Accessibility links

Баспасөзге шолу. 7 сәуір 2005 жыл

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Бейсенбілік газеттерде Доу-Джонс ақпарат агенттігі журналистерінің тәжірибелі заңгерлерге Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа пара берген деген күдікке байланысты Джеймс Гиффеннің жаңа адвокатының стратегиясының қаншалықты пәрменді болатындығын анықтап беру үшін сұрау салғандығы айтылыпты. Қазақстандық-британдық “Эйр Астана” әуе компаниясы төңірегінде қалыптасқан ахуал да бүгінгі басылымдарда сөз болған.

“Свобода слова” басылымында жарық көрген “Еуразия” интернет-парақшасынан көшіріліп басылған мақалада Доу-Джонс ақпарат агенттігі журналистерінің тәжірибелі заңгерлерге Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа пара берген деген күдікке байланысты Джеймс Гиффеннің жаңа адвокатының стратегиясының қаншалықты пәрменді болатындығын анықтап беру үшін сұрау салғандығы туралы ақпарат беріліпті.

Мақала авторының айтуынша, бұрын-соңды Джеймс Гиффеннің адвокаттары Нұрсұлтан Назарбаевтың есеп-шотына аударылған ақшалар президенттің тапсырысымен жасалды дегенді айтып келген. Ал, өткен жылдың ортасынан бастап Гиффеннің адвокаттары Джеймс Гиффен расында да Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты коррупцияға итермеледі және ол бұның бәрін американдық биліктің тапсырысымен Америка Құрама Штаттарының мүддесі үшін жасады деп мәлімдей бастаған.

Сондай-ақ, Джеймс Гиффеннің адвокаттары Гиффеннің Қазақстанның Солтүстік Корея мен Иранға қару-жарақ сатуына жол бергізбегендігін де айтып отыр. Мақала авторының айтуынша, осындай мәлімдемелерден кейін судья Паули “Қазақгейт” ісін жүргізіп отырған үкіметтің арнайы қызметіне Нұрсұлтан Назарбаевтан алынып тұрған құпия мәліметтерді растайтын құжаттарды тексеруге берген.

Ал, “Доу-Джонс” ақпарат агенттігіне берген сұхбатында прокурор Вайнштейн қорғаушылардың құрып отырған стратегиясының өте әлсіз және Джеймс Гиффеннің басын арашалап қалуға кепілдік бере алмайтындығына сенімді екендігін білдіріпті.

Саясаттанушы Нұрболат Масанов болса “Свобода слова” басылымына берген сұхбатында “Қазақгейттің” шын мәнісінде бүкіл әлемге Қазақстандағы авторитарлық режимнің бет-бейнесін көрсетіп бергендігін айтыпты. Оның пікірінше, дәл қазіргі уақытта Батыс Қазақстан билігінде коррупцияға белшесінен батқандардың отырғандығын анық біледі.

“Жұма таймс/Дата недели” апталығында жарық көрген Алматы қаласының зейнеткері Уатқан Жарқынбайұлы редакцияға жолдаған хатында “Қазақгейтке” Балғымбаев тікелей кінәлі болса, Назарбаевтың ақ жолдан таюына бірден-бір себепкер болса Қазақстанның бас прокуратурасы неге қылмыстық іс қозғамайды деген сауал қойыпты.

“Сөз” газетінде жарық көрген “Қазақгейт кімді қызықтырады” атты Қазис Тоғызбаевтың мақаласында таяуда журналистермен болған кездесуде Америка Құрама Штаттарының Қазақстандағы елшісі Джон Ордвейдің “Қазақгейтке” байланысты қойылған сауалға қатысты американдықтарды Қазақстанның лауазымы жоғары басшыларының ішінен бұл іске кімдердің қатысы бар екендігі қызықтырмайтындығы, бұл істің американдық азамат Джеймс Гиффенге қатысты жүргізіліп жатқандығын сөз қылғандығын мысалға келтіріпті.

Мақала авторының айтуынша осы оқиғадан кейін кейбір басылымдарда Америка Құрама Штаттарының Назарбаев режимін ұзартып жатқандығы туралы мақалалар жарық көре бастаған. Осыған орай мақала авторы келешекте қазақстандық оппозиция Батыспен емес, керісінше, Ресеймен қарым-қатынасын жақсарта түседі деген қорытынды жасапты. Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, бүгінгі таңда Ресей президенті Владимир Путин ендігі уақытта посткеңестік кеңістіктегі ескірген режимге арқа сүймейтіндігін аңғартып отыр.

Қазақстандық-британдық “Эйр Астана” әуе компаниясы төңірегінде қалыптасқан ахуал да бейсенбі күні жарық көрген басылымдардың баса назар аударған негізгі тақырыптарының біріне айналыпты. “МК в Казахстане” басылымында жарық көрген Сағи Оспановтың мақаласында соңғы кездері “Эйр Астана” әуе компаниясы жұмысының парламентте қатты сынға алынып жатқандығы хабарланыпты.

Осыған орай мақала авторы көптеген мәжіліс депутаттарының қазіргі уақытта “Эйр Астана” компаниясының жұмысына разы еместігін мысалға келтіріпті. Алайда мақала авторының айтуынша, дәл қазіргі уақытта қарапайым қазақстандықтарды қатты қобалжытып отырған басқа да мәселелер бар.

“Время” газеті болса “Эйр-Астана” әуе компаниясының мүддесі үшін халықаралық әуе рейстері енді тек Астанадан ғана ұшатындығын айта келіп, аталмыш компанияда қызмет істеп, болып жатқан жағдайдың бәрін баяндап Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазғаны үшін жұмыстан босатылған Тоты Әміровамен жүргізілген сұхбат жарық көріпті.

Газет тілшісіне берген сұхбатында Тоты Әмірова “Эйр Астана” компаниясында қазіргі уақытта жоғары дәрежелі ұшқыш мамандардың жұмыстан босатылып, олардың орнына шет елдік мамандардың жұмысқа алынып жатқандығын әңгімелеп беріпті. Сондай-ақ, Тоты Әмірованың айтуынша, дәл қазіргі уақытта Қазақстандағы “Боинг” ұшақтарының көбісі ескірген, тіпті көптеген ұшақтардың қосалқы бөлшектерін сатып алу мүмкін емес.
XS
SM
MD
LG