Accessibility links

Мәжіліс ҰҚШҰ елдерінің әскери нысандарын пайдалану туралы заң жобасын мақұлдады

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ

Көкектің 6-сы күні парламент мәжілісі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің аумақтарын жедел жабдықтау, әскери инфрақұрылым обьектілерін бірлесіп пайдалану туралы келісімді бекітуге арналған заң жобасын мақұлдады.

Қорғаныс министрінің орынбасары Абай Тасболатов аталған құжаттың маңыздылығы осында деп отыр. Ал, мұндай келісімге өткен жылы маусымның 18-інде Астанада қол қойылыпты. Алайда, кейбір депутаттар шекаралас жатқан мемлекеттермен ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қол қойғанымен, қарым-қатынасымыз кейінгі уақытта шиеленісіп бара жатқан сияқты деген пікір айтты. Депутаттар шекаралық аймақтардағы өзге де мәселелерді көтерді.

Қазақстан қорғаныс министрінің орынбасары Абай Тасболатовтың айтуынша, мұндай келісімге қол қою 1992 жылғы мамырдың 15-індегі ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың жалғасы болып табылады.

- Келісімді бекіту ұлттық және өңірлік қауіпсіздікке дер кезінде жауап беруге кең мүмкіндіктер ашады, - дейді қорғаныс вице-министрі Тасболатов.

Депутаттар одан аталған құжатта Қазақстан өңіріндегі қай әскери инфрақұрылым туралы сөз болып отырғаны жөнінде сұрады. Алайда, Абай Тасболатов бұл келешекке қатысты мәселелер деп жауап берді.

Депутат Оңалбай Аяшев көрші елдермен бірлесе отырып қорғану туралы шартқа қол қоямыз да, іс жүзінде бір-біріміздің азаматтарымызды атып жатырмыз дегенді айтты. Абай Тасболатов болса бұл мәселе басқа құзырлы министрліктерге қатысты деп отыр.

Ал, депутат Ермұханбет Омаров шекаралық аймақтардағы әскери бөлімшелер мен полигондарға қатысты мәселені сұрады. Оның айтуынша, Қытай мемлекеті Қазақстан жағына әскери бөлімдерді, полигондардың барлығын шекарадан 100 шақырым жерге апару жөнінде мәселе қойған. Абай Тасболатовтың айтуынша, бұл мәселеде тиісті жұмыстар жасалып жатқан көрінеді.
XS
SM
MD
LG