімін табады деп ойламаймын, өйткені, көптеген әлем мемлекеті сыбайласқан жемқорлық шырмауығына байланып отыр.

- Қазақстанда коррупция мафиямен бірдей, оны жою мүмкін емес, коррупция болған және бола береді!..

Сыбайласқан жемқорлықпен күресу мақсатында жаңадан дүниеге келген қоғамдық комитет құрамында кезінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ішкі істер министрлігінде қызмет атқарған, ал қазірде отставкадағы генералдар мен заңгерлер де бар. Коррупцияға байланысты қолдарында бірталай деректер бар екенін айтқанымен, оның қандай, кімге қатысты екенін әзірге ашпай отырған олар, таяу болашақта ол істер жайлы жұртшылықты хабардар етеміз деп уәде беріп отыр.
XS
SM
MD
LG