Accessibility links

Петропавлда Абылайхан мұражай кешені салынбақ


Қазақтың ұлы ханы Абылайдың ат жалын тартып мінген жері, хан болып ел билеген жері - солтүстік өңірде Абылайхан мұражайы кешенін салу жоспарланып отыр. Бұған керекті мөлшерде қаржы бөлу 2006 жылғы республикалық бюджетті қарау барысында шешімін таппақ.

Қазақстанның Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің тарихи-мәдени мұра департаменті директорының орынбасары Базарбай Еркебайұлының Азаттық радиосына айтуынша, республикалық бюджет комиссиясына Мәдени мұра мемлекеттік бағдарламасы аясында Петропавл қаласында Абылайхан мұражайы кешенін салуға 115 млн теңге бөлу туралы ұсыныс айтылған.

- 2006 жылғы республикалық бюджет комиссиясының құрамындағы шенеуніктер Абылайхан мұражайы кешенін салу қажет деп тапса, қаржы бөлініп, жоспарымыз іске асады деп үміт артып отырмыз. Ал егер ол қажет емес, өйту керек, бүйту керек десе, онда ол мәселе шешімін таппайды, - дейді Базарбай Еркебайұлы.

Солтүстік Қазақстан облыстық Мәдениет басқармасының мәдени мұра бөлімінің бастығы Людмила Сорокотягоның айтуынша, Петропавл қаласының орталығында орналасқан, 1829 жылы салынған әскери госпитальдің ғимараты қайта жөндеуден өткізіліп, қосымша құрылыс салынып, осы жерден Абылайхан мұражайының кешені бой көтереді деп жоспарланып отыр.

Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің этно-мәдени ғылыми зерттеу орталығының жетекшісі Зарқын Тайшыбай бұл тек Абылайхан мұражайы ғана емес, Абылайтану ғылыми-зерттеу институты болып ашылуы керек деген пікір айтады:

- Бұл - тарихтың өзі сұрап тұрған нәрсе. Абылайханның өмірінің елу жылы осы солтүстік Қазақстан өңірімен байланысты. Абылайхан орыс патшасымен, Бейжіңмен, Иранмен елшілері арқылы байланысында Қызылжардан, Есілдің бойынан жазып отырмын деп хат жолдаған. Менің ойымша, Абылайхан туралы, он сегізінші ғасырдағы қазақ халқының тарихын тереңірек зерттеу үшін бұл үлкен танымды Абылайтану ғылыми-зерттеу институты болып ашылуы керек.

Абылайхан кітабының авторы Зарқын Тайшыбай Абылайхан мұражайы кешенін салу үшін ол туралы барлық қажетті деректерді жинап алған жөн дейді.

- Абылайхан мұражайын ашу үшін Абылаймен байланысты барлық құжатты жинап алу біздің міндетіміз. Абылаймен байланысты жер атауларын, Абылаймен үзеңгілес болған қазақтың көсемдері туралы құжаттарды жинау қажет.

Қазақстанның Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің тарихи-мәдени мұра департаменті директорының орынбасары Базарбай Еркебайұлының айтуынша, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Ақмола облысының Бурабай курортында «Абылайхан ордасы» деген атаумен этно-мәдени кешенін ашу жоспарланып отыр. Бұл жоба 2007 жылдан бастап іске асырыла бастамақшы.
XS
SM
MD
LG